• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2022

Қателіктің құны – қайтарылған субсидия

214 рет
көрсетілді

Қызылордадағы облыстық кәсіпкерлік палатасына бір топ кәсіпкер арызданып жатыр. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2020 жылы аналық мал басына арналған жемшөп үшін субсидия алған шаруалардан қаржыны бюджетке қайтаруды талап етуі себеп болыпты. Мал бағып отырған ағайынды әрі-сәрі күйге салып қойған бұл шаруаның шеті Ауыл шаруашылығы министрлігі шығарған қағидадағы қателікке барып тіреледі.

Мәселені тарқата айтсақ былай, 2020 жылдың 17 шілде­сінде Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігі «Асыл тұқымды мал ша­руа­шылығын дамытуды, мал ша­руашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық қабылдап, мал азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату шарасын ен­гізеді.

Осының негізінде аймақтағы бірқатар кәсіпкер еш алаңсыз субсидия алып, шаруасына кірі­сіпті. Бірақ өткен жылдың қа­зан айында облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасынан бұ­лардың субсидияланған мал басының сақталуын қамта­ма­сыз ету міндеттемелерін сақ­тама­ғандығы жөнінде келген хат шаруаларды айран-асыр еткен. Қай жерде жаза басқанын аңғармаған ауылдағылардан басқарма субсидия қаржысын бюд­жетке қайтаруды талап етеді.

Басқарманың «міндеттемені сақтамады» деуінің себебі де көп ұзамай белгілі болады. Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігі әзірлеген қағиданың қа­зақ­ша нұсқасында кәсіпкерге субси­дияланған аналық мал басының ағымдағы жыл бойы сақ­талуын қамтамасыз ету міндет­телген. Ал құжаттың орыс тілін­дегі нұс­қасында – «в течение года», яғни «жыл бойы» деп жазылған. Министрліктен кеткен қатенің құны алған қаржыны қайтару екендігін түсінген кәсіп­керлер палатаға жүгініп, ереже­нің қазақ тіліндегі нұсқасын басшы­лыққа алғандарын алға тартады.

– Шаруашылық иелері 2020 жылы қолданыста болған қағидаға сай сол жылы мал басын сатпай ұстап отырған. Тек келесі, яғни 2021 жылы ғана бір бөлігін саудалап, оның орнына басқа мал алғандар бар. Әзірге бізге 4 шаруа қо­жалығы өкілдері хабарласып, құқығын қорғауды сұрап отыр. Олардан ауыл шаруашылығы бас­қармасы 7,2 млн теңгені бюджетке қайтаруды талап еткен, – дейді облыстық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Ғалым­бек Жақсылықов.

– Кәсіпкерлер палатасының мамандары қағиданың қазақ тіліндегі нұсқасы орыс тілін­де­гісімен сәйкес келмеуіне байланысты Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінен түсініктеме бе­руін сұраған екен. Осы жыл­дың 22 ақ­панында келген жауапта құжатқа 2021 жылдың 13 шілдесінде өз­геріс енгізілгені, «ағымдағы жыл бойы» деген сөз «жыл бойы» болып өзгертілгені айтылады. Ең сорақысы, ресми хатта министрліктегілердің «Осыған байланысты қағиданың орыс тіліндегі нұсқасын бас­шылыққа алу қажет» дегені болып отыр.

Шаруаларды қорғап отырған палатадағылар «Қазақстан Рес­публикасының Құқықтық акті­лер туралы заңының 23-бабы 7-тармағында «Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс» және 24-баптың 3-тар­мағы 3-абзацында «Қазақ және орыс тіл­деріндегі нормативтік құқық­тық актілердің мәтіндері тең түпнұсқалы болуға тиіс» деп анық көрсетілгенін айтады.

– Жалпы министрлік қа­былдаған осы қағиданың әу бас­тан бір қайнауы кем болғаны көрініп тұр. «Жыл бойы» деген талапта да нақты қай кезден бас­тап есептеу керектігіне қатысты нақтылық жоқ. Кәсіпкер 2020 жылы қолданыстағы құжатты басшылыққа алғаны белгілі. Ауылдағылар министрлік қай күні ережесіне өзгеріс ен­гізеді екен деп күтіп отыра алмайды ғой? Ал министрліктің қағи­даның орыс тіліндегі нұс­қасын басшылыққа алу қажет деуі тіпті еш қисынға сыймайды, – дейді палата директоры.

Мәселеге орай ауыл ша­руа­­­­шылығы басқармасына ха­барластық. Олар да шаруаларды құжаттағы қателік шырылдатып отырғанын түсініп отыр. Бірақ қағида талаптарын сақтамасқа тағы болмайды. Қа­зірше тек ескер­ту берілді. Іс со­зыла берсе сот­қа жететіні анық.

Ал мемлекеттік орган және тексеруші орган төленген субсидияларды қайтарып алу талаптарын қайта қарауы керек деген ұстанымда отырған кә­сіп­керлер палатасы өкілдері іс сотта қаралса, ауылдағылардың мүддесін қорғауға дайын отыр.

 

Қызылорда облысы