Ел көлемінде наурыз айынан бастап «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп келеді. Ішкі істер министрлігінде ұйымдастырылған брифинг барысында Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Шалқаров операция кезінде мал ұрлығына қатысты 248 деректің анықталғанын мәлімдеді.
«Күнкөрісінің негізгі көзі мал шаруашылығы болып отырған ауыл халқы үшін бұл мәселе өте өзекті екені түсінікті. Сол себепті де ішкі істер органдары мал ұрлығымен күресу, оның алдын алу мақсатында кешенді шараларды ұдайы жүргізіп-ақ келеді. Мәселен, заңдық тұрғыда үй-жайларға кіріп, бірнеше рет мал ұрлығын жасау белгілері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылса, қос тараптың татуласуына байланысты жауапкершіліктен бас тарту мүмкіндігі де алынып тасталды», деп атап өтті С.Шалқаров.
Ішкі істер министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, жедел операция басталғалы бері полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 15 мыңнан астам көлікті, 6525 мал және ет өнімдерін сатып алу, сату орындарына тексеру жүргізген. Сондай-ақ 11 мыңға жуық шаруа қожалықтары, шалғайдағы учаскелер мен фермерлермен арнайы жұмыстар жүргізілген.
«Мал ұрлығын жасады деген күдікпен 221 адам ұсталса, оның ішінде 30 топ бар. Жедел іс-шара нәтижесінде 886 мал басы заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде 381-і жылқы малы», дейді спикер. Сонымен қатар ветеринария саласында 1353 құқық бұзушылық анықталып отыр. Бұл деректердің дені мал және ет өнімдерін тиісті құжаттарсыз тасымалдау және сатуға қатысты болып отыр.
Криминалдық полиция департаменті қызметкерінің айтуынша, министрліктің бастамасымен өңірлерде мал ұрлығының алдын алу шараларын қабылдауды үйлестіретін ведомствоаралық жұмыс топтары құрылған.
Сонымен қатар криминогендік аудандарда мобильді бекеттер ұйымдастырылып, қараусыз қалған малға арналған қоралар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мұндай нысандардың саны еліміз бойынша 800-ден асқан.
Жалпы, соңғы 5 жылда елімізде мал ұрлығы 35 пайызға азайған. Сәйкесінше, қолды болған мал саны да екі есеге кеміген.
«Мұндай көрсеткішке мал ұрлығының алдын алу бағытында қабылданған шаралардың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр, бұл қылмыс түрі 32,7 пайызға азайған. Жыл басталғалы бері полиция қызметкерлері ұрланған малдың 44 пайызынан астамын заңды иелеріне қайтарды. Ұрылардың жетегінде кеткен 1300 малдың 573-і табылды», дейді С.Шалқаров.
Кешенді және жедел іздестіру іс-шаралары кезінде қолға түскен күдіктілердің қатарында өткен жылдың желтоқсан айының соңында Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан 5 адамнан тұратын қылмыстық топ та бар. Бас-аяғы бес мал ұрлығына қатысы бар болып шыққан ұрылар мал иелерін 10 миллион теңгеден астам сомаға шығынға батырып кеткен.
Ал көктем бастала салысымен қолға түскен тағы бір топ арам ойларын Қарағанды облысында іске асырған. Ең сорақысы, үш адамнан тұратын топ Шет ауданында жылқы мен ірі қара малды айдап әкетпеген, атып алған. Тінту кезінде бұл топ мүшелерінен қылмыс құралы болып табылатын тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық табылған.