Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.
Іс-шаралар жоспары он бағытты қамтиды
Тапсырмаларды іске асыру туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы 10 бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтитынын айтты. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған. «Президенттің өкілеттіктері туралы» бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көзделген. Президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға мынадай түзетулер енгізіледі: Президенттің өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуы; Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салу; Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастауды, сондай-ақ аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығын жою.
Министрдің айтуынша, партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол бермеу үшін заңнамаға Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережелер енгізіледі. Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады.
Екінші бағыт – «Өкілді билік тармағын қайта құру» бойынша 4 іс-шара жоспарланды. Заңнамаға төмендегідей өзгерістерді енгізу арқылы Парламент Сенатын жасақтау тәртібі мен оның бірқатар функциясы қайта қаралады, олар: Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарады, оның ішінде 5 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады; Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі; Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды Парламент Сенатының мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын көздеу; Парламент Сенатының өкілеттіктерін Конституциялық Кеңестің және Жоғары сот Кеңесінің төрағалары лауазымдарына кандидатураларды келісу құқығымен толықтыру; Парламент Мәжілісіне заңдар қабылдау құқығы беріледі; Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылады; Заңнамаға Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері лауазымдарына баламалы негізде кемінде екі кандидатура енгізу құқығы беріледі.
Үшінші бағыт – «Сайлау жүйесін жетілдіру» бойынша бір іс-шара іске асырылатын болады. «Елді одан әрі саяси жаңғырту мақсатында сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізілетін болады, ол 70/30 қатынасында Мәжіліс құрудың аралас жүйесін көздейді, яғни депутаттардың 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бойынша 50%, аудандар мен қалалардың мәслихаттарына мажоритарлық жүйе бойынша сайланады», деді Ә.Қуантыров.
Төртінші бағыт – «Партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейту» бойынша бір іс-шараны іске асыру көзделеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылады. Оның ішінде: тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету; өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін төмендету; партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту; филиалдарды құру мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту; құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзарту көзделеді.
«Сайлау процесін жаңғырту» бесінші бағыты бойынша сайлау алдындағы үгіт кезеңінде әлеуметтік желілерде үгіт жүргізуге рұқсат беру, байқаушылардың қызметін реттеу, аумақтық сайлау комиссиялары қызметінің қағидаттарын қайта қарау, сайлау қорларына қайырымдылықтың шекті мөлшерін белгілеу, сайлауға шетелдердің араласуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау, сондай-ақ сайлау науқанына барлық қатысушылардың барынша қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланады.
Алтыншы бағыт – «Құқық қорғау институттарын күшейту» бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген. Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциялық соты құрылады. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері регламенттеледі. Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы беріледі. Сонымен қатар өлім жазасы Конституциядан алынып тасталады. Прокуратура органдарына азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу көзделеді. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеу жоспарлануда. Жоғары сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерін онлайн трансляциялауды және олардың қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсіндірмелер жариялау енгізіледі.
Жетінші бағыт – «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» бойынша 3 іс-шара жүзеге асырылады. «Мемлекет мүдделерін, қоғам сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере отырып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды қайта қарау жоспарлануда. Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен сарапшыларды кеңінен тартуға бағытталған мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі тәсілдер әзірленетін болады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде жаңа Ұлттық құрылтай институты құрылады», деді Ә.Қуантыров.
Сегізінші бағыт – «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бойынша 5 іс-шара іске асырылады. Бүгінде министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмысты бастап кетті. Биылғы 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін Комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – жаңа өңірлерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Сондай-ақ жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленді. Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды. «Алгоритм аталған облыстар әкімдіктерінің назарына жеткізілді. Жалпы алғанда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі», деді Ә.Қуантыров.
Тоғызыншы бағыт – «Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру» бойынша 2 іс-шара іске асырылады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде министрлік «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң және оған ілеспе заң жобаларын әзірлеуде. «Заң жобалары жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының аражігін ажырату, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүліктік құқықтарын және мәслихаттар өкілеттіктерін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін оңайлату жөніндегі нормаларды көздейді», деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.
«Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы» оныншы бағыт бойынша 5 іс-шара жүзеге асырылады. Әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін туындайтын тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында Дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Ол қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, инфляцияны бақылау және төмендетуге, көлік-логистикалық тізбектегі алшақтықты қысқартуға, сыртқы сауда қызметін қолдау және ынталандыруға, экономика салаларын қолдау және инвестициялар тартуға бағытталған. Сондай-ақ Ә.Қуантыровтың айтуынша, егіс науқанын сапалы жүргізу қамтамасыз етіледі, оның ішінде фермерлерге жанар-жағармай материалдарының қажетті жеңілдікті көлемі бөлінеді, ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым және тыңайтқыш қорларының дайындығы тексеріледі. Бұдан басқа, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқарудағы құрылымдық реформалардың жаңа топтамасын дайындау жоспарда бар.
