Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында “Нұр Отан” ХДП Отанымыздың қол жеткен нақты жетістіктерін, Елбасының мемлекетті қалыптастырудағы орасан еңбектерін ашып көрсететін кең көлемдегі іс-шаралар жүргізуде.
Аталған шара аясында “Нұр Отан” партиясының Ақмола облыстық филиалы “Тағылымды кітаптар тартуы” акциясын өткізуде. Игі бастама облыстық, қалалық және жоғары оқу орындары кітапханаларына сан-салалы тақырыптарды қамтитын әдебиеттер мен оқу құралдарын салтанатты сыйға тарту рәсімімен басталды. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-практикалық кітапханасының директоры Нұрила Шашкеноваға, Көкшетау қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінің директоры Мәншүк Сайдалинаға, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің проректоры Аманай Сейітқасымовқа, Абай Мырзахметов атындағы университеттің өкілі Балқия Беконоваға кітаптар топтамасын табыс етті. Бұл көптомдық кітаптар “Тәуелсіздік шежіресі”, “Елбасы жолдады – елі қолдады”, “Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы”, “Елмен сырласу” серияларымен жарық көрген.
Әсем безендірілген кітаптар Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап аса маңызды тарихи оқиғаларды хронологиялық тәртіппен баяндайтындықтан, бұл дүниелердің ғылыми және тәрбиелік құндылығы орасан екендігі атап көрсетілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.