• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Наурыз, 2022

Оның есімі – Ана

298 рет
көрсетілді

Елімізде қазіргі таңда 450 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар. Олардың 60 пайызынан астамында төрт бала өсіп келеді. Ал 20 пайыздайында – бес, 6 пайызға жуығында жеті бала бар екен. Сегіз және одан да көп баласы бар отбасылардың үлесі 1 пайыздан әрең асады.

Көктем мерекесінде құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін көпбалалы аналардың санын білмек болып, бірнеше ведомствоға хабарласқан едік. Өкінішке қарай, құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген көпбалалы аналардың арна­йы есебі жүргізілмейді екен. Алайда кадр департаментіндегі мамандар қатар­ла­­рында төрт және одан да көп бала тәрбиелеп жүрген әріптес келіншектердің аз емес екенін мақтанышпен жеткізді. Рас, Қарулы Күштер қатарында қайсар қыз-келіншектер көп. Бүгінде Қазақстан армиясында 12 мыңнан аса әйел қыз­мет етеді. Оның 800-ге жуығы – офи­цер, 20-ның полковник әскери атағы бар, 5 мыңға жуығы – мемлекеттік қызметші.

Солардың бірі – елдіктің жүгін ер азаматтармен бірдей арқалап жүрген көпбалалы ана, Қорғаныс министрлігіне қа­расты Құрлық әскерлері Әскери инс­ти­ту­тының қызметкері, сержант Гүлмира Мамбетова. Гүлмира Тастан­бекқызы 2009 жылдан бері әскери оқу ордасындағы тактика кафедрасының бөлімше (оқу лабораториясының) басшысы лауазы­мын абыроймен атқарып келеді. Ал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы институттың басты мақсаты – еліміздің Қарулы Күш­те­рі, басқа да әскерлері мен әскери құра­лым­дарының қатарын ерік-жігері мықты, ба­тылдығы мен біліктілігі биік, табан­дылығы мен тапқырлығы тең, дене даяр­лығы өте жақсы офицерлермен толық­ты­ру.

Жауапты қызмет пен қоғамдық жұ­мыс­ты қатар алып жүрген сержант Мам­бе­това институттың әскери қызмет­ші­лерінің отбасылары және олардың балаларымен жұмысты ұйымдастыру секторын басқарады. Институттың әскери қызметшілерінің ұл-қыздарын түрлі мәдени, әскери-патриоттық іс-шараларға даярлап, өскелең ұрпаққа ұлтты сүюді, жеңіске жете білуді дәріптеп жүрген сержант Г.Мамбетова: «Әрине, әскери салада ер азаматтармен қатар қызмет атқа­рудың қиындығы мен қызығы көп. Бірақ қойылар әскери талап пен тәртіп бәрімізге бірдей», дейді.

Білімділігі мен зеректігінің, еңбек­қор­лығы мен жауапкершілігінің арқа­сын­да ортасында сый-құрметке ие болып, жауынгерлік дайындық бойынша алғы шептен көрініп жүрген Гүлмира Тастанбекқызы әскери қызметшілердің қатарындағы сержант ретінде институт басшылығының ғана емес, жоғарғы басшылықтың да ықыласына бөленіп келеді. Қызмет барысында талай әскери қызметшінің балаларын өнерге бау­­лып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге өзін­­­дік үлесін қосып келе жатқан сектор жетекшісі өз отбасында алтын асық­тай ұлы мен күміс қасықтай үш қы­зын өсі­ріп келеді. Сержант Мам­бето­ваның қыздары – Сандуғаш, Ұлдана мен Айдана институттың әскери қыз­метшілерінің талантты балаларынан құ­рылған «Жастар» вокалдық тобының құрамында өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленсе, ұлы Аян Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсу сайысының жеңімпазы, Қарағанды қаласында өткен «Айдаһар бел­беуі» атты турнирдің жүлдегері атан­ған.

«Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тағлымды сөз бар. Рас, әйел тек отбасының ұйытқысы емес, сондай-ақ барлық салада ерлермен бірдей жауапкершілікті арқалап, жұмыс істей­тін қоғамның қозғаушы әрі белсенді күші дер едім», дейді көпбалалы ана. «Әскери қызметте жүрсем де ана ретінде ең бірінші отбасының салмағы мен жауапкершілігін сезінемін. Өйткені бала тәрбиесін, отбасының бірлігі мен шаңырағының берекесін, үйдің тұрмыс-тіршілігін ата-бабамыз әрдайым жоғары қойған», деген ойын білдірген әскери қызметші әрбір ананың мақсаты – жүрегі елім деп соғатын азаматтардың санын көбейту деп санайды. «Болашақ офицерлерді даярлайтын оқу ордасында біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Сондағы көзімнің жеткені – ел қорғау дейтін қасиетті де жауапты қызметте әйел адамдардан гөрі ер азаматтардың саны көп болу керек. Бұл – бүгінгі уақыт пен заманның талабы. Сол себепті де Қарулы Күштер қатарына егемен еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын нағыз патриот жастарды тартуымыз қажет. Ол үшін әрбір отбасында өсіп келе жатқан бала бесігінен түзу тәрбие алып, биік мақсатты көздеп ержетуі қажет», дейді.

«Мен әскери қызметтегі көпбалалы аналардың бірімін. Солай бола тұра бала тәрбиесі мен әскери қызметті қатар қойғанда ең алдымен өзіме – аналық қамқорлығым мен махаббатыма арқа сүйедім. Өйткені бала тәрбиесінде, ұл мен қызыңның саналы, салиқалы болып өсуіне, тәрбиелі, бір-біріне бауырмал болуында ананың алар орны ерекше. Қайда жүрсем де, қандай жағдай болса да ұл-қызыма «үлкенді құрметте, кішіге сыйлы бол» деген аналық ақылымды айтудан жалыққан емеспін. Себебі қыздарымның инабатты, ал ұлымның жігерлі болып өскенін қалаймын», дейді ол. Бүгінде сержанттың екі қызы ұстаздық жолды таңдаса, ұлы болашағын спортпен байланыстырған.