Алматылық полицейлер жергілікті тұрғыннан есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Наурызбай ауданының 62 жастағы тұрғынын қамауға алған.
«Тағайындалған сараптамаға сәйкес, арнайы іс-шаралар кезінде 62 жастағы А. есімді азамат гашиш есірткі затын сақтағаны анықталды. Күдіктінің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту барысында өсімдік тектес және ерекше иісі бар бірнеше полиэтилен орамдары табылып, тәркіленді. Атап айтқанда: дәлізден 15 бума, шкафтан 11, тағы 9-ы көлікте жасырылған. Сондай-ақ оның тұрғылықты жерінен газ тапаншасы табылды», деп нақтылады Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов.
Полиция қызметкерінің айтуынша, күдікті есірткі сатқанын толықтай мойындаған.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.
Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.