• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2014

ИнЕУ

398 рет
көрсетілді

ИНТЕГРАЦИЯ ИГІЛІГІ

Жақында ғана, 29 наурыз күні «Егемен Қазақстан» «Жасампаз жобаға – жиырма жыл» деген ортақ та­қы­рыппен арнаулы нөмір дайындаған болатын. Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық Одақ құру жөніндегі бас­тамасын жария етуінің дәл жиырма жылдығына орайластырылған материалдар Қазақстан басшысының Еуразиялық экономикалық қауымдастықты, Кеден одағын құру, Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру идеяларының бәрі де кезең-кезеңімен жүзеге асып келгенін көрсеткен, алдағы кезде Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындықтың барысын ашқан еді. Газет бүгінгі нөмірде де осы аса маңызды тақырыпты жалғастырып, «Интеграция игілігі» ортақ атауына топтастырылған жария­ланымдарды 3-бетте оқырмандар назарына ұсынып отыр.

ИнЕУ

Павлодардағы бұл университет Ресейдің Сібір өлкесі мен Қазақстанның Алтай аймағындағы әмбебап мамандар дайындайтын бірегей сапалы оқу орны болып отыр

Жуырда ғана өнертапқыштық бастамаларды дамытуға қосқан үлесі үшін Ресей Жаратылыс тану академиясы президиумының шешімімен павлодарлық ғалым, ИнЕУ-дің химия және металлургия кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Иршек Ибраев Альфред Нобель медалімен марапатталды. Бұл оқу орны үшін үлкен жетістік. Студенттер үшін мақ­та­ныш. Университетте Еуропа­лық Одақтың қолдауымен «Жаң­ғыртылмалы энергетиканың» бірегей зертханасы құрылды, оның біздің елімізде, ТМД елдерінде баламасы жоқ көрінеді. Оқу орнының ауа райын бақылайтын өзіндік жеке метеорологиялық стансасы бар. Экономика ғылымға, инновацияға, жаңашылдыққа сенеді, білім ғылым арқылы беріледі деген осы. Облыс орталығындағы біз ИнЕУ деп жазып отырған осы Инновациялық Еуразия универ­ситетіне жақында Ресейдің Бар­наулдағы И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінің студенттері де келіп қайтты. Сонымен қатар, осы аралықта Алтай мемлекеттік техникалық университетінде ИнЕУ-дің де студенттері оқып-білім алу үшін Барнаулға аттанған болатын. Шекаралас өңірлер үшін жол ашық. Мақсат – ел студенттерінің екі елдің профессорлары өткізетін инновация, жаңа технологиялар тақырыбындағы лекцияларына қатысып, өзара ой-пікір бөлісіп, білім деңгейлеріне баға беру. Яғни студенттер екі апта бойы Барнаул мен Павлодарда лекция­лар тыңдап, сабақ оқиды. Бізге келген барнаулдық студенттер ИнЕУ-дің стандарттау және машина жасау кафедрасында «Азық-түлік өнеркәсібіндегі тиеу-түсіру және тасымалдау-қоймалық жұмыстардың меха­низмі» мен «Тоңазыту техника­сының негіздері» пәндері бойынша лекция тыңдады. Бұл тақырыптағы сабақтарды техника ғылымдарының кандидаты, профессор П.Дубровин, аға оқытушылар Наркен Алғазинов, Т.Әкімбаевтар жүргізді. Оқу ор­нының стандарттау жүйесі және машина жасау кафедрасының аға оқытушысы Наркен Алғазиновтың айтуынша, сабақтар барысында ресейлік студенттер өздерінің білімділіктерін көрсете білді. Екі апталық оқу соңында Алексей Анохин, Денис Бехтев, Виктор Дзюбин, Алексей Ольховскийге оқыған пәндері және игерілген кредиттер саны көрсетілген көшірмелі транскрипттер берілді. Біз, Алтай мемлекеттік техни­калық университеті азық-түлік өндірісінің машиналары мен аппараттары факультетінің 4-курс студенттері, университетіміз бен ИнЕУ арасында өтетін сту­дент­­­­тердің білім алмасу бағдарла­масына қатысуға келдік, дейді Денис Бехтев. Яғни бұл өз маман­дығың бойынша қосымша білім алу деген сөз. ИнЕУ-дің оқытушы-про­фессорлық құрамына рахмет. Және де біз екі апта бойы достық қарым-қатынаста тұрған студенттік жатақхананың қонақ­жайлығына ризамыз. – Ал, жалпы, екі елдің студент­тері өзара білім алмасу арқылы тығыз байланыста болу үшін біздің тарапымыздан барнаулдық студенттерге тағылымдамалық бағдарламалар жасалынды. Оған өздері таңдаған пәндер бойынша дәрістік, тәжірибелік сабақтар, сонымен қоса бос уақыттарын қызықты өткізу жоспары енді, – дейді ИнЕУ-дің инженерлік академия факультетінің деканы Абылай Жүнісов. Университет техника ғылым­дарының докторы, профессор, ректор Асқар Камербаевтың басқаруымен жоғары технологиялар заманының талаптарына сай экономиканың әртүрлі салалары үшін біліктілігі жоғары мамандар даярлайды. Елімізге кәсіби кадрларды даярлауда өндіріс орындарымен бірлесе жұмыс жасауда. Сонымен қатар, көршілес Ресейдің ынтымақтастық ұсыныстарына орай инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды бірлесіп даярлауға қол жеткізді. Мысалы, Түмен мемлекеттік мұнай-газ университетімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын қолдау туралы келісімге де қол жеткізілді. ИнЕУ-ді «Еуропа ЖОО-ларының Ұлы хартиясына» қосу туралы Болон келісіміне қол қойылды. Өңірдің аймақтық инновациялық жүйесін қалыптастыру бағдар­ламасының қатысушысы саналады. Экономикалық, ғылыми-техникалық ілгерілеу және жоғары білімді дамыту, сонымен қатар, кәсіпорын базасында оқу-өндірістік орталықтар құру мақсатында Қазақстан және Ресей университеттері мен кәсіпорындарын біріктіретін «Ашық корпоративтік универ­ситет» консорциумын ұйымдастырушы аталып отыр. Алдағы уақытта ИнЕУ-ге студенттер үшін танымдық, инно­вациялық лекциялар оқу үшін Тува мемлекеттік университетінің профессоры Манчык-Сат Чодураа келмекші. Жаһандану үдерісінде Еуразиялық тұтастықтың қажеттігі, осы кеңіс­тікте интеграциялық үрдістердің өмірлік маңыздылығы, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде мәлімдеген еді. Сол сәттен бері өз дамуын алған бұл еуразияшылдық идея қолдау тауып, қазір өмірге белсене еніп келеді. Ал, ең бас­тысы, екі ел жоғары оқу орын­дарының оқытушы құрамын эко­номиканың негізгі салалары – өндірістер, жабдықтар мен машина жасау өндірісіндегі біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсаты біріктіреді. Сондықтан да, мұндай еларалық ынтымақтастық байланыстар екі ел студенттерінің Ресейдің және біздің еліміздің оқу орындарынан білім алып, ізденулеріне, болашақта білікті маман болуларына мүмкіндік беріп отыр.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.

ИНТЕГРАЦИЯ ИГІЛІГІ