• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Наурыз, 2022

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

229 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2022 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу  қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. 

Қазақстанда биылғы екі айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5%-ға дейін жеделдеді. Нақты сектор экономиканың тұрақты өсу драйверіне айналды. 

«Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,7%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3,9% артты. Фармацевтикада 17%, киім өндірісінде 12,8%, машина жасауда 9,2%, оның ішінде локомотивтер мен вагондар өндірісінде 23,8%, автомобиль жасауда 10,2%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 8,7%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 4,4%, құрылыс материалдары өндірісінде 2,1% өсім байқалады», деді Ә. Смайылов. 

Тау-кен өнеркәсібінде мұнай өндірудің 9,2%-ға, табиғи газдың 8,9%-ға және металл кендерінің 1,2%-ға ұлғаюы есебінен 6,4%-ға сенімді өсім байқалады. 

Қызмет көрсету секторында көліктегі (10,4%), саудадағы (6,1%) және байланыс саласындағы (5,1%) жоғары динамика есебінен 2,1% деңгейінде оң өсім тіркелген. 

Құрылыс саласында өсім 7,6% деңгейінде байқалады және 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы тұрақты инвестициялық белсенділік жедел экономикалық өсімнің негізгі факторына айналды. 

Кен өндіру саласын есепке алмағанда, инвестициялар 5,7%-ға өсті. 

Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім байқалып отыр. Ең төмен көрсеткіштер Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді. 

Ә. Смайылов қазіргідей күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету – аса маңызды міндет екенін атап өтті. 

«Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасын іске асырып жатыр. Сондай-ақ Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге осы іс-шаралардың сапалы және тиімді орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», деді ҚР Премьер-Министрі. 

Сонымен қатар әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Ол үшін қажетті құралдар бар. 

Сондай-ақ нарықтағы құбылмалы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бақылауды күшейтіп, инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеуі қажет. 

Бұған қоса, қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. 

«Индустрия, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктері мен әкімдіктер бұл жұмысты айрықша бақылауда ұстауы қажет»,  деп тапсырды Ә. Смайылов. 

Айта кетсек, қазіргі уақытта Үкімет жанында бизнес өкілдерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Оның отырыстарында туындаған барлық мәселелер бірлесіп шешіледі.