• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мультимедиа 31 Наурыз, 2022

Facebook: Бейәдеп сөз отқа май құйғанмен тең

389 рет
көрсетілді

Цифрлы технология, әлеуметтік желі адамзаттың ұлы өнертабыстарының бірі екеніне талас жоқ. Бұл платформалар сөз бостандығын, ой еркіндігін ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосты. Алайда дүниежүзі әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарайтын бейәдеп, балағатқа толы сөздердің шырмауында қалды.

Желіде кемсіту – қалыпты жағдай емес

Бұл мәселенің пайда болғаны бүгін емес. Әлеуметтік желілерді қолдана отырып өзгеге тіл тигізетін, ар-намысын қорлайтын, орынсыз ғайбат сөз айтатын қолданушы көбейді. Елімізде болған соңғы оқиғалар әлеуметтік желінің, әсіресе Facebook-тің қисынсыз сөз бен қысыр әңгіменің алаңына айналғанын анық көрсетті. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Әлеуметтік желінің азаматтық қоғамның, белсенді азаматтардың ойларын бүкпесіз айтуына, әділетсіз әрекеттерді әшкерелеуіне қосқан үлесі орасан. Нақтылай айтқанда, сөз бостандығы кенжелеп келген қоғамға заманауи медиа алаңдар жаңа серпіліс әкелді. Бірақ желідегі жүйесіз, жөнсіз сөздердің қоғамға тигізіп отырған теріс әсері де жеңіл мәселе болмай тұр.

Онлайнда айтылған бейәдеп әңгі­мелер пандемия басталғаннан бері 20 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Ұлыбритания қолданушыларының 2019 жылдан 2021 жылдың ортасына дейін жариялаған 263 миллион жазбасын зерттеу арқылы анықталған. Расын­д­а пандемия кезінде жалған ақпарат пен конспирологияға шек болған жоқ, оны арнайы «инфодемия» ұғымы­мен бекіттік. Сол зерттеуді жүргізген Ұлы­бри­­таниядағы Ditch the Label атты әлім­­­жеттікке қарсы қайырымдылық ұйы­­­мының басшысы Лайам Хакет бұл мәселенің маңызды бөлігі – оның қа­лыпты нәрсеге айналуында екенін, желі­де белгілі бір топқа, адамға ғайбат сөз айтуды, кемсітуді, дөрекі болуды өмірде кездесетін қалыпты көрініс ретін­де қарастырмау керек екенін айтады.

Расында, онлайн кеңістікті формасы бөлек демесеңіз, кәдімгі қоғамдық орта деп қарастыруға болады. Ал тәртіпті қадағалайтын «сақшысы» жоқ жерде оқиға басқаша өрбиді. Бұл туралы ең алдымен дамыған Батыс елдері мен БҰҰ секілді халықаралық ұйымдар бірнеше жыл бұрын дабыл қаға бастады.

Facebook компаниясы мен Марк Цукербергтің басы соңғы жылдары даудан айырылмады. Біресе прези­дент сайлауына араласты, біресе қолдану­шы­лардың жеке деректерін сатты деген секілді айыптаулар үсті-үстіне айтыла берді. Ал алпауыт компания өкілдері әлеуметтік желіні реттеу үшін барлық күш-жігерін салып жатқанын айтып ақталды. Facebook 2020 жылы қаңтар-наурыз аралығында қауымдастық талаптарына сай келмейтін 2 миллиард контентке шара қолданғанын хабарлады. Сол жазбалардың 10 миллионға жуығы мүлдем өшірілген. 2017 жылмен салыстырғанда компания жоюға мәжбүр болған алауыздық тудыратын жазбалар саны 6 есе артқан. Әлеуметтік желідегі бақылаудың қатаңдай түсуін жан-жақтан тағылған айып пен ел үкіметтерінің қысымымен байланыстыруға болады.

Мәселен, Еуроодақтың құқықтық шектеуінің алдын алған технологиялық алпауыт компания Әдеп кодексіне келісті. Ол бойынша Facebook қолданушылар белгі қойып кеткен жазбаларды қарап, ЕО стандарттарына сай келмейтінін 24 сағат ішінде өшіруге міндеттелген. Германия бұл мәселеге одан да қатал болып отыр. Ел заңнамасында көрсетілген талаптарға сай келмеген жазбаларды ірі әлеуметтік желі платформалары бір тәулік ішінде өшіруі керек. Бұл шараға сөз бостандығын шектейді деген сыни пікірлер де айтылды.

Үндістан үкіметі де әлеуметтік желі­лер туралы заңға сәйкес қоғамдық тәртіпке қайшы келген немесе басқа да ережелерге сай келмейтін контентті 24 сағат ішінде алдырып тастай алады. Ал Жапонияда өзге дамыған елдер­мен салыстырғанда әлеуметтік желідегі алауыздық тудыратын хабарлар туралы көпшілік 2013 жылға дейін білмей, аса көп мән бермей келген. Тек 2014 жылы желіде белгілі бір топты, тұлғаларды ұлтына қатысты кемсітуге қатысты шаралар қабылдау керектігі айтылды. Содан кейін Жапония онлайн тәртіпке қатысты Еуроодақ қабылдаған ережеге ұқсас шектеу-құжат қабылдады.

Facebook ешқандай әрекет етпеген

Әлеуметтік желілер, атап айтқанда, Facebook бейәдеп сөз қолданып, қоғамда алауыздық тудыратын немесе жеке тұлғаны, топты кемсітетін ой-пікірлер мен хабарламаларды азайту үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз дегенімен, соңғы кездегі оқиғалар мен деректер бұл сөзді жоққа шығарып отыр.

Былтыр Facebook-тің ішкі құжаттары тарап кетіп, компания үлкен дауға қалған. Компания қызметкерлерінің бірі Facebook, Whatsapp, Instagram желілерінде тараған ақпаратты сараптай келе компания ішінде жасалған баяндамаларды сыртқы дереккөздерге берген. Осылайша, The Wall Street Journal басылымы осы құжат негізінде бұрынғы Facebook, қазіргі Meta компаниясының былығын аша бастады. Онда Instagram-ға тіркелген жасөспірімдерге келтірілген залал, Facebook-тің дамушы елдердегі қақтығыстар мен жауыздық әрекеттерге қосқан үлесі, жалған ақпарат таратып, ашу тудыратын жазбалардың артқанын біле тұра ешқандай әрекет жасамағаны анық көрінеді.

Компанияның бұрынғы қызметкері Фрэнсис Хауген АҚШ Сенатының кіші комитеті алдында куәлік берген­де әлеу­меттік желінің адамзатқа тигіз­­ген залалы әлдеқайда ауыр деген пікір білдірген. Оның айтуынша, «Facebook демократияны шектеп, бала­лары­мыз­ға қауіп төндіреді және бүкіл әлемде этностық алауыздық тудыра­ды». Сарап­шы­лар компанияның құпия құжат­тары жарияланғаннан кейін Мьянмада, Үнді­станда және Эфиопияда платформа өз­ге­лерді кемсітіп, арасына жік салатын пікір­лерге еркіндік беріп, тіпті оның адам өлімі болған қақтығыстарға ұласуына жол берген деген қорытынды шығарды.

Ал компания өзі мұндай мәтіндегі жазбаларға қарсы екенін айтады. Wall Street Journal-ға жауап берген Facebook өкілі Энди Стоун платформада заңға қайшы келетін контентті анықтайтын технологияға қыруар қаржы құйылғанын айтқан. Ол сондай-ақ біз өмір сүріп жатқан қоғамда біреуге қатысты жеккөрушілік сезімнің болуы да заңды деген. Әрине, әсіресе әлеуметтік желілер кей жағдайда дәстүрлі медианы ысырып, танымалдылыққа ие болғанда әркім өзін алаңдатқан мәселесін жазып, көпшіліктің назарына ұсынатыны түсінікті.

Алайда компанияның бұрынғы қызметкері мәселе қолданушылардың ашулы немесе ызалы болуында емес дейді. Оның айтуынша, мәселе көп қарал­ған, мыңдаған пікір жинап, қолдану­шыларды қызықтырған контентті платформа бетіне жиі шығаратын технологияда екен. Бұрынғыдай достарың­ның соңғы жариялаған жазбасын емес, желіде көп қаралым жинаған посттардың жаңалықтар тізбегіне бірінші шығаты­нын бәріміз байқадық. Facebook-те өзіне «+» қоюды өтінген қолданушыларды кездестіргеніңіз сөзсіз. Олар «лентадан» жоғалып кетпес үшін Facebook алгоритміне бейімделіп, осылайша өзінің бар екенін білдіріп, желідегі толқынға ілесуге тырысады.

2018 жылы жаңа жүйені енгізген Марк Цукерберг бұл өзгерістен тек жақсы­лықтың нышанын көріп, қолданушы­лардың бір-бірімен бұрынғыдан да жақынырақ араласуын көздеді. Алай­да оның орнына ішкі сараптама көрсет­кендей, платформа наразылық пен ашуға толы, өзгелерді жек көріп, кемсіту­ге тырысатын контентті алгоритм алға шыға­рып, кеңінен таратып жүр. Шынды­ғын­да, қандай мазмұндағы жазба, сурет немесе видео көп қаралым жинайды? Әрине, өтірік-шыны аралас, айқай-шуға құралған немесе ашуыңды тудырып, «бес тиыныңды» қоспай кете алмайтын, қолданушылардың көңіл тетігін дәл басатын посттардың танымал болатыны осыдан. Facebook ұрыс-керіс пен бейәдеп сөзден көз ашпайтыны осыдан. Мұны күнде оқып, көргеннен қандай күйге түсетінін қолданушылар жақсы біледі. Сорақысы, суицидке дейін апарған жағдайларды білеміз.

Компанияның жоғарыда айтылған таралып кеткен құпия құжаттарында басшылық, оның ішінде Марк Цукерберг жаңа алгоритмнің салдарын жақсы білгенін көрсетеді. Компания қызметкері АҚШ Сенатында берген жауабында 2020 жылы Цукерберг бұл алгоритмді істен шығару туралы ұсыныстан бас тартқанын айтқан. Тіпті Тиграй қақтығысы болған Эфиопия секілді тұрақсыз, көтерілістің алдында тұрған өңірлерде өшіруге де қарсы болған.

Батыстан өзгелері қауқарсыз

Құпия құжаттар Facebook жылдар бойы Батыстан басқа аймақтардағы ахуалға бейжай қарап, миллиондаған қолданушыны жалған ақпарат пен алауыз­дық тудыратын және жауыздыққа итер­мелейтін контенттің астында қалдыр­ды деп айтып келген белсенділер мен азамат­тық қоғамның айыптауларын раста­ған­дай болды. Құжаттар компания басшы­лығы Эфиопия, Үндістан, Израиль, Палестина, Филиппин, Вьетнам, Мяньма, Таяу Шығыс секілді аймақтардағы ахуалды біле тұра, миллиондаған аудиторияны арандатуға жол бермеудің орнына қол қусырып қарап отырғанын анық көрсетеді.

Мәселен, 2020 жылдың маусымын­да Эфиопиядағы азаматтық соғыс бастал­ғанға дейін, Facebook құжаттарында Эфиопия платформадағы ең қауіпті ел­дер­­дің бірі деп көрсетілген екен. Ішкі са­раптамада Эфиопиядағы ең көп тарал­ған амхар және оромо тілдерінде жа­зыл­­ған контентті зерттеп, заңсыз немесе алауыздық тудыратын зиянды хабар­­­ла­маларды анықтай алатын авто­мат­тан­дырылған жүйенің жоқ екені айтылған.

Белсенділер айтқандай, Батыс ел­дері­­нен өзгеміз неге назардан тыс қа­лып қойдық. Себептердің бірі – ағыл­шын тілінде. Желідегі бейәдеп сөз бен заң­сыз әрекеттерді анықтайтын, Facebook қыруар қаржы құйып әзірлеген тех­но­ло­гиялардың көбі ағылшын тіліндегі жаз­баларды саралап, бақылап отырады. Ал өз тілінде жазатын дамушы елдердегі қолданушыларды бақылап отырған біреу не тетік бар ма?

