• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2022

Қарағанды облысының әкімі халықпен жаңа форматта кездесті

882 рет
көрсетілді

Облыс халқымен жаңа формат аясында есептік кездесулер өткізіп жүрген өңір басшысы Жеңіс Қасымбек бұл жолы Бұқар жырау ауданына барып, сондағы бірқатар ауылдарының тұрғындарымен жүздесті, деп жазады Egemen.kz.

Алыстағы ауылға, шалғайдағы ауданға барып, халықпен бетпе-бет отырып сөйлесу, олардың өтініш-тілегін, сын-ескертпесін өз құлағыңмен есту – бұл әкімдерді қара халыққа жақындата түсетін алғышарттың бірі және бірегейі.

Сондай кездесулердің бірі Қызылжар ауылында өтті. Қазіргі таңда бұл елді мекенде 800-ге тарта адам тұрады. Ауылда медициналық бекет бар, фельдшер жұмыс істейді. Бірақ мұндағы ғимарат жөндеуді қажет ететін ескі екен. Осы орайда облыс басшысы жергілікті жұртқа қуанышты жаңалықты жеткізді. Биыл аталған ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталмақшы екен.

Қызылжардағы тағы бір мәселе – бос тұрған спорт залының жай-күйі. Қараусыз қалған ғимарат бұзыла бастаған. Кездесуде жергілікті тұрғын Амангелді Есенғали нысанның осындай күйге түскеніне қынжылыс білдірді.

«Бала кезімнен Қызылжарда тұрамын. Осы спорт залда күреспен айналыстым. Талай чемпиондар шыққан алтын ұя еді. Ауылда спорт залы болмаған соң, балалар немен айналысарын білмей, бос жүр. Ал енді осы ғимаратты жөндеп берсе, біз үшін бұл үлкен қуанышты болар еді», дейді ол.

Өз кезегінде облыс әкімі спорт ғимаратын жөндеуге конкурс жарияланғанын айтып, қызылжарлықтарды тағы бір жағымды жаңалықпен қуантты. Сәтін салса, аталған спорт залы алдағы уақытта адам танымастай күйге енетін болады деп сендірді ол.

Растовка ауылында тұрғындар мектеп-интернатта жүргізілген жөндеу жұмыстары сапасының көңіл көншітпейтінін айтып, сондай-ақ білім ордасындағы педагогикалық кадрлардың тапшылығын да тілге тиек етті.

Осы жайттан хабардар болған облыс әкімі жөндеу жүргізген мердігердің жұмысын бағалайтын комиссия құру қажеттілігін айтты.

«Барлық кемшілікті компания кепілдік бойынша жоюы керек», деп шегеледі ол.

Жалпы, аталған ауылда ішкі жолдар асфальтталып жатыр екен. Біразы былтыр іске асырылса, қалғаны биыл аяқталуы тиіс.

Ал Ботақара мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан орталығының ғана емес, басқа да ауылдардың тұрғындары қатысып, олар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды. Әсіресе, тұрғындарды қолдағы мал жайылатын жайылым жерлердің жетіспеушілігі алаңдатады екен. Кездесуде бұл мәселенің жер заңнамасы аясында реттелетіні айтылып, пайдаланылмай және тиімсіз пайдаланып келген жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылып, одан кейін олар ауыл халқының иелігіне берілетіні мәлім етілді.

Сонымен қатар облыс әкімімен кездесуде басқа да көптеген мәселелер көтерілді. Аудан тұрғындары электр жүйелерінің алаңдатарлық жағдайы, спортпен айналысуға орын жетіспеушілігі, құрылыс және жөндеу жұмыстарының жайы сияқты басқа да толып жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемалардан бастап мал ұрлығының азаймай тұрғандығына дейінгі мәселелерді ашып айтты. Тұрғындарды мұқият тыңдаған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бірқатар мәселелерді сол жерде бірден шешіп, ал қордаланып қалған және зерттеуді қажет ететін күрделі проблемалардың уақыт өте келе бірте-бірте шешімін табатынына сендірді.

Кездесуде облыс әкімі Бұқар жырау ауданында оң динамика бар екенін атап өтті. Тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделуде.

«Мысалы Доскей ауылында бес қабатты екі үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Сондай-ақ облыстық басқармалар есебінен тағы үш үй қалпына келтіріледі. Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақсаруда. Бірақ шешілмеген мәселер де аз емес. Осы кездесудің қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен өтініш-тілектер ескеріле отырып, іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Келесі кездесуде не істелгені туралы есеп беретін боламыз», деді Ж.Қасымбек.

Жалпы есептік кездесуге қатысқан аудан халқы жаңа форматтағы жүздесудің көңілден шыққанын айтты. Солардың бірі – Ботақара кентінің тұрғыны Раушан Сағандықова өзінің пікірін былайша білдірді.

«Қездесуде мен жерлестерімнің проблемалары туралы айтып бердім. Әкімнің есебіне бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осындай кездесулер көп болуы керек. Бүкпесіз, ашық диалог болды. Біздің мәселелеріміз шешіледі деп үміттенеміз. Халыққа жақын болу – бұл өте жақсы. Мұндай кездесулер билікке деген сенімді арттырады», деп ағынан жарылды аудан тұрғыны.