• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Наурыз, 2022

Ұлттық банк интернетте валюта сатудың қылмыс екенін ескертті

283 рет
көрсетілді

Қазақстан Ұлттық банкі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан аумағында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын тек екінші деңгейлі банктер мен өздеріне берілген лицензия негізінде банктік емес айырбастау пунктері ғана жүргізуге құқылы екенін хабарлайды, деп жазады Egemen.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қолма-қол валюталарды жоғарыда көрсетілген валюта айырбастау пунктері арқылы айырбастау – қаржы қызметін пайдаланушылар құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Жұмыс істеп тұрған банктік емес айырбастау пунктерінің мекенжайы мен қосымша ақпараттарды ҚҰБ-тың сайтынан алуға болады.

Сондай-ақ ҚҰБ тиісті лицензиясыз айырбастау операцияларын жүргізу заңсыз кәсіпкерлік түріне жататындығын, ол үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 155, 463-баптарымен және ҚР Қылмыстық Кодексінің 214-бабымен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Заңсыз делдалдар, оның ішінде интернет алаңдары мен әлеуметтік желілер арқылы айырбастау операцияларын жүргізуді ұсыну – заңсыз саналады және жалған монета жасаушылармен мәміле жасау қаупін тудырады.

ҚҰБ мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ішкі қолма-қол шетел валютасы нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында валюта айырбастаудың, сол сияқты төлем карточкаларын пайдалану, онлайн-банкинг секілді балама түрлері де қарастырылған, олар әлдеқайда қолжетімді әрі 24/7 режимінде қауіпсіз қызмет көрсетеді.

Еске сала кетейік, қаржылық тұрақтылыққа төнер қауіп-қатердің алдын алу және спекулятивті қысымды төмендету мақсатында 2022 жылдың 14 наурызында «Қазақстан Республикасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» Қазақстан Республкасы Президентінің Жарлығы қабылданған болатын.

Қазіргі таңда қолма-қол шетел валютасымен қамтамасыз ету мәселесі тұрақталды, тұрғындар тарапынан сұранысқа қатысты дүрлігу байқалмайды.

Ел ішінде ішкі валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпалдасу мақсатында ҚҰБ екініші деңгейлі банктерді қажеттілігіне қарай қолма-қол шетел валютасымен қамсыздандырып отыр» делінген хабарламада.