• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Наурыз, 2022

Алматы агломерациясы: Түйткілді мәселенің түйіні қалай шешілмек?

653 рет
көрсетілді

Агломерация мен урбанизация үрдісін тежеу енді мүмкін емес шығар. Өйткені тұрғындардың үлкен қалалар маңына жаппай шоғырлануы қалыпты жағдайға айналды. Бірақ бұл үрдіс жедел шешуді қажет ететін бірқатар әлеуметтік, экономикалық мәселелерді де туындатып отыр.

Мәселен, адамдардың облыс орталықтары мен ірі мегаполистер маңына үздіксіз көшіп келуі сол өңірлердегі халық санының күрт артуына әкелуде. Бұл өз кезегінде баспана, жұмыс орны, мектеп, емхана, жол, қоғамдық көлік қатынасы сияқты әлеуметтік қажеттілікті күн тәртібіне шығарды. Яғни жергі­лік­ті экономикаға түсетін қосымша салмақтан бөлек, реттелмеген еңбек күші мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты талаптар туындауда. Осылайша, әлеуметтік ошақтар пайда болғаны жасырын емес. Және қала маңындағы елді мекендерде адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан жұрттың проблемасы ұзақ жылдар бойы шешілмегені де рас. Оның ащы жемісін биылғы қаңтар оқиғасы кезінде татып та үлгердік. Өйткені бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздік пен террорлық актілерге ұласқанда, арандату­шылар­дың ұранына ілесіп кеткен жастар­дың көбі осы аумақтарда тұрып жатқан әлеуметтік «аутсайдерлер» болатын. Бұл пікірді қырғынға қатысу­шылардың әлеуметтік портретін жасаған Бас прокуратура мамандары толықтай айқындап отыр. Демек Алматы маңындағы агломерация мен урбанизация үрдісінің астарында үлкен проблеманың жатқанын бәріміз білдік десе де болады. Ал ендігі кезекте айтылған жағдайды жақсартудың жолдары қалай болмақшы?

Бұл сұрақтың жауабы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы­на арнаған жаңа Жол­дауында толық қамтылды деуге негіз бар. Президент «Алматы агломерация­сына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алма­ты облысының орталығы Қап­шағайда болуы керек. Ал Жеті­су облысының орталығы Талды­қорғанда орналасады», деді. Яғни қазіргі Алматы облысының аума­ғын екіге бөлу арқылы мегаполис маңындағы әлеуметтік ахуал­ды реттеудің нақты жолы айқын­дал­ды. Өйткені тұрғын саны 2 млн адамнан асатын Жетісу ай­мағы үшін жергілікті әкімшілік басқару тетіктерінің кей­бір тар­мағы толыққанды жұмыс істе­мей отырғаны ашық айтылып жүр­ген болатын. Мәселен, Алматы маңындағы 5 ауданның жағ­ра­пия­лық орналасуы мен эконо­микалық әлеуеті облыстың басқа аудандарына қарағанда ар­тықшы­лық­қа ие болғанымен, бір­қатар әлеумет­тік мәселенің қор­далануымен де ерекшелене бастаған еді. Дерек бойынша қазіргі Алматы облысы­ның аума­ғындағы саяжайлардың негіз­гі бөлігі мегаполис агломерация­сына кіре­тін Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарына тиесілі екен. Ал адамдардың үлкен шоғыры дәл қазір осы саяжайларды мекен етуде. Мәліметке қарағанда, атал­ған аудандардың аумағындағы жаңа құрылыс ошақ­тары мен саяжайларды ме­кен­дейтін тұрғындар саны 500 мың адамға жетеғабыл көрінеді.

– Облыстағы саяжайлар мәсе­ле­сін кешенді түрде қарас­тыру керек. Об­лыста барлығы 705 саяжай бар, оның ішінде 674 саяжай немесе олардың 95,6 пайызы Алматы агломерациясы ай­мағында орна­ласқан. Саяжайларда 214 мың адам тұрады. Бюджет қар­жысы мен жеке инвестицияны тарта оты­­рып, Талғар, Іле, Еңбек­ші­қазақ, Қара­сай аудандарында жаңа тұрғын үй салу мен инф­ра­құрылым жүргізу арқылы олар­­­ды қоныстандыру керек немесе саяжай­­­лар­ға елді мекен мәр­тебесін беру қажет. Біз осы мә­селеге қатысты іс-қимыл жос­­парын әзірлеп жатырмыз, тиіс­ті ұсы­ныстар енгізілетін болады, – деген еді бұған дейін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.

Жалпы, Алматымен шекте­сетін аудан­дардың аумағын­дағы саяжайлар­дың әлеуметтік картинасы аса көңілдегі­дей емес. Аталған саяжайлардың 90 па­­йызында газ, асфальт пен су құбыры деген атымен жоқ. Бұған ең басты әлеуметтік қажетті нысандар мектеп пен аурухана, емхананың тапшылығын қосыңыз және бұл мәселеден жергілікті әкімдік­тің хабары бола тұра, шешім қабыл­дауда дәрменсіз болып келді. Яғни аудандардың атқарушы билігі заң бо­йынша саяжай үй­лері тек ауылшаруа­шы­лық мақ­сатына пайдаланылуы керек, сон­дықтан ол жерге газ бен су тарту тұр­ғындардың өз міндетіне кіреді деген жауаптан танған емес. Ал мектептер­дегі үш ауысымды оқы­ту мәселесі ішкі көші-қонға және бала туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты үнемі өзекті болып келді. Қазіргі уақытта облыста 54 үш ауысымды мектеп болса, оның дерлігі осы Алматы агломерациясына кіреді.

Тоқетерін айтқанда, ел ішінде Пре­зиденттің Алматы облысын екіге бөліп, қайта құру туралы бастамасы оң ниетпен қабылданғаны анық. Бәрінен бұрын, аумақтық өзгеріс аталған әлеу­меттік мәсе­лелердің түпкілікті шешуге жол ашады деген сенім зор.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында айтылған міндеттер мен берілген тапсырмалар­ды орындауға жедел кірісеміз. Шыным­ды айтсам, Алматы облысының екіге бөлініп, орталығы Талдықорған қаласы болып, Жетісу облысы атануын және мегаполис аттас облыстың орта­лығын Қапшағай қаласына орналастырып құру туралы Мемлекет бас­шысының шешімі мен үшін де күтпеген жаңалық болды. Менің білуімше, жергілікті тұрғындар да бұл бастамаға қарсы емес. Әсі­ресе Қапшағай қаласына Д.Қонаев есімін беру туралы бастама ел ішінде қызу қолдауға ие. Енді жұмыс істейміз. Біз бұған дейін де аймақтағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамытудың өзек­ті мәселелеріне назар аударып кел­дік. Соның ішінде тозығы жеткен су жүйелерін жаңарту, елді мекен­дер­ді газдандыруды жал­ғастыру, Талдықорған қала­сы­ның инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту, кезекте тұрғандарды сапалы және қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету, сонымен қатар ішкі істер орган­дары қыз­мет­керлеріне тұрғын үй төлем­дерін беру, тұрғындардың сапалы саяжай массивтері проблемаларын шешу бағыттары да қамтылған. Ал Жолдау жүктеген міндет бойынша бұл мәселелер одан әрі зерделеніп, шеші­мін табатын болады, – деді Алматы облы­сы­ның әкімі Қанат Бозымбаев.

 

Алматы облысы