Алматы қаласынан дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық құрылады. Бұл жайлы Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Ресей және Қырғызстанмен төтенше жағдайларға қатысты қарым-қатынастарды реттейтін заң жобаларын қараған отырыс барысында айтылды.
Алдымен депутаттар «1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.
Хаттаманың мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібін қамтамасыз етуге құқықтық негіз қалау. Сондай-ақ, заң жобасымен мемлекеттік шекараны өткізу пункттері арқылы және қолданыстағы өткізу пункттерінен тыс жерде кесіп өтуін қамтамасыз етуге арналған құзыретті органдарды айқындайтын нормалар көзделіп отыр. Бұдан басқа, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарымен күресуге арналған қазақстандық-ресейлік ғарыштық мониторинг жасау жүйесінің жобасы әзірленіп жатқаны мәлім болды.
Сонымен қатар, жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Владимир Божко мұндай бастама БҰҰ Даму бағдарламасы тарапынан, БҰҰ Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру және халықаралық стратегия басқармасы, Дүлей зілзалалардың қатерін төмендету жөніндегі Азия орталығы тарапынан қолдау тапқандығын атап көрсетті.
Алматы қаласында құрылатын бұл орталыққа БҰҰ Аймақтық құрылымдары, Германияның, Жапонияның және басқа да елдердің халықаралық ынтымақтастық агенттіктері қызығушылық танытуда. Көптеген ұйымдар аталған орталықты төтенше жағдайлар саласындағы жобаларды жүзеге асыратын алаң ретінде қарастыратыны да айтылмай қалмады. Негізінен, Орталық Президент Н.Назарбаевтың Алматы қаласында көпжақты дипломатиялық хаб құру туралы жүктеген тапсырмаларын да жүзеге асырумен байланысты.
Орталықтың жұмысы аясында БҰҰ-ның еліміздегі гуманитарлық қоймаларын құру мәселесі қарастырылады деп күтілуде. Мұндай қоймалар аймақ елдеріне гуманитарлық көмектер көрсетуге бағытталады және оларды материалдық қормен қамтамасыз ету қазақстандық тауар өндірушілерге жүктелуі мүмкіндігі алға тартылды. Ауғанстан Ислам Республикасынан Алматыда құрылатын орталыққа қосылуға ниетті екендіктерін білдірген нота келіп түскендігі белгілі болды. Және де Тәжікстан, Әзербайжан мен Пәкістан қызығушылық танытуда екен.
Сонымен бірге, палата «2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарап, қабылдады. Бұл жерде Хаттама 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімнің нормаларын 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шарттың нормаларына сәйкес келтіруді көздейді. Бұдан өзге, заңдық құжат Кеден одағына мүше елдер арасындағы ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне тарифтік квоталардың көлемін бөлуге мүмкіндік береді.
Депутаттар күн тәртібіне шығарылған «1928 жылғы 22 қарашадағы Халықаралық көрмелер туралы конвенцияны, оған 1948 жылғы 10 мамырдағы, 1966 жылғы 16 қарашадағы, 1972 жылғы 30 қарашадағы Хаттамаларды, сондай-ақ, 1982 жылғы 24 маусымдағы және 1988 жылғы 31 мамырдағы Түзетулерді ратификациялау туралы» заң жобасын да қабылдағанын айта кету керек. Конвенцияны ратификациялау ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мен өткізу үшін жағдайлар жасауға көмектеседі. Атап айтқанда, көрмені ұйымдастырушыны айқындау тәртібі, тіркелген көрмелер ұйымдастырушыларының және қатысушы мемлекеттердің міндеттемелері белгіленеді. Бұл жерде көрсетілген қағидалар ЭКСПО көрмелерінде көрсетуге немесе пайдалануға арналған тауарларды әкелудің жеңілдікті режімін қамтамасыз ететін болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».