Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің саяси картасында жаңа үш облыстың пайда болатынын жария етті. Соның бірі – Қарағанды облысы құрамынан бөлініп шығатын Ұлытау облысы.
«Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық ғана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше», деген болатын ел Президенті.
Өз алдына жаңадан отау құратын өңірді ескі де жаңа облыс деп те атауға болады. Өйткені болашақта ұлт ұясының атауын иемденетін бұрынғы Жезқазған облысы 1973 жылдың 20 наурызында құрылып, оның құрамына Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев сынды төрт қала және Ақадыр, Ақтоғай, Жезді, Жаңаарқа, Приозерный, Ұлытау, Шет сияқты жеті аудан кірген еді. Сол кездің өзінде бұл аймақтың аумағы ұлан-ғайыр болды: 313 400 шаршы шақырымды алып жатты. Халқының саны 500 мыңға таяу болды. Ал облыс орталығы Жезқазған қаласында 130 мыңға жуық адам мекен етті.
Міне, осындай әлеуеті бар облыс ширек ғасырдай «өмір сүріп», 1997 жылдың 3 мамырында таратылды да, оның аумағы түгелдей Қарағанды облысының құрамына қосылды. Әлбетте, сол кездегі күрделі жағдайға байланысты қабылданған мұндай шешімнің өз алдына облыс болып тұрған өңірге оңай тимегені рас еді. Мұның салқын әсерін облыс орталығынан жырақта жатқан Жезқазған-Ұлытау өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы молынан сезінді. Бұрынғы облыстың тұрғындары Қарағанды және еліміздің басқа өңірлеріне көше бастады. Мәселен, 129 мың адам тұрған Жезқазған қаласындағы халық саны 90 мыңдай тұрғынға дейін азайып кетті.
Дегенмен, соңғы жылдары Жезқазған өңіріне облыс басшылығы тарапынан жіті көңіл бөліне бастағанын да айта кеткен ләзім. Соның нәтижесінде көптен бері қордаланып келген бірқатар мәселенің шешімін тапқаны да рас. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек нақты дәлелдерді келтіріп, өзінің пікірін былайша сабақтады.
– Қарағанды облысының құрамында болған жылдар ішінде Жезқазған өңірі өсіп-өркендеді. Әрине, мәселелер де болды. Дегенмен, олар біртіндеп шешіліп жатты. Олардың ең маңыздыларының бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі Президент қолдауына ие болды. Биыл Үйтас-Айдос суағарын қайта жаңарту және Қожамсейіт су орнында суағар салу жұмыстары басталады. Су ресурстары комитетімен бірлесе отырып, біз Есқұла су тартқышын аяқтадық. Сапалы суды Сәтбаев тұрғындары тұтынып, оның бір бөлігі қазірдің өзінде Жезқазғанға жеткізілуде. Сондай-ақ 300-ден астам жұмыс орнының құрылуымен үш ірі жобаны іске қосу күтілуде. Жалпы, өңірде өнеркәсіптік өндірістің өсуі байқалады. Сонымен қатар Жезқазған – Қызылорда жолының жағдайына қатысты көптеген шағым болды. Қазір оны шешу үшін мердігерді таңдауға конкурс жарияланды, ал жазда жоспар бойынша жөндеу жұмыстары басталуы керек. Денсаулық сақтау саласында да көп жұмыс атқарылды. Коронавирус инфекциясының күрделі кезеңінде инфекциялық аурухана салынды, материалдық-техникалық база нығайтылып, онкологиялық орталықты ашу мәселесі пысықталды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Әлбетте, бұрынғы Жезқазған облысының енші алып, өз алдына бөлініп шығатын хабарын сол өңірді мекен еткен тұрғындар ерекше қуанышпен қабыл алды. Жасыратыны жоқ, жергілікті халық бұрынғы облыстың қалпына келгенін ширек ғасырдан бері мәселе қылып көтеріп, табанды түрде талап етіп келген еді. Енді, міне, тұрғындардың талап-өтініші, тілегі қабыл болып, «Ұлытау облысы» деген құлаққа аса жағымды естілетін атауы бар аумақтық-әкімшілік аймақ дүниеге келгелі тұр.
Өңірді дүр сілкіндірген бұл жаңалыққа байланысты Ұлытау – Жезқазған аймағының тұрғындары бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Соның ішінде Жезқазғаннан шығып, Сәтбаев қаласы мен Жезді кенті арқылы өтіп, ұлт ұясы – Ұлытауға ат басын тіреген автошеруді айтуға болады. Аталған өңірдің белсенді азаматтарынан құралған бастамашыл топ ұйымдастырып, жергілікті қалалар мен аудандардың әкімдері қолдаған бұл іс-шараға 50-ге жуық автокөлік қатысты.
Автошерудің салтанатты жиынында Ұлытау ауданының құрметті азаматы Қуаныш Бекілдеков, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театрының әртісі Досжан Жанботаев, мемлекеттік қызмет ардагері Станислав Филипович, «Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Ақжол Құрмансейіт және басқа да азаматтар сөз алып, Мемлекет басшысына алғыс білдіре келіп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырды. Айтыс ақыны, Ұлытау ауданының құрметті азаматы Мұқаш Сейтқазиновтің жырдан шашу шашқаны да ерекше әсер қалдырды.
