• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Наурыз, 2022

Қаңтар оқиғасы: ШОБ субъектілеріне 38,6 млрд теңгеге шығын келген

640 рет
көрсетілді

ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс пленарлық отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр биылғы қаңтар айында Қазақстанда орын алған оқиғалардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Үкімет жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік органдардың нысандарын қалпына келтіру және тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде еліміздің 8 өңірінде 42 мемлекеттік орган ғимаратына залал келтірілді. Бұл – Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары.

Р. Склярдың айтуынша, келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге 28 млрд теңге бағытталды.

«Барлық нысандарға техникалық тексеріс жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 28 ғимаратқа алдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарының қажеттілігі анықталды. Бүгінгі таңда 21 нысанда  жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, биылғы мамыр және маусым айларында қалған 2 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі», — деді бірінші вице-премьер.

Сонымен қатар күрделі жөндеу мен реконструкциялауды қажет ететін 14 мемлекеттік нысанда жұмыс жүргізіліп жатыр. Кестеге сәйкес 7 ғимаратта жұмыстар наурыз айында, 5 нысанда маусым айында аяқталады. 

«Едәуір келтірілген зақымды ескере отырып, Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» ТРК ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады деп күтілуде», — деп нақтылады Р. Скляр.

Бұған қоса, тәртіпсіздік барысында 1 630 ШОБ субъектісінің мүлкіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келген.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, Мемлекет басшысының кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Тәртіпсіздіктер салдарынан туындаған зардаптарды жою жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия осы жылғы 20 қаңтарда ШОБ субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу тетігін қабылдады.

Өтемақы жергілікті атқарушы орган жанындағы өңірлік комиссиялар келген залал көлемін құжат негізінде растағаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл орайда кәсіпкерлер фискалдық деректерге сүйене отырып, жеңілдетілген тәртіппен 10 млн теңгеге дейін ала алады.

«Төлемдер Үкіметтің резервінен, сондай-ақ жеке қорлар есебінен беріледі. Биылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1630 өтініштің 1 192-сін мақұлдады», — деп хабарлады Р. Скляр.

Қалған 438 кәсіпкер өтемақыны бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін алады.