• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

ЕҚЫҰ ЖӘНЕ ИСЛАМ ӘЛЕМІ

656 рет
көрсетілді

Өткен аптада ЕҚЫҰ-ның Ве­надағы штаб-пәтерінде қазақ­стан­­дық төрағалығының шақы­руымен Ислам Конфе­ренциясы Ұйымының Бас хат­шысы Екме­ле­ддин Ихсаноглу құрметті қонақ болып, Тұ­рақты кеңес мүшелері алдын­да сөз сөйледі.

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.

Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2005 жылы Ихсаноглу мырза ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінде сөз сөйлеген болатын. Содан бері ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы үн­қатысу ұдайы жүргізіліп келеді. Екі ұйым ынтымақтастығы негізінен толеранттылық пен кемсітпеушілік саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасуды, ал соңғы уақытта сай­лауды бақылау және адам құқығы мәселелерін де қамтитын болды. Ихсаноглу мырза мен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бри­шам­бо өзара мезгіз-мезгіл бай­ланыс жасап тұрады. Құрметті мейманды таныс­тыра отырып, Тұрақты кеңес мә­жілісін ашқан елші Қайрат Әбді­рахманов ЕҚЫҰ-ның Демокра­тия­лық институттар мен адам құқықтары бюросының ИКҰ Хат­шылығымен арасындағы же­місті тәжірибе алмасуларын ай­рық­ша атап өтті. ЕҚЫҰ ИКҰ құ­рамындағы Адам құқығы жөнін­дегі Тәуелсіз тұрақты комис­сия­ның құрылуына және басқа да мә­селелерге бай­ла­нысты өз сарап­шылық тәжірибе­сі­мен бө­лісуге әзір екенін айтты. Өзара қажетті ынтымақтастық салаларының бірі терроризммен күрес болып табылады. 2001 жылы қабылданған Терроризммен күресу жөніндегі ЕҚЫҰ-ның Бухаресттік Іс-қимыл жоспарында, ұйым ЕҚЫҰ-дан тысқары аймақтық құ­рылымдармен, солардың ішінде ИКҰ-мен үнқатысуды кеңейтуге шақырды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мем­ле­кет­тің сегізі және әріптес 12 мем­лекеттің алтауы ИКҰ-ға мүше бо­лып табылады екен. Бұл жәйт екі ұйымды айрықша түйістіріп, өзара іс-қимылға қосымша негіз береді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, ал 2011 жылы ИКҰ-ға төрағалық ететін Қазақстан екі ұйым арасындағы үнқатысуды терең­детуге әзір. Сөзін бастай отырып, Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы екі халықаралық ұйым­ның мақсаттары мен міндет­терін­дегі аса айырмашылықтарының жоқ екенін аңғартты. Екі құры­лым жұмысы халықаралық бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті нығай­туға бағыт­талған. Сондықтан да өзара тиімді іс-қимыл мен кон­сультацияларды жан-жақты жан­дандыру қажет. ЕҚЫҰ, ал кейін ИКҰ-ға төраға­лық ететін Қа­зақ­стан екі ұйым арасын жақын­дас­тыратын мұрат қалдыратынына сенім білдірді. Былтырғы жылы өзінің 40 жылдық мерейтойын атаған Ислам Конференциясы Ұйымы бүгінгі күні 57 мүше мемлекеті және 5 бақылаушысы бар, жаһан­дық бейбітшілік, тұрақ­тылық, үйлесімділік, қауіпсіздік және да­муды қамтамасыз етуді көздейтін белсенді халықаралық құрылым болып табылады. ХХІ ғасырға аяқ басқан ұйым өз қызметінде байсалдылық пен жаңарту қағи­да­ларын басшы­лыққа алған. Бұлар ИКҰ-ның Онжылдық іс-әрекет бағдарла­масы және Жаңа ИКҰ хартиясы атты екі құжатта жан-жақты баяндалған. Атап көрсетілген Онжылдық бағдарламаның мақсаттары тер­роризммен және экстремизммен күрес; тәуелсіз және егемен Па­лес­тина мемлекетін құру арқылы Палестина мәселесінің әділетті әрі тиянақты шешімін іздестіру; адам құқықтарын құрметтеу және са­палы мемлекеттік басқару; жан­жал­дарды болдырмау, жанжал­дар­ды реттеу және