Отырыста аталған мәселе бойынша Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сөз сөйледі. Премьер-Министрдің айтуынша, алдағы маңызды саяси реформаларды жүзеге асыру үшін Президенттің өкілеттігі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, мәслихаттардың, әкімдердің функциялары мен оларды құру тәртібі, саяси партия құру мәселелеріне қатысты конституциялық заңдар мен басқа да заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Еліміздің заңнамасында әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ереже енгізіледі. Сондай-ақ Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бағыттарының бірі бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын құру, жазаның бір түрі ретінде өлім жазасын Конституциядан алып тастау, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін және оның Конституциялық сотқа жүгіну құқығын конституциялық регламенттеу мен кепілдігін қамтамасыз ету жоспарлануда.
Оныншы бағыт аясында қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуге, инфляцияны бақылауға және төмендетуге, көлік-логистикалық тізбектердегі алшақтықты қысқартуға, сыртқы сауда қызметін қолдауға және ынталандыруға, экономика салаларын қолдауға және инвестициялар тартуға бағытталған Дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының жобасы әзірленетін болады.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін және барлық келісу рәсімдерінен өткенін атап өтті. «Аталған жоспарды орындауға дереу кірісуіміз қажет. Ондағы әрбір іс-шараның сапалы және уақтылы орындалуына бірінші басшылар тікелей жауапты екенін баса айтқым келеді. Орынбасарларыма жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», деді Әлихан Смайылов.
Қазақстанның көлік саласы дамып келеді
Үкімет отырысында еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бүгінде көлік саласында оң динамика бар. Жүк тасымалы көлемі артып келеді. Биыл қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда темір жол көлігімен жүк тасымалдау 10%-ға артып, 70,8 млн тоннаны құрады, транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 4 млн тонна болды, контейнерлермен тасымал 12%-ға артып, 174,7 мың жиырма футтық баламаға жетті. «Биыл алдымызда темір жолмен жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзит тасымалдарды 24,5 млн тоннаға және контейнерлер транзитін 1 100 мың жиырма футтық баламаға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90%-ы темір жол көлігімен тасымалданады», деді Қ.Өскенбаев.
Жалпы, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған. 2025 жылға дейін транзиттік тасымалды 30 млн тоннаға дейін жеткізу керек. Осы мақсатқа жету үшін темір жол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Темір жол көлігі саласында «тар жерлерде» өткізу әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін 3 негізгі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Біріншісі – «Достық – Мойынты». Бұл жобаны іске асыру Қытай Халық Республикасы мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар көлемін, учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге дейін ұлғайтып, тасымал жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін арттырады. Екінші – «Дарбаза – Мақтаарал». Аталған жоба Орталық Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етеді. Үшінші – «Алматы стансасының айналма темір жол желісі». Жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30%-ға азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Темір жол инфрақұрылымын және транзиттік әлеуетті дамыту туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндады. Былтыр Қазақстан арқылы 1 млн 066 мың контейнер тасымалданды. 2016 жылмен салыстырсақ, бұл 4,3 есе көп. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, Қытай, Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа арасындағы контейнер ағынының 5-8%-ы Қазақстанға тиесілі. «Негізгі транзиттік дәліз – Қытай – Еуропа – Қытай бағыты. Бұл аралықты Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің темір жол әкімшіліктерінен құрылған ОТЛК ЕРА бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. ҚТЖ Middle дәлізін дамыту үшін Әзербайжан мен Грузияның темір жол әкімшіліктерімен де дәл осындай бірлескен кәсіпорын құру туралы бастама көтерілді. Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы көршілерімізбен бірлесіп, Оңтүстік дәлізін дамыту бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Биылғы екі айдың қорытындысына қарап, біз контейнерлік транзиттік тасымал қарқынын жылдың соңына дейін сақтауға болатынын бағамдап отырмыз», деді ҚТЖ басшысы.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағытының тұрақты жұмысын және қазақстандық бизнес-қауымдастық үшін бәсекеге қабілетті, бірыңғай тарифтің қабылдануын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Индустрия министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде жүктерді контейнерлермен тасымалдауға көшу мәселесін пысықтауы қажет. Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен бірлесіп, жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.
Қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Индустрия министрліктерімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, тиісті жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтау қажет. Бірінші кезекте бұл – Достық –Мойынты және Алматы айналма стансасына қатысты. Бұған қоса, Премьер-Министр Индустрия министрлігіне «Қазавтожол» компаниясымен бірге биылғы құрылыс маусымын барынша тиімді пайдаланып, жоспарланған 8 учаскенің барлығын іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді.