Алдағы 1 сәуірде зейнетақы жинақтарының 2022 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі күшіне енеді. Негізі мұндай норма жыл басынан бері қолданылуы керек еді. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны осы жылдың 1 сәуіріне дейін шегерді.
Ең төменгі жеткіліктілік шегі деп отырғанымыз – зейнетақы жинағының белгілі бір сомадан асқан бөлігі. Оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға болады. Ең төменгі жеткіліктілік шегін enpf.kz сайты немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ egov порталы мен мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Салымшы шекті сомадан артылған зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, уәкілетті операторлардың интернет-ресурсы арқылы алдын ала өтінім береді. Бүгінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініш қабылдайтын уәкілетті операторлардың қатарында Отбасы банк, «Халық банк», Altyn Bank, «Банк ЦентрКредит» және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» бар. Ал емделуге арналған өтініштерді Отбасы банк қабылдайды.
Уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті қарағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электронды хабарлама жібереді. БЖЗҚ тарапынан алуға қолжетімді қаражат уәкілетті оператордан электронды хабарлама келіп түскен күнгі ең төменгі жеткіліктілік шегі бойынша тексеріледі. Одан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде алушының арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемін аударады.
Осы орайда биылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі осы жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енетіндіктен, зейнетақы қоры уәкілетті операторлардан БЖЗҚ-ға 2022 жылдың 31 наурызына (қоса алғанда) дейін келіп түскен өтініштер бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін жүргізеді. Яғни 31 наурызға дейінгі өтініштердің бәрі 2021 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегіне сәйкес есептеледі.
«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда ең төменгі жеткіліктілік шегі Үкімет бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері деп айқындалған. Оның айқындау әдістемесі Үкіметтің 2013 жылғы 2 қазандағы қаулысымен (2021 жылғы 6 қаңтарда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді) бекітілген.
Әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік шегі жыл сайын әр жас үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте «Республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пайдаланылады.