жанжалдан кейінгі бейбіт өмірді орнату; экономи­ка­лық даму; климаттың өзгеруі, жа­һандық жылыну және басқа да экологиялық мәселелердің шеші­мін табу; әлеуметтік мәселелер, со­лардың ішінде білім беру, әйел­дер, жастар мен балалар дамуы сияқты проблемаларды қамтиды. Құжат сонымен қатар өркениеттер арасындағы үнқатысуды жүргізу, соның аясында діни төзімсіздік­пен, әсіресе исламофобиямен күре­суді басым міндет ретінде айқындайды. ИКҰ жанжалдарды, солардың ішінде Палестина, Ауғанстан, Сомали, Дарфур және Ирак жан- жалдарын реттеу бойынша баста­малардың көбісіне қатыстырыл­ған. Ихсаноглу мырза Палес­тинадағы жанжалдың жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төндіретін ең өткір қауіп екенін айрықша атап өтті. Алпыс жылдан астам шеші­мін таппай келе жатқан жанжал халықара­лық, соның ішінде ислам қоғам­дастығын айрықша алаң­да­туда. Өз кезегінде ИКҰ тәуелсіз, демо­кратиялық, үздіксіз әрі өмір­шең Палестина мемлекеті бар екі елді көздейтін шешімге бағыт­талған жұмысты жалғастырмақ. Ихсаноглу мырза жоғарыда айтылған ИКҰ-ның Адам құқығы жөніндегі Тәуелсіз тұрақты комис­сиясының құрылғаны және оның жақын арада қызметке кірісетіні туралы хабардар етті. Құрамына көрнекті заңгерлер мен адам құ­қық­тары саласындағы сарапшы­лар, барлығы 18 мүше кіреді. Ко­мис­сия толығымен тәуелсіз жұмыс атқарады, сонымен қатар БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі ке­ңесі, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы тәрізді халық­аралық ұйымдардың ең үздік тә­жірибелерін енгізеді. ИКҰ Бас хатшысы сөйлеген сөзінің орасан бөлігін Еуропадағы діни толеранттылық саласындағы өткір проблемаларға арнады, әсіресе исламофобияның өрбуі қаупіне баса назар аудартты. ИКҰ діни ұйым болып табылмаса да, оның мұсылман әлемінің ұжым­дық дауысын қалыптастыруға ман­даты бар. Экстремистік элементтер дінді халықаралық қатынастардың күн тәртібіне шығарып, қоқан-лоққы мен өштестіру арқылы тұ­рақтылық пен келісімге қауіп төн­діруде. ИКҰ Бас хатшысы бұл проб­леманы ЕҚЫҰ қазіргі төраға­сының мұсылмандарға қатысты төзімсіздікке және кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметовпен және Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының ди­рек­торы Янеш Ленарчичпен бір­не­ше мәрте талқылаған болатын. Исламофобияның өрлеуі, сондай-ақ мұсылмандарға қатысты төзім­сіздік пен кемсітушілік әсіресе Еуропада орын алып отыр, деді ол. Мұндай феномен адам құқығы мен дін ұстанушылардың намы­сын жәбірлейді. Қазақстанның ЕҚЫҰ төраға­лы­ғы ұранындағы төрт Т-ның бірі “толеранттылық” екені мәлім. Осыған орай 29-30 мау­сымда Астанада болатын Толе­рант­тылық пен кемсітпеушілік жөніндегі Жоғары деңгейлік конференция шақырылады және оның аясында исламофобия мен басқа да қоғамдық дерттер талқыланбақ. ­­­Ихсаноглу мырза ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ның нақты нәтижеге бағыт­талған күш-жігерін біріктіруге шақырды. Бірлескен жұмыс адам­дарды діні мен тегіне бөлмей, олар­дың азаматтық, саяси, эконо­микалық, әлеуметтік, мәдени құ­қықтарын құрметтеу және төзім­ділік мәдениетін дамытуға бағыт­талуы тиіс, деді ол. ­Өз сөзін ЕҚЫҰ-ға келген құр­мет­ті мейман мынандай араб мақа­лымен аяқтады: “Төрт нәрсе екі айналып келмейді, олар: ай­тылған сөз, атылған оқ, өткен өмір және пайдаланбаған мүмкіндік”. Төзімсіздікпен күресуге бар мүмкіндікті пайдалану – келер ұрпақ алдындағы парыз, деп сөзін түйді Бас хатшы.