Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 3,7 мың көпбалалы ана бар. Соның ішінде 196-сы Кеңес кезінің «Батыр ана» атағын алған. Ал аналарға арналған қазақстандық ең жоғары марапат «Алтын алқаны» иеленгендер саны – 1,2 мың. Бұл – жетіден көп бала өсіріп, тәрбиелегендер. Ал алты бала өсіргендерге берілетін «Күміс алқаны» 2 мыңнан астам ана иеленген.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аналар мерекесі қарсаңында 7 баланың анасы Инеш Жанайдарова, Анна Әбішева және Ирина Исаеваға «Алтын алқа» тапсырды. Ал 6 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Анар Амантаева мен Гүлбаршын Ақтаева «Күміс алқа» алды. «Ана» сөзі – бәрімізге қасиетті ұғым. Әр адамның өмірінде ананың алар орны бөлек. Осы орайда көпбалалы аналар айрықша құрметке лайық. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпбалалы аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын. Өз өмірлерін бала тәрбиесіне арнап келе жатқан батыр аналарға бас иіп, алғыс айтамын» деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде 409 қыз-келіншек қызмет етеді. Олардан басқа 175 әйел адам ерікті жалдамалы қызметте. Офицерлердің ішінде 10-ы басшылық лауазымды атқаруда. Полиция департаментінің бастығы, полковник Айдын Қабдылдинов әйел қызметкерлерді 8 наурыз мейрамымен құттықтап: «Әр қызметкердің еңбегі ерекше бағалы. Әйелдер қолға алған жұмысын үнемі жауапкершілікпен атқарады. Табандылық пен шыдамдылықтың арқасында сіздер отбасының қамқорлығы мен полициядағы жауапкершілігі зор күрделі жұмысты қатар алып келесіздер», деді.
Осы күні 40-қа жуық қыз-келіншек ведомстволық медальдар, төсбелгілер, Құрмет грамоталары, Алғысхаттар алды. Әйел полицейлердің шығармашылық қабілеттерін көрсеткен музыкалық бейнероликтер, сондай-ақ барлық көрерменнің жүректерін елжіреткен аналар мен әжелер жайлы бейнероликтер залға жиналған қыз-келіншектерге ерекше көңіл күй сыйлады. Мерекеге арналған жиын полиция қызметкерлерінің балалары мен облыстық ПД Мәдени орталығының қызметкерлері өнер көрсеткен концертпен аяқталды.
Солтүстік Қазақстан облысы