Алматы облысының аграрлы аймақ екенін, өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлемі бойынша елімізде 1-орында тұрғанын мақтанышпен айтып келеміз. Алайда бұл жағдай облыста осы салаға қатысты мәселенің жоқ екенін білдірмесе керек. Керісінше, аграрлық саланы дамытуға қатысты кейбір өзекті проблеманың қордаланып қалғаны белгілі бола бастады.
Яғни жыл сайын кездесетін кедергілердің дер кезінде алдын алмаудың салдары нақты өнім мен табыстың артуына мүмкіндік бермей отыр. Мұндай көзқарас егін шарушылығына қатысты өткір айтылуда. Жалпы, өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірыңғай саясат қалыптаспаған. Оның ішінде бірқатар ауданда егістік дақылдардың тұқымын жақсартуға мән берілмейтіні анықталған. Сол сияқты, көктемгі дала жұмыстарының басталуына санаулы күн қалса да, минералды тыңайтқыштарға тиісті өтінім берілмеген. Жанар-жағармай қорын жинақтау жұмысы да нашар ұйымдастырылуда.
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 1 297 гектарға көбейіп, жалпы мөлшері 974 мың гектарға тұқым себіледі. Оның ішінде дәнді дақылдар 484 мың гектар және майлы дақылдар 132 мың гектар болмақ. Қажетті 202 мың тонна тұқым толығымен даярланды. Дегенмен, аудандарда тұқымдардың сортын жаңартуға аса мән берілмей келеді. Мысалы, Ақсу, Балқаш, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласының шаруашылықтарына жоғары репродукциялы тұқым алынбаған. Өкінішке қарай, облыстағы жиналған барлық тұқым қорының 10 мың тоннасы ғана аттестатталған субъектілердің өнімі болып отыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Сондай-ақ бүгінге дейін минералды тыңайтқыш сатып алуға Райымбек, Балқаш аудандары мүлдем өтінім бермесе, Жамбыл, Көксу, Ұйғыр, Ескелді, Ақсу аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары жоспарланған көлемнің 6 пайызын ғана алған. Шаруашылықтарда жанар-жағармайдың қажетті қорын қалыптастыру да толық деңгейде емес. Көктемгі дала жұмыстарына жұмылдыратын ауыл шаруашылығы техникасының да жағдайы мәз емес. Мысалы, бұған дейін облыстық бюджеттен 12,5 млрд теңге қаржы жұмсалып сатып алынған 1 331 бірлік техника аймақтағы 56 сервистік-дайындау орталығына шоғырланған болатын. Бүгінде олардың тек бесеуі тиімді жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 12 орталық өз міндеттемелерін орындамағандықтан, әкімдік олармен арадағы келісімшартты бұзған. Ал тағы 13 сервистік-дайындау орталығының мойнында 373 млн теңге лизинг қарызы бар.
– Аталған орталықтарды құрудағы негізгі мақсат шағын фермерлерге тікелей қызмет көрсету болатын. Алайда көбінің толыққанды жұмыс істемеуі ұсақ шаруалар арасында наразылық тудыруда. Сервистік дайындау орталықтары аудан, қала әкімдерінің өтінішімен құрылғанын ескерсек, әкімдер олардың жұмысын оңалтуда нақты шаралар қабылдауы қажет, – дейді бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Ә.Жақанбаев.
Аймақта су үнемдеу технологиясын қолдану, су каналдарын қалпына келтіру, мал азығы дақылдарының егістігін ұлғайту, ауыл тұрғындарының жайылымдық алқаптарға қажеттілігін қамтамасыз етуге қатысты да қордаланған мәселе бар. Әсіресе, егіс алқаптарын сумен қамтуға қатысты жағдай жақсарар емес. Соның кесірінен жазғы маусымда алқаптарға су жетпей, диқан мен шаруа еккен дәнінен лайықты өнім ала алмаған оқиғалар жыл сайын қайталануда. Дерекке сүйенсек, «Қазсушар» мекемесінің Алматы филиалы былтыр жалпы көлемі 134,4 мың гектарды суару үшін шаруа қожалықтарымен 7 866 келісімшарт жасасқан. Яғни 133,1 мың гектарға 1 065 470 текше метр көлемде су жеткізген. Қызығы, биыл да осы шамада су беру жоспарланып отыр. Яғни егістік көлемінің ұлғаюы мен дәнді дақылдар егістігінің өзгеріске ұшырауына қатысты факторлар ескерусіз қалғаны жауапты адамдарды ойландырмаған.
– Біз ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің 4-5 есеге өсуін қамтамасыз ету үшін суармалы жерлердің аумағын арттыру қажет деп санаймыз. Әрине, ауа райының қолайсыздығына, құрғақшылыққа байланысты шығынның болуы әбден мүмкін. Мысалы, былтыр қант қызылшасынан 180 мың тонна өнім алдық. Ал Ақсу және Көксу қант зауыттарының қуаттылығы – 800 мың тонна. Сондықтан 180 мың тонна екі зауыт үшін аздық ететіні белгілі. Сол үшін биыл өнім мөлшерін 200 мың тоннаға жеткізуді ойластырып отырмыз. Оның өзі бір зауытты толық қамтамасыз етуге жетпейді. Екінші зауыт қамыс құрағынан қант өндіруге мәжбүр болады. Осыған орай, облыстағы суару жүйелерін қалпына келтіріп, егістік жерлердің ауқымын тағы 10-15 мың гектарға ұлғайтуды ойластырудамыз. Бұл қант қызылшасының өнімін 500 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, қант қызылшасының түсімі мол тұқымын алып, себу керек. Себебі, қазір облыс диқандары сеуіп жатқан тұқым гектарына 100 центнерден төмен өнім береді. Бұл – тиімсіз. Зауыттар қабылдаған қызылшаның килосына төлейтін 28 теңгенің 15 теңгесі бюджет есебінен субсидияланады. Сол себепті суармалы жерлердің ауқымын ұлғайту біртіндеп жүзеге асырылуы тиіс. Сонда ғана қант қызылшасынан түсетін табыс арта түседі, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Облыстың агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндігі Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті. Алайда жұмыстың дұрыс жолға қойылмауынан мегаполис тұтынушылары ғана емес, өңірдің ішкі нарығы да сырттың тауарына тәуелді болып отырғаны жасырын емес. Мысалға, Алматы қаласы тұрғындарының қысқы маусымдағы сұранысын өтеу үшін 280 мың тонна картоп қажет. Ал облыстағы 53 қойманың сыйымдылығы 52,4 мың тонна ғана. Яғни қаланың қажеттілігі 37 пайызға ғана өтеледі деген сөз. Оның ішінде Алматы агломерациясына кіретін Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласында небәрі жалғыз қоймадан ғана бар. Өкінішке қарай, осы күнге дейін қала маңындағы аудандардың аумағынан азық-түлік пен көкөніс сақтайтын заманауи қоймаларды салуға көңіл бөлінбей келген.
Жалпы, Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға биыл 47 млрд теңге бюджет қаржысы бөлінген. Оның ішінде мал шаруашылығына – 21 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына – 6,7 млрд, инвестициялық субсидиялауға – 12 млрд, су шаруашылығына – 2,5 млрд теңге, қайта өндеу бағытын қолдауға – 2 млрд теңге және ауыл тұрғындарын несиелендіруге 3,6 млрд теңге қарастырылған екен. Ендігі мәселе осы қыруар қаржының мақсатты жұмсалуында болса керек. Бұл үшін аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұстаным «Аққу, шортан Һәм шаян» ертегісіндегідей болмауы тиіс.
Алматы облысы