Еуразия кеңістігіндегі әскери қақтығыс ел аумағында қоршауда қалған немесе үйін тастап қашқан жандардан бөлек, ауылы алыс болса да осы құрлықтың әрбір тұрғынына әсер етеді. Украинадағы жағдай халықаралық қатынасты, қаншама жыл құрылған қағиданы өзгертетіні анық.
Украина президенті Володимир Зеленский бұл жолы Берлиндегі неміс Бундестагында сөз сөйледі. Ол Германияға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді, алайда заң шығарушыларға олардың қолдауы «атысты тоқтатуға кеш қалғанын» айтты. В.Зеленский сонымен қатар неміс басшыларын елдің Ресейде іскерлік мүддесі барын сынға алып, Мәскеуге қатысты қатаң шаралар қабылдауға шақырды. Күні кеше ол АҚШ Конгресінде сөз сөйлеп, Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар қабылдауды сұраған еді.
Украина Жапониядан Ресей әскеріне тойтарыс беру үшін жоғары сапалы спутниктік суреттер сұрады деген ақпарат бар. Бұл туралы Азия елдерінде ақпарат тарататын Nikkei газеті жазған. Жапон үкіметі мен жеке компаниялар күндіз-түні, ауа райы мен бұлттарға, атмосферадағы кедергілерге қарамастан сапалы суреттер түсіретін спутниктерді пайдаланады. «Жапония үкіметі мұндай мәліметтерді Украинаға беру саяси тұрғыдан дұрыс па немесе қолданыстағы құқықтық нормаға сәйкес рұқсат етілген бе, жоқ па деген мәселені мұқият қарастырады» делінген ақпаратта. Алайда ресми дереккөздерге сілтеме жасалмаған.
Украинадағы ахуал
Украина билігі Мариуполь театрына бомба тасталғанын мәлімдеді. Театрдың ішін мыңдаған адам паналап отырғаны айтылды. Ғимарат соққыға төтеп бергенге ұқсайды. Алайда зардап шеккендер де болуы мүмкін. Ел үкіметі адамдарды театр ғимаратынан шығаруға тырысып жатқандарын жеткізді. Қала басшылығының өкілі әзірге құрбан болғандар жоқ деген мәлімет берді. Ал РИА Новости Ресейдің қорғаныс министрлігі Мариупольдағы театрға жасалған әуе шабуылын жоққа шығарғанын хабарлады. Ресейлік зымыран шабуылдарынан қатты зардап шеккен Украина қалаларының бірі қоршауға алынған портты Мариупольдің желідегі суреттері қала ғимараттарының қалпына келместей қираған бейнелерін көрсетеді.
Америкалық Maxar Technologies ғарыштық технологиялар компаниясы түсірген спутниктік суреттерде Сумы, Чернигов және Харьковқа айтарлықтай зақым келгені анықталған.
Киевте де ресейлік зымыран соққысы бір адамның өмірін жалмағанын және тұрғын үйді отқа орағаны хабарланды. Украинаның Төтенше жағдайлар қызметі бейсенбі күні таңғы 5.02-де Дарницкий ауданындағы тұрғын үйлердің біріне түскен зымыран бір адамды өлтіріп, үшеуін жарақаттағанын айтты.
Украина президенті В.Зеленский гуманитарлық дәліздер сәрсенбіде сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ресейлік сарбаздар оқ атуды тоқтатпаған және қауіпсіздікке кепілдік бермеген. Украина шенеуніктері ел бойынша бірнеше қаладан, соның ішінде оңтүстік-шығыстағы қоршалған Мариуполь қаласынан тоғыз «гуманитарлық дәліз» ашуға үміттенетіндерін жеткізді. Бұл туралы елдің вице-премьері Ирина Верещук мәлімдеді. Шындығында, жанжал басталғалы келісілген гуманитарлық көмек беретін жолдардың кейбіріне кепілдік берілмеді. Сондықтан қоршауда қалған қала тұрғындарына керек затты тіркеген көліктердің барлығы бірдей діттеген жеріне жете алмады.
Гуманитарлық дағдарыс
Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан келесі аптада Украинадан босқындардың «үлкен толқынын» күтетінін мәлімдеді. Венгрияның Румыния мен Украина шекарасына жақын орналасқан шекара өткеліне барған В.Орбан келесі аптада босқындарға көмектесу үшін шекарашылар саны көбейетінін айтты. Ол Украинадан келген босқындар легі неліктен күрт артатыны жайлы ешнәрсе жазбаған. Алайда Reuters агенттігінің хабарлауынша, соңғы аптада Мажарстанға келген украин босқындарының саны айтарлықтай азайған.
Сонымен, БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес Украинадан 3 миллионнан астам адам босып кеткен. Оның 2 миллионы көрші Польша шекарасына пойызбен, автобуспен, жеңіл көлікпен келіп, ұзын-сонар кезектен өтіп, пана іздеген. Жарты миллионға жуық адам әрі қарай басқа елдерге босып кеткені белгілі. Ресейдің Украинаға шабуылынан бері Испанияда шамамен 4 500 украин азаматы тіркелген. Алайда Испанияның көші-қон министрі Хосе Луис Эскрива босқындардың нақты саны әлдеқайда көп деп атап өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Украина халқына бейбітшілік керек. Бүкіл әлем халқы мұны талап етеді. Ресей бұл соғысты қазір тоқтатуы керек», деді.
АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Албания, Норвегия және Ирландия Украинадағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Украинадағы «гуманитарлық» ахуал туралы дайындаған қарарға дауыс беруді кейінге қалдыруды сұраған. Алдымен сәрсенбіге жоспарланған, содан кейін бейсенбіде күннің екінші жартысына ауыстырылған дауыс жұма күні таңертең тағайындалуы керек. The Guardian басылымы дипломатиялық ақпарат көздеріне сүйене отырып, Украина президенті В.Зеленскийге Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында сөйлеуге мүмкіндік беру туралы пікірталастар жүріп жатқанын жазды.
АҚШ-Ресей «текетіресі»
АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы күннен күнге ушығып бара жатқанға ұқсайды. Күні кеше В.Зеленскийдің АҚШ Конгресіндегі сөзінен кейін Джо Байден Ресей президентін «әскери қылмыскер» деп атады.
Ал Кремль өкілі Дмитрий Песков Ресей басшысы Владимир Путинді «әскери қылмыскер» деп атаған АҚШ президенті Джо Байденнің сөздері «қабылдауға келмейтін және кешірілмейтін риторика» екенін атап өтті.
Әлемдегі үшінші алпауыт ел Қытайдың Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдіруге тартынып келеді. Қытайдың Украинадағы елшісі украиналықтардың бірлігі мен жігерін жоғары бағалады. Елдің бұрынғы ұстанымына қайшы келетін пікірге бүкіл әлем назар аударды. Фанг Сянжун Львов облыстық әскери әкімшілігімен кездесу кезінде Қытайдың «Украинаға ешқашан шабуыл жасамайтынын», оны экономикалық және саяси тұрғыдан қолдайтынын айтқан. Бұл туралы «Укринформ» хабарлаған.
Келіссөзден нәтиже бола ма?
Украина мен Ресей арасындағы келіссөз қалай жүріп жатыр дегенге келер болсақ, алғашқы үш кездесу айтарлықтай нәтиже бермегенге ұқсайды. Бес сағатқа созылған ең бірінші кездесуде екі тарап та отырыстың қиын өткенін ғана айтып қойды. Келесі жиындарда қоршауда қалған қала тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін жол ашуға келіскендей болды. Алайда бұл толығымен мүмкін болмады. Кейбір өңірлерде атыс тоқтамады. Соңғы кездесулерден соң «үміт бары» айтыла бастады. Дегенмен, бұл Украинадағы ахуалға еш әсер ете қоймады. Ел аумағында атыс тоқтамай тұр.
Келіссөздің екі ел президенті кездеспей нақты нәтиже бермейтіні түсінікті бола бастады. Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған бұл кездесуді ұйымдастыруға тілек білдірген, алайда әзірге тараптардың бұған не дегені белгісіз. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Біздің делегация келіссөзге келгенде үлкен күш жұмсап жатыр, басқа тарапқа қарағанда дайындығын көрсетті», деді. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та Ресейдің келіссөзден қашпайтынын, алайда нәтиже бермейтін бос кездесуге барғысы келмейтінін мәлімдеді. С.Лавров Ресей Украинамен тек нәтижелі шешімдерге әкелетін келіссөз жүргізуге дайын екенін атап өтті. Ол «Украина басшылығы тек теледидардағы сурет үшін кездескісі келеді», дейді.
Ал Украина болса Ресейдің ультиматумына келіспейтінін, елдің егемендігін қамтамасыз ететін өздері ұсынған шартқа ғана қол қоятынын талай рет айтқан. Сырт көзге екі тарап та өз айтқанынан қайтпай тұрып алғандай көрінеді. Соңғы күндері Ресей талабын төмендете бастағандай көрінген. Қанша жылдан бері ушыққан қақтығыстың шешімі тез арада табыла қоюы да екіталай сияқты.