• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Наурыз, 2022

СҚО-да республикалық айтыс өтті

440 рет
көрсетілді

Қызылжарда республикалық ақындар айтысы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, Ерік Асқаров атындағы айтыс мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпархан сияқты азаматтың белсенділігімен әз – Наурыздың қарсаңында өткен бұл айтыс Қазақстанның халық жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына, халық жазушысы, драматург, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына және    ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналып, «Ұлтын сүйген ұлылар» деп аталды.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, ақтаңгер ақын Жүрсін Ерманның өзі жүргізді. Қатысқан ақындар арасында республикаға танымал үздіктер Рүстем Қайыртай, Еркебұлан Қайназар, Қалижан Білдәш, Мейірбек Сұлтанхан, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Серік Қуанған, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Нұрзат Қару, Жұмабек Рахимов, Жарқын Жұпархан  болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен, құрамында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, кәсіпкер, руханият жанашыры Жомарт Омаров, ақын-сазгер Дәстен Баймұқанов,  Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров болған қазылар алқасы бас жүлдені Жарқын Жұпарханның алғанын бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп Жарқын соңғы бір айда екі республикалық айтыстың Бас жүлдесін қанжығасына байлады. Бұған дейін ол Тараз қаласында болған «Жамбыл – менің өз атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық айтыста да бірінші орын алған еді. Жерлесімізге жеңістерің құтты болсын деп тілейміз!