• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2022

Қазақстан-Жапония: Өзара ынтымақтастықтың жаңа белесі

1173 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Жапония арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 30 жыл толды. Осыған орай екі елдің түрлі саладағы өзара байланысы одан әрі нығая түсуіне бағытталған іс-шаралар қолға алынды.

Елордада Қазақстандағы Жапо­ния елшілігі жапон импе­рато­рының туған күні құрметіне сал­танатты қабылдау өткізді. Нұр-Сұлтанда өткен салта­нат­ты жиынға Қазақстан Респуб­ли­касы Сыртқы істер минис­трінің бірінші орынбасары Шах­рат Нұрышев, қазақстандық депу­таттар мен еліміздегі диплома­тиялық миссия өкілдері қатысты.

Жапонияның ұлттық мей­рамын тойлау кезінде Қазақстан мен Жапония арасындағы дип­ло­матиялық қатынастардың орна­уына 30 жыл толғаны атап өтілді.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Әнұранын музыкалық аспапта  орындаған Жапонияның Қазақ­стандағы елшісі Джун Ямада екі ел ара­сын­дағы тығыз байланысты, достық қа­рым-қатынасты ерекше атап өтті. Іс-шара барысында «Кага­ми­вари» деп аталатын жапон­ның ұлттық сакесі құйылған бөш­кені жару салтанаты өткізілді. Қаты­­су­шылар жапон халқының мәде­­ниетімен жақынырақ таны­суға мүмкіндік алды.

Жалпы, Қазақстан мен Жапо­нияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына 30 жыл толуы кең көлемде аталып өтіп жатқанын айта кету керек. Наурыз мейрамы қарсаңында Жапониядағы Қа­зақ­стан елшілігі жапониялық әріп­тестерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негіз­гі тұстары талқыланды. Қаты­су­шыларға жүзеге асырылып жат­қан саяси және әлеуметтік-эконо­микалық реформалардың бары­сы туралы баяндалды. Қазақ­станды одан әрі дамытуға және қоғамымызды демократия­лан­дыруға ықпал ететін суперпре­зиденттік формадан күшті пар­ла­менттік республикаға көшу сияқты маңызды саяси бастамаларға ерекше назар аударылды. 

Өз кезегінде, қатысушылар екі­­жақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағын тал­қы­лап, Қазақстан мен Жапония ара­сын­­дағы өзара ықпалдастықты кеңей­тудің жаңа бағыттарын белгіледі.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зи­денті Қ.Тоқаевтың Жар­лы­ғымен ХХ ғасырдың басын­дағы қа­зақ зиялыларының тари­хын зерт­­теуші, Хоккайдо универ­сите­тінің профессоры Томо­хико Уя­маға ІІ дәрежелі «Дос­тық» орде­ні және 1993-1996 жыл­дар аралы­ғында Қазақ­станда қызмет атқар­ған Жапо­нияның Қазақ­стан­дағы тұң­ғыш елшісі Аки­ра Ма­цуиге «Қазақ­стан Тәуел­сіз­дігіне 30 жыл» мерей­тойлық медалі тапсырылды.

Ал Қазақстандағы Жапония елшілігі елімізде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, өзара байланыстарды нығайтуға атсалысып келеді. Жақында Қазақ ұлттық хореография академиясы, еліміздегі Жапония елшілігі және Жапония үкіметінің мәдениет істері агенттігі бірлесіп, заманауи биден дәріс өткізді. Онлайн іс-шара екі ел арасындағы мәдени бай­ланысты арттырып, Қазақстан мен Жапониядағы заманауи би­дің қазіргі дамуын талқылауға ар­налды.

Жапонияның заманауи биі туралы жапон мәдениетінің өкілі, профессор Акико Китамура айтып берді. Ал өнертану ғылымдары­ның кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясы режис­серлік кафедрасының аға оқыту­шысы Анвара Садықова қазақ биінің қалыптасуы мен дамуы туралы баяндады. Осылайша, екі ел арасындағы мәдени байланыс тереңдей түсіп, би өнерінің дамуы жайлы құнды мағлұмат берілді.

Білім беру саласы мен жоғары оқу орындары арасындағы байла­нысты нығайту бағытындағы іс-шаралар мұнымен шектелмеді. Наурыз айында Қазақстан Жапон тілі мұғалімдері қауымдастығы мен Жапонияның Қазақстандағы елші­лігі бірлесіп, 23-ші қазақ­стандық жапон тілі бойынша ше­шендік өнер байқауын өткізді. Байқауға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Халық­аралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті, Ичикава жапон тілі мектебі және Қазақстан-Жапония адами даму орталығынан 16 студент қатысып, жапон тілінде баяндама жасады. Цукуба универ­ситеті іс-шараның демеу­шісі ретінде сөз сайысына қаты­су­шыларға сыйлық табыс етті. Қазақ­станда жапон тілін үйрену­шілердің тәжірибе алмасуына жол ашқан іс-шара екі елдің білім беру саласындағы өзара байланысын арттыра түсті.

Осылайша, Қазақстан мен Жа­пония арасындағы түрлі саладағы өзара ынтымақтастық жаңаша сипат алуда.