Ұлы Наурыз мейрамына орай, дәлірек айтсақ Амал күні Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықта ашылған ұлттық нақышта безендірілген босану бөлмесі жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.
Тірлігі тағылым мен тәлімге толы халқымыздың таным-түсінігі - ана денсаулығына, әйелдің босануы мен бала күтіміне қатысты небір таңғажайып ырым-тыйым мен салт-дәстүрдің қазынасы. Әйел толғатып бастағандағы жарысқазан ұйымдастыру, босануды жеңілдету және жылдамдату үшін арқанға асылу сынды әрекеттер тек салт-дәстүр ғана емес, медициналық тұрғыдан аса маңызды және орасан пайдалы әдістер. Осыны ескерген Маңғыстаулық акушер-гинекологтар Амал мерекесінде өздерінің сәтті идеяларын жүзеге асырды. Ол – заманауи құралдармен толықтай жабдықталған ұлттық нақышта безендірілген босану бөлмесінің ашылуы.
– Бұл бөлмеде заманауи үрдіс пен қазақи нақыш үндестірілген. Бөлмеде ұлттық мәдениет пен дәстүрдің ұстыны – киелі шаңырақ, киіз үй, оның ішкі дүниелері – киіз үйдің басқұр-бауы, ертеректе толғағы жеткен әйел бір шетін керегеге, бір шетін бақанға байлап асылып тұрып босанған арқан мен жалпақ бау және ою-өрнекті тыстары бар төсек-орын, сәбиін босанып қолына алған бақытты ана суреті мен домбыра бейнесі бар. Барлық атрибуттар жүкті әйелге зиян келтірмейтін материалдардан жасалған, яғни сүртуге, жууға, зарарсыздандыруға болады. Барлық атрибутта қазақ халқының болмысы бар. Көруге, қарауға жайлы, жылы суреттер әйелдің босану кезіндегі психоэмоционалдық көңіл-күйіне жақсы әсерін тигізеді деп үміттенеміз, дейді орталықтың маркетинг бойынша пациенттермен және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы А. Ізмұратова.
Оның айтуынша, босану бөлмесін ұлттық нақышта безендірудің өзіндік себептері бар екен. Яғни босанатын әйелдердің дені – әр отбасының келіндері, яғни жастар болғандықтан бөлмеден ұлтымыздың тарихымен байланыс тапқандай әсер алсын, дәстүрді танып білсін, сәбилерін де ұлттық болмыспен тәрбиелеуге ұмтылсын деген ниет.
Мерекеге орай қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін қойылымдар, көріністер қойып, сайыстар ұйымдастырған орталық қызметкерлері мен дәрігерлердің ұлттық болмысты, тарихты тану, жас ұрпақ санасына оны сіңіру бағытындағы бастамалары қызықты. Оны әлеуметтік желілерден хабардар болып өз қызығушылығын жасыра алмаған жас аналардың лебізінен байқадық. Ел-жұрт киелі шаңырақ астында, текеметтің үстінде туылатын ұрпақтың ұлтжанды болып өсуіне тілекші.
Маңғыстау облысы