Қоғамда жұмыссыздық мәселесі көпшілікті қос бүйірден қысып тұрған кезде, Жамбыл өңіріндегі бір топ ауыл тұрғындары да жұмыссыз қалып отыр.
Нақты айтсақ, жиырма жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Сарысу ауданы Саудакент ауылында орналасқан туберкулезге қарсы диспансер бұл күнде өз жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан бүгінде 64 адам жұмыссыз қалған. Ойламаған жерден қызметінен босап қалған ауыл тұрғындарының арыз айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бірақ нәтиже жоқ. Тиісті орындарға хат та жазған. Оған әлі жауап болмай тұр. Осылайша, тыныш күнде тығырыққа тірелген ауыл тұрғындары енді не істейтіндерін білмей дал. Тек қана алдағы күндерден үміт етіп қана күн кешуде. Содан бері жеті ай уақыт өтсе де медицина қызметкерлері жұмыссыз жүр.
Бұл – Жамбыл өңіріндегі күрделі мәселенің бірі. Қазіргідей нарық заманында жұмыссыздық тіпті қиын. Бүгінде бастарынан ауыр халді кешіріп отырған көпшілік басшылардың не себепті мұндай шешімге келгенін түсіне алмайды. Қазіргі таңда күрделі мәселеге айналып отырған Саудакент ауылындағы туберкулезге қарсы диспансер 2005 жылы салынған. Екі қабатты, келбеті келіскен еңселі ғимараттың ашылуы ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты жаңалық еді. Нысан ішіндегі 214 бөлменің барлығы да тиісті құралдармен жабдықталған болатын. Одан бөлек, емделушілер үшін асхана, көлік тұрағы сияқты қажеттіліктер де қарастырылған. Тіпті мұндағы қызметкерлер мекеменің айналасына ағаш, шырша егіп, жасыл әлемге айналдырған. Бірақ төрт құбыласы түгел дерлік мекеме былтыр тамыз айында жабылып тынған. Содан бері нысан қаңырап бос тұр. Ал ішіндегі бірқатар құралды облыстық денсаулық сақтау басқармасы өздеріне алып кетіпті. Жиырма жылға жуық үздіксіз жұмыс істеген мекеме облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінде болған. Әлі де аталған басқарманың құзырында. Мәселенің мән-жайын білмек болып Саудакент ауылына барғанымызда, ауыл тұрғындары өздерінің мұң-мұқтажын жеткізді. Әупірімдеп күн көріп жүрген әлеуметтің жанайқайы негізсіз емес. Бұл ретте медицина саласында жалпы 40 жыл еңбек өтілі бар, аталған мекемеде табан аудармай 17 жыл бойы жұмыс істеген Ғазиза Құрманбаева енді жұмыссыз қалып отырғанына налиды. «Менің зейнетке шығуыма бір-ақ жыл қалды. Бізді енді кім жұмысқа алады?! Жұмыс жоқ. Басымызда несие бар. Қазір үйде бостан босқа қарап отырмыз. Енді бұл мекеме бастапқы атымен болмаса да, әйтеуір басқа бір мекеме болып ашылса дұрыс болар еді. Бізге жұмыс керек», дейді ол.
Әрқайсысы бір-бір үйдің асыраушысы болған ақ халатты абзал жандар енді ешкімге керексіз болып қалғандай күй кешіп отырғандарына шағымданады. Оған қоса, нарықтың қыспағы, тұрмыстың тауқыметі тағы бар. 1988 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Перизат Нұрманова да туберкулезге қарсы диспансерде 17 жыл бойы жұмыс істеген. «Өзім аудан орталығы Жаңатас қаласында тұрамын. Екі ортаның қашықтығы отыз шақты шақырым болады. Бірақ жұмыс болған соң талай жыл барып-келіп істеп жүрдім. Енді ойламаған жерден жұмыссыз қалып отырмыз. Ел сияқты, менің де басымда несие бар. Қазіргідей қаражат тапшылығында жүріп, оны төлеудің өзі қиын. Бұрын айлығымызды уақытында алып тұрғанда, ақша жағынан аса таршылық көрмеуші едік. Бәрі бір күнде өзгеріп кетті», дейді П.Нұрманова.
