Бүгінде еті – тағам, сүті – сусын, жүні – киім, терісі бұйым Шопан ата тұқымының қадірі тым төмендеп кетті. Терісі топыраққа көміліп, жүні жаппай өртеліп жатыр. Сүтін кәдеге жарататындар да некен-саяқ. Қойды тек еті үшін ұстап жүргендейміз. Шаруашылықтың бұл түрін дамытуға құзыретті органдар да мүдделі емес секілді. Әйтпесе...
Төрттен бір бөлігі ғана өңделеді
Әйтпесе, байырғы бабаларымыздың бағына айналған қой шаруашылығын бүгін де дамудың тың жолына айналдыратындай мүмкіндік мол. Еті мен сүтін айтпағанда, терісі мен жүнін өңдеп-ақ аста-төк табысқа кенелуге болады емес пе?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында атап өткендей, біз өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалана алмай келеміз. Шынында да, бұл саладағы жетістіктеріміз қомақты болса да, ішкі нарықтың мүмкіндіктері әлі толық ашылған жоқ. Мәселен, өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.
Осы орайда Президент қайта өңдеу өндірісін шикізатпен толық қамтуды тапсырған болатын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ, тоқыма өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударғаны да белгілі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі өткір тұр. Оның ішінде қой жүнін қайта өңдеу өте өзекті мәселеге айналды. Қор болған қой жүнін осы күнге дейін кәдеге жаратудың жолын таппай жүргеніміз өкінішті, әрине.
– Ауыл халқымен жиі жүздесеміз. Олар көтеретін көп мәселенің бірі – қойдың терісі мен жүнін қайта өңдеу. Өкінішке қарай, қолда бар қазынаны қор қылып жүрміз. Ауылдықтар жүн мен теріні қабылдайтын пункттер, тиісінше қайта өңдейтін кәсіпорындар көптеп ашылса дейді. Өте орынды. Оның үстіне қазір отандық тоқыма жүн өнімдерін өндірушілер шикізат тапшылығын бастан кешіріп отыр. Жүн өндірушілер қарапайым және тиімді технологияларға, сондай-ақ өндірілген шикізатты қайта өңдейтін бизнесті қолдау шараларына мұқтаж, – дейді Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев.
Депутаттың дерегінше, жыл сайын республикада 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Жүннің ең көп үлесі, яғни шамамен 56 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар, 4 пайызын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 40 пайызын шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар өндіреді. Өндірілетін барлық шикізаттың шамамен 70 пайызы Қазақстанда сұранысқа ие емес қылшықты және жартылай қылшықты жүн. Тек биязы және жартылай биязы жүн ғана өңделуге жатады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне зер салсақ, былтыр елімізде 40,4 мың тонна қой жүні өндірілген. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғары. Өндірілген жүннің 10,7 мың тоннасы немесе 26,5 пайызы өңдеуге жіберілген. 3 027,3 мың долларға 6,8 тонна жүн экспортталған. Қазақстанда өндірілген қой жүні негізінен Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттеріне жеткізілген. Сонда 29,7 мың тонна өнім немесе жалпы өндірілген жүннің 73,5 пайызы өңделмеген күйі қалып отыр. Яғни жүннің төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделеді де, қалған бөлігі кәдеге жаратылмайды.
Зауыттардың жүктемесі төмен
Қой жүні көп көлемде өндірілгенімен, ішкі нарықтағы сұраныстың 8 пайызы ғана қамтамасыз етілуде. Демек, бізде жүннен иірілген жіп пен жүн маталарының отандық өндірісі жоқ деген сөз. Жеңіл өнеркәсіп саласына жүргізілген талдау осындай картинаны көз алдымызға ұсынып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен сала сарапшыларының пікірінше, бұл жағдай дәстүрлі тоқыма өндірісінде пайдаланылмайтын қылшықты және жартылай қылшықты жүнді терең өңдеуге маманданған кәсіпорындардың жоқтығымен байланысты.
Сенатор Мұхтар Жұмағазиевтің айтуына қарағанда, ет өндіруге бағытталған аралас тұқымды қойлардың көп болуы қылшықты жүннің үлесін арттырып отыр. Ал бәсекеге қабілетті биязы және жартылай биязы жүннің көлемі азаюда.
– Елімізде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қой өсірумен айналысады. Ал жүн өңдейтін 13 зауыт қана бар. Оның төртеуі ғана жүнді қайта өңдеудің толық циклімен айналысады. Яғни таралған жүнді немесе дайын өнімді өндіре отырып, биязы жүнді қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Қалған кәсіпорындар – киізден және қылшықты жүннен илеп аяқкиім шығаратын фабрикалар. Демек, Қазақстанда жүннің терең өңделуі іс жүзінде тек киіз илеу өндірісімен ғана шектеледі, – дейді М.Жұмағазиев.
Осы орайда сенатор тағы бір қызықты деректің шетін шығарды. Оның айтуынша, жүн өңдейтін 13 зауыттың 7-еуі ғана нақты жұмыс істейді. Мәселен, былтыр сұраныс пен шикізаттың жоқтығынан жүн өңдейтін 6 кәсіпорын жұмыс істемепті. Қатардағы 7 кәсіпорынның жүктемесінің өзі тым төмен – 30 пайызға жетер-жетпес деңгейде.
– Қазақстанда тоқыма өнеркәсібінің 90 пайызға дейінгі өнімі импортталады. Бұл негізінен жүнді терең өңдеуден кейін жасалған өнімдер. Атап айтқанда, қосылған құны жоғары дайын өнімдер, иірілген жіптер, маталар, кілем бұйымдары. Ал жүннен жасалатын өнімдерді өзімізде өндіру үшін біздің кәсіпорындарға тиісті шикізат – биязы жүн жетіспейді, – дейді депутат.
М.Жұмағазиевтің пікіріне сүйенсек, Қазақстанда қой жүні мұнай тәрізді экспортқа бағытталған әлеуетті салаға айнала алады. Мәселен, Аустралия әлемдік нарыққа жүннің 1 килосын 18 доллардан өткізеді. Аталған мемлекет ондаған жылдар бойы әлемдегі жүн көлемінің шамамен 25 пайызын өндіріп келеді. Сонда жыл сайын 3 млрд доллардан астам сомаға өнім шығарып отыр.
– Отандық алыпсатарлар биязы қой жүнінің 1 килосын 100-150 теңгеден қабылдайды. Мұндай бағамен жүн тапсыру шаруаға тиімсіз. Қой қырқу науқаны кезінде шаруа жұмыскерді жалдау үшін қойдың бір басына шамамен 300-500 теңге жұмсайды. Осыдан кейін жүнді өткізу жолдарын іздестіреді. Соңында жүнді өртеп жібереді, – дейді сенатор.
Бір салаға екі министрлік жауапты
Қойдың жүні – жылытқыш. Оның микроқұрылымы ерекше. Сондықтан ол ауа өткізгіш, суыққа да, ыстыққа да төзімді қасиетке ие. Жоғары энергетикалық шығындарды талап етпейтін, өзіндік құны төмен экологиялық шикізат. Сол себепті оны құрылыс материалдары өндірісінде де пайдалануға болады. Осы тұрғыдан алғанда үлкен сұранысқа да ие.
– Қойдың жүні тоқыма өнеркәсібінен бөлек, құрылыс саласына да қолданылады. Әсіресе, шет мемлекеттер осыны тиімді пайдаланып отыр. Біз де қой жүнінен құрылыс материалдарын алу бағытына көшуіміз керек. Бұл елдегі құрылыс бағасын арзандатуға, тұрғын үй бағасын тұрақтандыруға аз да болса үлес қосар еді. Сондай-ақ қазір Ресейге салынған санкциялар жағдайында жүнді кәдеге жарататын жаңа өндіріс орындарын ашудың реті келіп тұр, – дейді депутат.
М.Жұмағазиев агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары жүнді тапсырушыларды да, инвесторларды да ынталандырмайтынын алға тартты. Инвестициялық субсидиялар инвесторларды қолдауға ықпалды себеп және маңызды құрал болар еді. Алайда сала мамандарының пікіріне қарағанда, негізгі проблема екі уәкілетті орган арасындағы өкілеттіктердің бөлінуінен туындап отыр.
Сөйтсек бұл салаға екі министрлік жауапты екен. Шикізат өндіру және тері мен жүнді бастапқы өңдеу мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына жатады. Ал тері мен жүнді терең өңдеу мәселелері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды.
– Осының салдарынан мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде іске асырылатын преференциялар мен мемлекеттік қолдау шаралары бірін-бірі толықтырмайды. Керісінше, кейбір мәселе бойынша белгілі бір қиындықтарды тудырып отыр. Тері мен жүнді терең өңдейтін жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту бойынша инвестициялық преференциялар алу мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес бүгінде инвесторлардың инвестициялық шығындарды субсидиялау құралын пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Аталған қолдау құралы тері мен жүнді бастапқы өңдеу кәсіпорындарына арналған инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтейтін субсидиялау қағидаларында көзделген, – дейді М.Жұмағазиев.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына аталған мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаған сенатор М.Жұмағазиев тері мен жүнді терең өңдеу жобаларын енгізу жөніндегі өкілеттіктерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне басы бүтін беру керек деп санайды. Сонда салаға бір ғана ведомство жауапты болады.
– Сондай-ақ инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының №10 «Тері мен жүнді бастапқы өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды құру және кеңейту» жобасының паспортына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Атап айтқанда, тері мен жүнді терең өңдеу жөніндегі өндірістерді құру және кеңейту жобаларын субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыру керек. Сонымен қатар жаңа шағын және орташа қуатты өндірістердің ашылуын, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту әрі жаңғыртуды ынталандыру мақсатында инвестициялық салымдарды өтеу үлесін ұлғайтып, өндірістік қуаттардың ең төменгі деңгейі бойынша талаптарды төмендету керек, – деді М.Жұмағазиев.
Бұдан бөлек қой шаруашылықтарынан және тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде тері мен жүнді қабылдайтын сервистік-дайындау пункттерін құру маңызды.