– Алынбайтын қамал жоқ
Ер шындаса,
Ел қуанған билік қолын бұлғаса.
Құлақ асқан қара халық үніне,
Қасым-Жомарт Кемелұлы,
мың жаса!
– деп тебіренді ел ішінде «Дәридәй» атанып кеткен ақын.
Жасыратыны жоқ, осы жиында сөйлеген «Кетбұқа» қоғамдық қорының төрағасы, Қарағанды облысының құрметті азаматы Төлеген Бүкіровтің сөзінде шындықтың дәні бар еді.
– Осыдан 25 жыл бұрын бұрынғы Жезқазған облысы тарап, өңір Қарағанды облысының құрамына енген еді. Сол кезде біз бұлай істеген де дұрыс шығар деп ойлағанбыз. Алайда уақыт өте келе өңірдің тынысы тарылып, экономикалық та, әлеуметтік те әлеуеті төмендеп кетті. Жетім баланың күйін кешкендей болдық. Мемлекет басшысының кешегі Жолдауынан кейін, кеткеніміз келіп, кемісіміз толғандай болды. Ұлытау облысы құрылатынын, оның орталығы Жезқазған қаласы болатынын естіп жүрегіміз жарылардай қуандық. Облысқа қасиетті Ұлытаудың есімін бергені мерейімізді тіпті көтеріп тастады, – деді ол ағынан жарылып.
Ұлытау облысы құрылады деген жаңалыққа алғашқылардың бірі болып ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков оң пікір білдірді. Мысалы, ол осындай өзгерістің қазіргі күрделі кезеңде қажеттілігі бар ма деген сыңайдағы пікір ұстанған скептиктерге былай деп жауап берді.
– Кейбір керітартпа ағайындар осынша жаңа құрылымдардың ел экономикасына әсері қалай болады дегенді де айтып жатыр. Меніңше, оң, тек оң әсері болады! Мәселен, Жезқазған облыс мәртебесінен айырылғалы бері ептеп етек-жеңін жинап алған «Қазақмыс» сынды алпауыт кәсіпорындар қайта қайырылып, жаңаша жағдайда, тың қарқынмен еңбек ететіні сөзсіз. Сонымен қатар оң өзгерістер Ұлытауға іргелес жатқан Қызылорда облысы, Торғай – Арқалық аумағын да қамтымақ. Кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіліп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Қаңырап қалған қалаға ел оралады, тусырап жатқан далаға мал толады, еңбек дабылы қайта қағылады. Бір сөзбен, бұл шешімдердің стратегиялық мән-маңызы ерекше, – деді ғалым.
Сонымен қатар кезінде Қарағанды облыстық мәслихатын басқарған, Парламент Мәжілісінің депутаты болған қоғам және мемлекеттік санаттағы қайраткер тұлға жаңа облысты құрғанда әкімшілік-аумақтық бөліністе аса сабырлы және салиқалы саясат ұстану керектігін айтты. Ғалымның пікіріне қарағанда, ескі де жаңа облыс бұрынғы аумағымен бөлініске түссе, мұның Жезқазғаннан жырақта орналасқан Ақтоғай, Шет аудандары мен Балқаш өңіріне қиындық туғызуы мүмкін. «Бәзбіреулердің Ұлытау, Шет аудандары мен Балқаш қаласы Ұлытау облысы құрамына өтпесе, жаңа ашылған облыста халық саны азаяды деген уәжімен келіспеймін. Керісінше, жаңа облыста, оның орталығында халық саны өсе түседі деген сенімдемін», деп ой қорытады Н.Дулатбеков.
Ал аталған мәселеге байланысты Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің білдірген пікірі қысқа да нұсқа болды.
– Мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Үкіметтік комиссия құрылады. Аталған аудан тұрғындарының пікірі ескерілетін болады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Міне, Арқа төсіндегі алып облыс екіге бөлінер тұстағы қуанышпен қатар осындай уайым да қатар тұр. Жаңа облыстың орталығынан шамамен алғанда мың шақырымға жуық шалғайда жатқан Шет, Ақтоғай аудандары мен Балқаш өңірінің тұрғындары қазірдің өзінде Қарағанды облысының құрамында қалудың айла-амалдарын жасап жатыр. Олардың Президент пен Үкіметке бейнеүндеу жолдап, арыз-шағымын жазып, бұл бағытта белсенділік танытып жатқанын жылы жауып қоюға да әсте болмас.
Қалай болған күнде де, еліміздің саяси картасында Ұлытау сынды облыстың пайда болатынын зор қуанышпен, үкілі үмітпен қабыл алған Арқа жұртының бір бөлігіне қатысты өтініш-тілектің де міндетті түрде оң шешімін табуы тиіс деген ойдамыз. Иә, ақын айтқандай, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқаннан» ұтарымыз мол болар еді.
Қарағанды облысы