Жұмыстан босап, жайсыз күйге түсіп қалған азаматтар күні кешеге дейін өздері жұмыс істеген Саудакент ауылындағы мекеменің алдына жиналып, облыс басшылығына талап-тілегін жеткізді. Бәрінің де жұмысқа орналасып, жан баққысы келеді. Осы мекемеде есепші болып қызмет атқарған Ләззат Смайылова жұмыссыз қалған 64 адамның 21-і жоғары санатты дәрігер болғанын айтады. Өкінішке қарай, мамандардың талай жылғы еңбек өтілі бұл күнде ештеңеге жарамай отыр. Сондай-ақ жеті баланың анасы Аманбала Сүлейменова да қазір еш жерге жұмысқа орналаса алмай отырғанын айтып шағымданды. «Екі студент оқытып отырмын. Қазір күйеуім де, балам да жұмыссыз. Енді өзім де жұмыстан шығып қалдым. Жұмыс сұрап аудандағы барлық мекемеге бардым. Бәрінде де жұмыс жоқ. Жұмыс болмаса қазір өмір сүру қиын. Ауылдағы дүкендердің өзі қарызға ештеңе бермейді. Уақтылы қайтара алмайтынымызды біледі. Тіпті банктен алған несиені жағдайымызды айтып жатып, екі айға әрең тоқтаттық. Оның да уақыты келді. Енді не істейтінімізді білмейміз», дейді Жазира Орынбасарқызы. Десе де, ауыл тұрғындары жақсылықтан үмітті. Жұртшылық бүгінде қаңырап бос тұрған мекеме жұмысы алдағы уақытта қайта жанданып, жолға қойылар деп сенеді.
Ауыл тұрғыны Марқаш Мизембаевпен сөйлескенімізде, ол бүгінде бос қалған нысан тозып кететініне қауіптенетінін жеткізді. 17 жыл бұрын 200 млн теңгеден астам қаражатқа салынған нысанның сүйегі әзірге аман. Нысан өз теңгерімінде болғандықтан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы айлықтарын төлеп, 4 қарауыл мен 1 есепші ұстап отыр екен. «Егер қарауылдар болмаса, мына мекеменің әлдеқашан тоз-тозы шығып, іші-сырты түгел талан-таражға түсетін еді. Біз, ауыл адамдары осындайдан қауіптенеміз. Енді облыстың басшылығы тілегімізді ескеріп, бұл мекемені оңалту-сауықтыру орталығы етіп қайтадан ашса деген ойымыз бар. Мұнда келіп қариялар мен мүмкіндігі шектеулі балалар ем алса, қандай жақсы болар еді. Бар нәрседен айырылып қалмай, қайта қажетімізге жаратуымыз керек қой», дейді Марқаш Мизембаев.
Жергілікті тұрғындардың көпшілігінің тілегі осы екен. Шынында да мұнда барлық мүмкіндік бар болып шықты. Айналасының өзі жасыл желекке оранған мекен. Нысанның іші тап-таза, жинақы. Ал облыстық фтизопульмонологиялық орталығының бас дәрігері Дабыл Шымыров бұл мекеменің жабылу себебін емделушілердің аздығымен түсіндірді. «Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлердің бәрі жабылды. Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарындағы мекемелер де жұмысын тоқтатты. Бұл науқастардың азаюына байланысты болып отыр. Тек ауруханалар ғана қалды. Мұнда 2019 жылы 20 науқас ем алса, 2020 жылы 15 науқас жатқан. Ал өткен жылдың алты айында 9 науқас қана болған. Мекеме жабылудың алдында 5 науқас қалған. Мұндағы 5 науқасқа 64 медицина қызметкері жұмыс істеп келді», дейді Дабыл Шымыров.
Бас дәрігердің айтуынша, бұл мекеме өзін-өзі ақтамаған. Яғни емделушілерден түскен табыстан гөрі мекеменің шығыны көп болған. Мәселен, 2019 жылы диспансер емделушілер арқылы 46 млн теңге тапқан болса, 187 млн 457 мың теңге шығын болған. Бұл жыл сайын қайталанып отырған. «Сол сияқты, мекеме 2020 жылы 15 науқастан 40 млн теңге тапқанымен, шығынына 187 млн теңге жұмсалған. Ал өткен жылдың алты айында мұнда 31 млн теңге түсуі керек болса, шығыны 207 млн теңгеге жетеді деп жоспарланған. Қазіргі таңда мұның бәрін зерделеу тобы құрылды. Топ құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Сарысу ауданы әкімдігінің қызметкерлері бар», дейді бас дәрігер.
Зерделеу тобының жұмыс нәтижесінің қандай болатыны әзірге белгісіз. Бұл мекемені қаражаттың жеткіліксіздігінен аудан әкімдігі өз теңгеріміне ала алмайды.
Амалы таусылған ауыл тұрғындары мәселенің мән-жайын айтып әрі көмек сұрап облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа да хат жазды. Одан кейін әкімнің орынбасары Талғат Мамаев Саудакент ауылына арнайы келіп, тұрғындармен кездескен. Алайда әзірге нақты бір шешім шықпапты. Енді облысқа қарай жалтақтаған жұртшылық аймақ басшысынан көмек сұрайды. Сондай-ақ бұл мәселені жұмыссыз қалған қарапайым азаматтар Парламент Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген мен Гүлдара Нұрымова ауданға келгенде де айтты. Көпшіліктің көңілінде өңірден сайланған халық қалаулыларынан да бір көмек болып қала ма деген үміт бар. Жұмыссыз қалған медицина қызметкерлері жоғары жақтан бір көмек болмаса, енді қалай күн көретіндерін білмей дал болып отыр. Ал аудандық «Жұмыспен қамту орталығы» азаматтарды жұмысқа орналастыруға қауқарсыз.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы