ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қатты пайдалы қазбалардың барлық кен орындарына (уранды қоспағанда) тексеру жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар инвестицияны арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша міндеттемелерді орындау деңгейі төмен 148 келісімшарт анықталып, 31 келісімшартты және 3 лицензияны бұзу бойынша шаралар қабылданды.
Бұзылған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша кен орындары аукционға шығарылады. Тиісті ақпарат ҚР ИИДМ интернет ресурсында, сондай-ақ республикалық БАҚ-тарда жарияланады.
Тексеру барысында жаңа өндірістер құру бойынша қосымша міндеттемелер қабылдауға қатысты жүйелі түрде толық қаржыландырылмаған келісімшарттардың құқықтық мирасқорларына-инвесторларға ерекше назар аударылады.
Келісімшарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаудың мысалы ретінде «KAZSILICON «МК» ЖШС келтіруге болады. Бұл кәсіпорын осы айда жылдық қуаты 6 мың тонна болатын жоғары сапалы техникалық кремний өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құрап, зауытта 200 жұмыс орны ашылады. Өнім әлемнің 20-дан астам еліне экспортқа шығарылып, жоғары сапалы техникалық кремнийдің әлемдік нарығында жетекші орын алуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру кезінде қазақстандық қамту көлемі 80%-дан асады.
Қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын тексеру барысы ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында тұр.