• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Наурыз, 2022

Сотқа бермесе, субсидия төлемей ме?

219 рет
көрсетілді

Кейінгі он жылдықта елімізде құс шаруашылығының өнімдеріне деген сұраныс көбейген екен. Сәл арыдағы болжам бойынша отандық өндірістің өнімін, оның ішінде ет тұтынудың жылдық көрсеткіші 360-380 мың тоннаға дейін өсуге тиіс еді. Алайда ішкі нарықты қамту үлесі өткен жылы ғана 300 мың тоннаға әрең жеткен көрінеді. Яғни агроөнеркәсіп кешені құс етіне сұранысты өтеуге қабілетсіз. Дерекке сүйенсек, бұл бағыттағы жергілікті қамту 60 пайыз шамасында болса, импорт көлемі 40 пайызды құрап отыр.

Дегенмен құс шаруашылығын дамы­ту­ға батыл қадам жасап отырған өңір­лер бар. Алматы облысы сол қатарда. К­е­йін­гі кезеңде облыста құс етін өн­ді­ру­ге басымдық беріліп келеді. Соның нә­ти­жессінде Жетісуда сойылған тауық еті ішкі нарық көлемінің 32 пайызын құ­рап, өндірілген еттің көлемі 108,3 мың тоннаға жеткен. Қазір құс еті бойын­ша об­лыс халқы мен Алматы қаласы тұр­ғын­дарының қажеттілігі толығымен өтеледі. Аймақ өндірушілері мұнымен тоқтап қалмай, импортты толық алмастыру үшін өнім шығаруды 2 есеге арттыру міндетін мойындарына алып отыр. Осы мақсатта жалпы қуаты жылына 76 мың тонна, ал инвестиция көлемі 85 млрд теңге болатын екі құс фабрикасы іске қосылып және бір фабриканың өндірісі кеңейтілуде.

Жалпы, облыста құстың еті ғана емес, жұмыртқа өндірісі де даму жолына түскен. Ел бойынша жұмыртқа өнді­ру­шілердің үздік бестігіне кіретін Алматы облысы былтыр 70 млн дана өнім­ді нарыққа жөнелткен. Яғни облыс­тағы тауық фермаларының жұмысы­на жан біткені көрініп тұр. Мысалы, Іле ауданындағы «НаурызАгро» компан­ия­сы­­ның өзі жылына 32 млн дана инку­бациялық жұмыртқа шығарады. Рас, бұл көрсеткіштердің бәрі ішкі нарықтағы сұранысты толық өтеуге де жетпейді. Өйткені жұмыртқаға деген сұраныс жыл сайын 3 млрд данаға дейін жетеді. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері отандық өндіріс 370 млн дана жұмыртқа дайындаған. Бірақ бұл өт­кен жылға қарағанда 20 пайызға аз. Деген­мен жоқтан жақсы. Сүйінерлігі, бұған жетісулық кәсіпорындар да үлес қосып отыр. Оның үстіне аймақта құс етін өндіруді ынталандырудың барлық шарасы жасалуда. Соның ішінде дайын өнімге төленетін субсидия да бар.

Өкінішке қарай, мемлекеттің ұста­ны­­мы мен қолдау саясаты дұрыс бол­ғаны­мен, жергілікті атқарушы органдар тара­пынан кедергілер жиі кездеседі. Осы­н­дай жағдай аймақтағы «Алсад Қазақ­стан» құс фабрикасына қатысты. Мәсе­ленің мәнісі былай: 2020 жылдың жел­тоқсан айында Алматы облысының маман­дан­дырылған ауданаралық әкімшілік соты кәсіпорынның облыстық ауыл ша­руа­шы­лығы басқармасының үстінен жаз­ған талап-арызын қанағаттандырады. Яғ­ни сот мемлекеттік органға тағамдық тауық жұмыртқасы өндірісінің құнын арзан­датуға тиісті субсидияларды төлеуді мін­деттейді. Алайда облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы соттың шеші­мін бүгінге дейін орындамай келіп­ті. Аны­ғында, мемлекеттік орган арыздану­шы­ның өтінімін қабылдап, бірақ тиісті қаржыландыру жасамаған. Ал отандық тауар өндіруші болса тағамдық тауық жұмыртқасы өндірісінің құнын арзандату үшін төленетін субсидияға жалпы сомасы 22 463 823 теңгеге өтінім берген көрінеді. Ең қызығы, «Алсад Қазақстан» құс фабрикасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармсына 2020 жылдың маусымында 43 өтінім, 2020 жылдың шілдесінде 64 өтінім, 2020 жылдың тамызында 11 өтінім беріп, ешбір жауап алмаған-мыс. Ал биыл кәсіпорын басқарманы тағы да сотқа беріпті. Нәтижесінде, сот облыстық басқарманың әрекетін заңсыз деп танып, бір ай мерзім ішінде субсидиялауға өтінімдер қабылдауды және компанияға 14,5 мың теңге төленген мемлекеттік бажды қайтаруды міндеттеді.

– Кәсіпкер субсидиялау қағидаларын­да көзделген барлық талапты орындады, осыған байланысты өтінімдер қа­был­­данып, тіркелуі керек. Тиісті айға ар­налған қаржыландыру жоспарын­да көзделген бюджет қаражатының кө­лемі­нен асатын өтінімдер бойынша суб­си­дияны төлеу уақыты келесі айда, кезек бойынша өтінімнің келіп түс­кен мерзіміне байланысты жүзеге асы­ры­лады. Сондықтан мемлекеттік ор­ган­ның өтініштерді қабылдаудан бас тарту әрекетін заңсыз деп санаймыз. Өйткені өтінімдерді қабылдаудан бас тартудың заңды негіздері жоқ, – дейді бұл жолғы сотта құс фабрикасының құқығын қорғаған облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Думан Керімбаев.

Айтпақшы, өткенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы субсидия мәселесін қатаң сынға алған болатын. Президенттің пайымдауынша, субсидия алып отырған шаруалардың ауыл ша­­руашылығы өнімдерін өңдеуге және сақ­­тауға аса құлқы жоқ. Себебі субсидия­лау жү­йесі шаруаларды ынталандырмай отыр. Ке­рі­сінше, кедергілердің көп болуы мем­­ле­кет тө­лейтін өтемақыға сұранысты азай­­тып, билік жүйесіне деген сенімді де әл­­сі­­ретуге негіз болғаны анық. Ал соң­­ғы бес жылда ауыл шаруашылығын да­мы­­туға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана шектелген. Оған ешқандай талдау жасалған жоқ. Қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр», деген Президент субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі жоқ екенін де атап өткен еді.

Яғни Мемлекет басшысының «Шаруа­лардың бұған наразылық білдіруі орынды. Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тап­сырамын. Бұл платформа шаруаларға тегін қызмет көрсетуі керек. Субсидия мем­лекет беретін міндетті төлем емес еке­нін әркім білуге тиіс. Бұл – шаруалар­ды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл» деп қадап айтқаны ел ішіндегі жағ­дайды оңалтуға тиіс. Бәлкім, сонда ғана шаруалар мен өнім иелерінің мемлекеттік мекемелермен соттасуы сап тыйылар?..

 

Алматы облысы