28 наурыздан бастап Польша билігі республикадағы маска тағу режимін және шетелден келген адамдар үшін карантинді алып тастау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы бейсенбіде өткен баспасөз мәслихатында республиканың Денсаулық сақтау министрі Адам Недзельский мәлімдеді.
«Мен 28 наурыздан бастап бетперде кию міндетін алып тастау туралы шешім қабылдадым. Бірақ медициналық мекемелерге – қызметкерлерге де, пациенттерге де маска тағу бұрынғыдай міндеттеледі. 28 наурыздан бастап басқа жерлерде мұндай міндет болмайды», деді ол.
«Екінші шешім – үйдегі оқшаулауды жою, яғни шетелден келген адамдар үшін карантин қарастырылмайды», деді министр.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда тиісті шешімдер қабылданады.