Қостанайда Тобольская көшесіндегі екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық ТЖД мәліметінше, тұрғын үйдегі өрт 27 наурызда сағат 13:57-де болған. Өрт 100 шаршы метр аумаққа жайылды.
«Өрт орнында үй-жайды жалға алған 1988 жылы туған азаматтың жанып кеткен денесі табылды. Сондай-ақ өрт кезінде зардап шеккен 1985 жылы туған азамат жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Көрші бөлмеде 2011 және 2013 жылдары туған екі қыздың мәйіті табылды», делінген облыстық ТЖД хабарламасында.
Ведомствода атап өтілгендей, өрт 15:05-те ауыздықталды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге ТЖД 23 қызметкері мен бес арнайы техника жұмылдырылды.