БҰҰ бұл мәселені көтергеніне біраз уақыт болды. Ұйымның hate speech (жек көрушілік, алауыздық тудыратын сөздер – Б.М.) тақырыбындағы көптеген құжатының бірінен бақылау, анықтауға арналған құралдардың көбі монотілді, яғни ағылшын тілінде деген жері жоғарыда айтқанымызды растайды. «Бүгінгі қолданылатын құралдар­дың көбісі монотілді, көп жағдайда ағыл­шын тілімен шектелген. Өзге тілдердегі мұндай контентті анықтау үшін тағы зерттеу керек. Сондай-ақ желідегі кемсіту мен орынсыз балағатты анықтауға арналған зерттеулер көбіне АҚШ пен Еуропаға бағытталған. Өзге елдерде деректер мен құралдардың жеткіліксіздігіне қоса, ол аймақтардағы ахуал, жағдайдың қалай өрбіп жатқаны жайлы түсінік те жоқ. Бұл мәселе өте өзекті», делінген БҰҰ құжатында.

Шағын топтардың немесе халқы аз ұлттардың ана тілін былай қойғанда, 500 млн адам сөйлейтін араб тіліндегі жазбалардың өзін дұрыс бақылай алмайтын технология мен компанияға не дерсіз? Instagram араб тіліндегі балағат пен кемсітуге толы хабарламалардың 6 пайызын ғана анықтай алғаны белгілі болды. Бұл зерттеуді жүргізген мамандар Facebook-тің араб әлемінде күш-жігері еш нәтиже беріп отырған жоқ деген қорытындыға келген.

Ирландияда Google компаниясының контентін бақылап, заңға қайшы сайттар мен парақшаларды анықтау бойынша бірнеше жыл қызмет еткен отандасымыз Айжан Данабековадан процестің қалай жүретінін сұрап көрдік. «Біреуді этностық, нәсілдік тобына қарай кемсітіп, шамына тиетін категорияға жататын арнайы сөздерге қараймыз, сондай-ақ мәтін бойынша мағынасына мән береміз. Мен қазақ, орыс және ағыл­шын тілдеріндегі сайттарды қарадым. Пандемия кезінде вакцинаға қатысты түрлі ақпараттың ішінде жалғаны бар ма деп тексердік. Шара ретінде сайттар бұғат­тала­ды немесе жарнамадан қиылады. Өзімді қалжыңдап интернеттің санитары деп таныстыратынмын», дейді жас маман.

Байқағанымыздай, арнайы технологиядан бөлек сөздің астарын түсіну үшін жекелеген мамандар да қажет. Алайда оның үлкен адами ресурсты қажет ететіні түсінікті.  

Табысы орташа немесе төмен елдердің азаматтары мен үкіметтері қанша дабыл қаққанымен, технологиялық алпауыт компания өз дегенінен қайтпай отыр. Әлемде болған қақтығыстарда әлеуметтік желінің рөліне үңілген зерттеушілер оның жауыздыққа бастауы мүмкін екенін де айтады. Көптеген дамушы елдегі адам өлімі тіркелген азаматтық соғыс, көтерілістер мен қақтығыстарды зерттей келе, осындай қорытындыға келген. Алайда әлеуметтік желіні бұғаттап, жұмысын шектеген қоғамның әрекеті сөз бостандығын бұзумен пара-пар келеді, халықаралық қоғамдастықта беделі түсіп, дамуына көлденең келетін қиындық­тар туындайды. Әзірге технологиялық жаңалық ашқан адамзат оның жағымсыз жақтарымен күресуде қауқарсыз болып отыр. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» деген сөз дәл осы жағдайға арналып айтылғандай.

Әлеуметтік желі секілді бақылаусыз ортада өзгеге тіл тигізу, бейәдеп сөз ай­тып, біреулерді балағаттау, орынсыз ғай­­­баттау, кемсіту кеңінен таралып, қа­лып­ты жағдайға айналып бара жат­қаны алаңдатады. Бетпе-бет айтылса әр адам өз сөзіне жауап берері хақ, ал жал­ған аккаунттың артына тығылып аузына келгенді онлайн айту талайды күйдіретіні шындық. «Сөзге тоқтау» деген ұғым бүгін салмағын жоғалтып, жай сөз болып қалады деп кім ойлаған.

Жоғары халықаралық деңгейдегі мәселелерді өзгерте алмағанымызбен, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды желі­дегі бейәдеп, балағат, кемсіту сөзден арыл­тып, қисынсыз сөз бен қысыр әң­гімеге ермеуге тәрбиелеуге болады. Алып­тардың күресінде қарапайым қол­дану­шы қауқарсыз көрінгенімен, желінің тәртібіне ермей, технология мен алгоритмге тойтарыс беруге болады.