Сейсенбінің кеші павлодарлықтарды селк еткізді. Өңірде ауа райы күрт құбылып, боран мен жел ашуына мінді. Салдарынан бірнеше бағыттағы автожолдарда көлік қозғалысы шектелді. Түнде желдің жылдамдығы 25 м/с дейін жетіп, бірқатар елді мекен жарықсыз қалды. Әлеуметтік ғимараттардың шатыры ұшып, құзырлы орган мамандарын аяғынан тік тұрғызды.
Келесі күні төтенше жағдай жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өтті. Белгілі болғандай, дауылдан келтірілген шығын мен өмір сүру қызметінің жүйесін қалпына келтіру бойынша жедел штаб құрылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, табиғаттың тосын мінезі салдарынан 14 білім беру және 1 денсаулық сақтау нысанының шатыры жұлынған. Әсіресе Екібастұз қаласының ауылдық аймақтарындағы әлеуметтік ғимараттар көп жапа шеккен. Төртүй ауылында орналасқан екіқабатты Екібастұз орта мектебінде шатырдың 40 шаршы метрі, Солнечный кентінде үшқабатты, екі блоктан тұратын №28 орта мектеп төбесінің шамамен 300 шаршы метрі, Қоянды ауылдық округі Бесқауға ауылында №25 орта мектеп шатырының шамамен 37 шаршы метрі, Екібастұз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясы шатырының 350 шаршы метр аумағы жұлыныпты. Ал Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы қос қабатты Е.Бекмаханов атындағы орта мектептің 80 шаршы метрді құрайтын шатыры ұшып кеткен. Сондай-ақ шифердің құлауы салдарынан екі пластикалық терезе сынған. Ақтоғай ауданында «АЛАУ» хоккей корты шатырының 1 600 шаршы метр аумағы қираған. Екпінді жел Ақтоғай аудандық ауруханасы ғимаратының 600 шаршы метрді құрайтын шатырын да ұшырып әкеткен. Бастысы – адам шығыны жоқ.
Ауа райының нашарлауына байланысты өңір аумағында автожолдардың 19 учаскесі жабылды. Оның жетеуі – республикалық маңызы бар жолдар. Автожолдардың жабық учаскелерінде 14 жылыту пункті іске қосылған. Оған 40 адам орналастырылған. Оның 11-і – балалар. Көліктерге арналған бекеттерге 110 техника кіргізіліпті. Автожолдарды қардан тазалауға 23 техника жұмылдырылған.
Қатты желдің салдарынан Ақтоғай, Баянауыл, Успен, Ертіс аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймақтарындағы бірқатар елді мекенде электр энергиясының апаттық өшуі орын алған. Сондай-ақ облыс орталығындағы бірнеше шағынаудандардағы үйлер мен №19 балабақша жарықсыз қалыпты. Төтенше жағдай жөніндегі комиссияның шұғыл отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қалалар мен аудандардың басшыларына жедел әрекет ету алгоритмін құрып, шығынның көлемін анықтауды тапсырды. Шығынды қалпына келтіру бойынша резервтен ақшалай қаражат бөлу туралы да айтты.
Павлодар облысы