Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолының бойында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының атқарылу барысымен танысты.
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің жаңа автожол құрылысы еліміздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Елбасы Н.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын биылғы Жолдауында “Біз салуға кірісетін “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолы – тауарлар тасымалы үшін маңызды магистраль” деп атап көрсетуі де сондықтан болса керек.
Жолдың құны 825 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Автокеруен жолының жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асса, Қазақстан бойынша 2800 шақырымды алып жатыр. Ал Жамбыл облысы бойынша 495,3 шақырымды құрайды. Сөйтіп ол осы өңірдің Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов атындағы, Меркі, Шу және Қордай сияқты ірі аудандарын басып өтеді.
– Бұл жолдың стратегиялық маңызы еліміз үшін өте зор. Сондықтан Елбасы оны үнемі назарда ұстап отыр. Естеріңізде болса, кеңес өкіметі кезінде БАМ, яғни Байкал-Амур магистралінің құрылысы жүргізілгені белгілі. Оның жалпы ұзындығы 3300 шақырым болатын. Кеңес өкіметі соны 150 мың жұмысшы күшімен 17 жыл жүргізді. Ал біз 3 жылда, яғни 2013 жылы бітірмекпіз. Біздің жұмыс күшіміздің саны 50 мың адамға дейін жететін болады. Жұмысқа 10 мың техника жегіледі. Жолдың сапасы, әлбетте, халықаралық қалыпқа сай, сапалы болады, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев журналистерге берген сұхбатында.
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолының Жамбыл облысы бөлігінде атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, істің барысымен жете танысқан Ө.Шөкеев қарқынды жұмысқа риза болса, жайбасарлыққа жол берген компанияларға кеңшілік болмайтынын да ескертті. Мысалы, “Ақмолақұрылыс материалдары” ЖШС-ның жұмысы кестеден едәуір кешеуілдеп келеді екен. Егер мамыр айының аяғына дейін кесте бойынша атқарылатын жұмысты қуып жетпесе, сенім басқа компанияға көрсетілетіндігі айтылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, сондай-ақ, техниканы көбейтуді, еңбек тәртібін сақтауды да ескертті.
“Жамбылжолқұрылыс” Қазақстан-Корея бірлескен компаниясының жұмысында едәуір ширақтық бар сияқты көрінді. Компания жетекшісінің көмекшісі Джонг Наг Уон мырза, тіпті, Премьер-Министрдің бірінші орынбасарымен қазақша амандасты. Орысшасы да әжептәуір екен. Джон Наг Уонның айтуына сенсек, бірлескен компания кесте бойынша жұмыс істеп келеді. Көлденеңнен кездесіп, жұмысқа кедергі жасап отырған үлкен мәселе жоқ. Карьер мәселесінің құжаттары бойынша азын-аулақ мәселе бар екен, оны жұмыс барысында шешу көзделіпті.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев облыстық әкімдікке, прокуратураға және компания басшыларына мұндай мәселені жұмыс қарқынын тоқтатпай тез арада шешуді тапсырды.
Бүгінде жол 38 бөлімшеге бөлініп, оның 20-да жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.