Ресей банкінің және оның еншілес ұйымдарының АҚШ пен ЕО санкцияларына ұшырағаны белгілі. Ресейлік банктер біраздан бері Қазақстан нарығында да орныққан және өзіндік аудиториясы қалыптасқан. Олар – Сбербанк, Альфа-банк және ВТБ банк.
Ranking мәліметінше, осы үш банктің жиынтық үлесі елдегі барлық екінші деңгейлі банк (ЕДБ) активтерінің 15,1 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 14,2 пайыз, ал бес жыл бұрын 9 пайызды құраған. Әрине, 15 пайыз – өте ауқымды көрсеткіш. Салыстыра айтар болсақ, Қазақстандағы қытайлық банктердің ЕДБ активіндегі үлесі 2 пайызға да жетпейді.
Үш ресейлік банктің екеуі – Сбербанк пен ВТБ-ға АҚШ санкциясы салынды, сәйкесінше шетелдік шектеу бұл банктердің Қазақстандағы еншілес ұйымдарына да әсерін тигізеді.
«Актив көлемі бойынша Сбербанк тек қана қазақстандық гигант Halyk Bank-ке жол береді. Соңғы бір жылда Сбербанк активі 27,5 пайызға өсіп, 2022 жылдың қаңтарында 4,2 трлн теңгені құрады. Одан кейінгі орында Альфа-банк – 926,9 млрд теңге. Бір жылда 16,3 пайызға өскен. ВТБ банк активі бір жылда 36 пайызға өсім көрсетіп, 474 млрд теңгеге жетті. Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер арасында Альфа-банк пен ВТБ банк актив көлемі бойынша 11 және 12-орындарды еншілейді», деп жазады Ranking.
Олардың несиелеудегі қарқыны да жоғары. Қазақстандық ЕДБ арасында ресейлік банктердің қарыз портфелінің жиынтық үлесі соңғы жылда 15-тен 17,4 пайызға көтеріліпті. Несиелеу көлемі бойынша Сбербанк екінші орында тұр – 2,7 трлн теңге. Бұл – 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1,5 есе жоғары көрсеткіш. Альфа-банктің қарыз портфелі 36,8 пайызға өсіп, 534,8 млрд теңгені құраса, ВТБ банктікі 24,1 пайызға өсіп, 218,2 млрд теңгені құраған.
«Салымдағы ресейлік банктер үлесі бір жылда сәл ғана қысқарған – 13,7-ден 13,6 пайызға. 2022 жылдың қаңтарында ресейлік банктердегі салымдар 3,5 трлн теңгені құрады. Оның 2,5 трлн теңгесі Сбербанкке тиесілі. Альфа-банктің салымы – 618,5 млрд теңге, ВТБ банктікі – 338,6 млрд теңге. Ресейлік еншілес банктердегі салымдардың 60 пайыздан астамы – корпоративтік салымдар. Және бұл таңғаларлық та құбылыс емес. Қазақстанда шетел азаматтарының қатысуымен 37,8 мың заңды тұлға тіркелсе, соның 11,5 мыңы ресейліктер. Сбербанктің корпоративтік салымдары – 1,4 трлн, Альфа-банктікі – 405,2 млрд, ВТБ банктікі – 255,4 млрд теңге. Бұл ретте ВТБ банк жалпы депозиттік портфельдегі корпоративтік депозиттердің ең үлкен үлесіне ие – 75,4 пайыз. Сондықтан да ВТБ өз клиенттерін – заңды тұлғаларды АҚШ доллары және еуромен жасалатын кез келген операция мен есептеу жүргізулерден уақытша бас тарта тұруға шақырды», делінген зерттеуде.
Ал ресейлік еншілес банктердегі бөлшек салымдар 10,1-ден 10,5 пайызға өсіп, 1,4 трлн теңгені құраған. Жеке тұлғалар салымы негізінен Сбербанкте көп жинақталған (1,1 трлн теңге). Одан кейін Альфа-банк (213,4 млрд теңге) және ВТБ банк (83,2 млрд теңге). Еске салайық, Еуроодақ салған санкцияларды жүзеге асырған SWIFT 12 наурызда ресейлік бірнеше банкті өзінен, яғни халықаралық төлем жүйесінен ажыратып тастады.