Сауда орындарындағы күннен-күнге қымбаттап жатқан азық-түлік түрлерінің бағалары бұқара халықтың бүйіріне батады-ақ. Міне, осындай жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған шағында әлеуметті қолтығынан демеп жібермесе, әлеуметтік жағдайдың күрделенгеннің үстіне күрделене түсері сөзсіз.
Сонда не істемек керек? Мәселен, Қарағанды облысында бұл бағыттағы жағдай шешімін тапқан. Қазіргі таңда өңірдегі тұрақтандыру қорында қант, қарақұмық, өсімдік майы сияқты азық-түліктің 722 тонна көлеміндегі қоры құрылған. Бұдан бөлек, апта сайын белгіленген бағамен саудаға көкөніс жеткізілімдері ретке келтіріліп отырады.
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Өміртаев тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдері бағасын ұстап тұруға арналғанын айтады.
– Бұл бағытта екі механизм қолданылады. Біріншісі – бакалея өнімдерін өзіміз сатып аламыз және сатамыз. Тауар интервенциялары комиссияның шешімі бойынша жүргізіледі. Өтінімдерді қалалар мен аудандардың әкімдіктері береді, ал көлемдер ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармаларымен келісіледі. Екіншісі – шағын және орта бизнес субъектілеріне 0,01% жеңілдікпен несие беру. Кәсіпкер белгілі бір кезеңде өнімді белгіленген бағамен сатуға міндеттенеді. Айналым деп аталатын схема бойынша көкөністерді сату жүріп жатыр, – дейді ол.
Мәулен Өміртаев жыл басынан бері шамамен 50 тонна бакалея өнімі көлемінде тауар интервенциялары жүргізілгенін айтады. Ал айналым схемасы бойынша Қарағандыда кәсіпкерлердің бірімен шарт жасалған екен. Өнімнің төрт түрі бойынша жалпы көлемі 2 мың тонна анықталды. Атап айтқанда, картоп – 1 100, сәбіз – 400, пияз – 300, қырыққабат 200 тоннаны құраған.
Мойнына жауапты міндет алған кәсіпкер апта сайын көкөністерді облыс орталығының супермаркеттеріне, әлеуметтік павильондарға жеткізіп отырады. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өткен жылдың қазан айынан басталған жеткізілімдер көлемі 500 тоннадан асқан екен.
Қазіргі уақытта қаны жерге тамбай тұрған тауардың бірі – қант. Енді осы тағам түріне келер болсақ, жақын арада Азық-түлік корпорациясынан қосымша 136 тонна жеткізіледі деген дерек бар. Бұл партияның бір бөлігі тауар интервенциясына жіберілуі тиіс. Сонымен бірге қарақұмық, өсімдік майын және күрішті қосымша сатып алу да жоспарда бар. Мәселен, қант – Тараздан, қарақұмық – Павлодар облысынан, өсімдік майы – Шығыс Қазақстан облысынан, ал күріш болса Қызылордадан жеткізілмек. Яғни бұл деген азық-түлік тауарларының түгелі өзіміздің елде өндіріледі деген сөз.
Аталған тауарлардың бәрі «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның қоймаларында сақталатын болады. Ал Мәулен Өміртаев тұрақтандыру қорын толтырып отыру үшін форвардтық сатып алу тетігін де пайдалануды жоспарлап отырғандарын айтады.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты осындай тапсырма бергені белгілі. Бізде бұл үшін қаражат жеткілікті. Біз картоп, сәбіз, пияз секілді көкөніс түрлерін сатып алуға келісім жасай аламыз. Бағаны белгілеп, өнім жиналғаннан кейін қажет болған жағдайда ауылшаруашылық тауар өндірушілерден өнімді ала аламыз, – дейді ол.
Қазіргі таңда «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ның облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен тізе қосып, өңірдегі бағаның тұрақты болуын қамтамасыз ету жолында, яғни тұрғындардың қымбатшылықтың қыспағында қалып қоймаймыз ба деген қорқынышын сейілту бағытында мардымды жұмыс істеп жатқанын айта кеткен ләзім.
Қарағанды облысы