• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Наурыз, 2022

Премьер-Министр ЕҚДБ вице-президентімен келіссөз жүргізді

166 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуропа қайта құру және даму банкінің банк операциялары жөніндегі вице-президенті Алан Пиюмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚДБ арасында бірқатар бағыттағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде инвестициялар тарту және экология мәселелері бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жайы қаралды. Атап айтқанда, тараптар ЕҚДБ-ның Қазақстандағы 2021 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2022 жылға арналған ағымдағы жоспарларын талқылады.

Қазақстан Үкіметі мен бизнесі инфрақұрылымдық жобалар бойынша, қаржы, муниципалдық, корпоративтік секторлар арқылы ШОБ-ты қолдау бойынша ЕҚДБ-мен белсенді ынтымақтастық орнатқан. 

«Біз ЕҚДБ-мен өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын жоғары бағалаймыз. Биыл Қазақстан мен ЕҚДБ ынтымақтастықтың 30 жылдығын атап өтуде. Осы кезеңде біз экономиканың әртүрлі салаларында $10 млрд астам сомаға шамамен 300 жобаны табысты жүзеге асырдық», деді Ә. Смайылов.

Өзара ынтымақтастық ЕҚДБ-ның Қазақстан үшін 2022-2026 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясы аясында жалғасатын болады. Құжат жеке кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жасыл саясатты және көміртекті бейтараптықты қолдау, сондай-ақ жеке сектордың қатысуы арқылы экономикалық интеграцияға және гендерлік теңдікке жәрдемдесу секілді мәселелер бойынша тараптардың өзара іс-қимылын қамтиды.

«Бүгінде әлемнің ірі экономикаларының декарбонизациясының тұрақты тренді байқалады. Көміртектік бейтараптық және көмірден бас тарту жөніндегі мақсаттары туралы мәлімдеген елдердің саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ Қазақстан «жасыл» дамудың әлемдік трендтерін белсенді түрде ұстанады», деді ҚР Премьер-Министрі.

Өз кезегінде Алан Пию Қазақстанда іске асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалап, көптеген мәселелер бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін білдірді.