Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты екіжақты, қарулы және саяси-идеологиялық соғыс деп атауға болады. Астарында экономикалық қызығушылықтың жатқаны да белгілі.
Тарас елінде қазба байлықтар мол. Олар әлемде марганец қорынан бірінші орында (әлемдік қордың 42%-ын құрайды), темір мен сынап (киновари) кенінен екінші орында (әлемдік қордың 10%-ын құрайды), қоңыр және таскөмір қорынан жетінші орында (әлемдік қордың 4%-ын құрайды), титан кені қорынан тоғызыншы (әлемдік қордың 2%-ын құрайды) және уран қорынан он бірінші орында (әлемдік қордың 2,2%-ын құрайды). Елде 300-ге жуық мұнай мен газ қоры табылған. Сонымен қатар Украинада тасты тұз, табиғи және сланц газының, алтын мен кәріптас (янтарь) пайдалы қазбалар кені ашылған. Бұл жерде жоғары сапалы гранит тасының әлемдік қорының 70%-ы, қара топырақтың 40%-ы орналасқан және шипалы минералды, термалды сулар бар. Міне, мұндай байлыққа қарсы жақ көз сұғын қадап отырғаны да анық.
Жалпы, әскери экономика қорғаныс өнеркәсібінің өндірісін күшейту, оны жабдықтау, әскерилерді киіндіру мен тамақтандыру, жаңа технология мен азаматтық қорғаныс, т.б шығындардан тұрады. Сондықтан әр ел өз әскерін ұстап тұруы үшін орасан зор қаражат бөледі. Мысалы, Ресейдің әскери бюджеті биыл 41 млрд долларды құраса, Украина бюджеті 7 млрд көлемінде, яғни ресейліктерден алты есеге аз. Бірақ Украинаға АҚШ, Еуродақ, Ұлыбритания қару-жарақпен қолдау көрсетіп жатыр.
Қай мемлекет болсын, қақтығысқа экономикалық тұрғыдан жақсы дайындықпен келеді. Ол үшін жеткілікті қару-жарақ пен оқ-дәрі, жанар-жағармай мен азық-түлік жеткілікті болуы шарт. Ал Ресей мемлекетінің әскери экономикасы салынып жатқан санкциялардың салмағына байланысты жібі жіңішкеріп, уақыт оза блицкриг операциясының мақсатына жете алмауы мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе – соғысқа қатысушы мемлекеттерді қолдайтын елдердің болуы. Өткен Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германия басқыншы болды да, КСРО өзінің Отанын қорғау соғысына кірісті. Екі мықты мемлекет – АҚШ пен Ұлыбритания фашистік Германияға қарсы шықты.
Соғыс басталған жылы КСРО мен Ұлыбританияның және Германия мен оның еуропалық одақтастарының ішкі жалпы өнімдерінің көлемі 1:1, яғни тең болатын. Өйткені ол кезде ағылшындардың әлсіреген кезі еді, оған АҚШ көмек қолын созды. Сөйтіп, олар бірлесіп екінші майдан ашып, Кеңес Одағы 1941 жылдың қараша айында ленд-лиз заңына сәйкес көмек ала бастады. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Кеңес Одағына сырт мемлекеттерден 13 млрд доллар көлемінде әскери көмек берілді, оның 11,3 млрд доллары АҚШ есебінен болды. Оған соғысқа ең керекті заттар алынды. Мысалы, 22 195 ұшақ, 427 мың студебеккер жүк көлігі, 1 900 паровоз, 11 мың вагон мен 622 мың тонна рельс. Сапалы бензин және 4 мұнай өңдеу зауыты берілді. 35 800 радиостанса, 5 899 қабылдағыш, миллион миль телефон кабелі, онымен жер шарын экватордан бірнеше рет орауға болатын еді. Сонымен қатар 664,6 мың тонна ет консервілері жеткізілді, бұл көлем Одақтың өзі өндіретін көлемнің 108%-ын құрайтын, қант – 610 мың тонна, яғни өндірістің жартысына жуығы болды. Міне, осындай жан-жақты көмектің нәтижесінде соғыс Кеңес Одағының жеңісімен аяқталды. Ал қазіргі кезде алпауыт елдердің Украинаға деген көзқарасы түзу болып тұр.
Дегенмен де әр мемлекет өз мүддесін көздеп отыр. АҚШ Украинаға өз әскерін кіргізбей, тек ленд-лиз шеңберінде Еуропадағы одақтастарымен бірге әскери көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан билігі де бейбіт жағдайда құрылған одақтарға сын көзбен қарай отырып, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойғаны жөн.
Украинадағы жағдай күн сайын өзгеріп тұр, бірақ қазіргі жағдайда Президент Қ.Тоқаевтың Украинаға әскер жібермеуі, ОДКБ ұйымының бұл қақтығысқа араласуына ешқандай негіз жоқтығы туралы айтуын қоғам қолдап отыр. Қазақстан азаматтары да бейжай қалмай, Украина халқына елшілік арқылы гуманитарлық көмектерін беруде, бұл да маңызды шара.