• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Наурыз, 2022

Теңіз кен орнында 7 мың жұмысшы өзге жобаларға қабылданады

231 рет
көрсетілді

Теңіз кен орнында 7 мың жұмысшы өзге жобаларға жұмысқа алынады, деп хабарлайды Egemen.kz

Бүгін бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссия отырысында «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер компанияларынан қызметкерлердің босатылуы және оларды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, еңбек ұжымдары арасындағы еңбек дауларын болдырмау мен еңбек қатынастарының жағдайы жөніндегі мәселелер қаралды.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Ризабек Артығалиевтың айтуынша, Келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты жыл соңына дейін босатылатын жұмысшылардың 7 мыңнан астамын компания өзіндегі өзге жобаларға жұмысқа алуды қарастырып отыр.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше былтырғы ақпанынан бүгінге дейін еңбек тәуекелдігінде 56 мекеме болған. Оның ішінде 49 компаниядағы еңбек даулары шешімін тапқан. Қазір 52 жұмысшының алдындағы 8 млн теңге берешегі бар 3 мекемемен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Келешек кеңею жобасынан жыл соңына дейін босатылатын жұмысшылардан басқа жұмысқа ауыстырылатындардың тізімін әкімдікке уақытылы ұсыну керек. Жобадан босатылатын жұмысшылардың аты-жөні, құжаты, мамандығы, мекен-жайы, байланыс нөмірі көрсетілген тізімін бір ай бұрын, ал нақты босатылған жұмысшылардың тізімін әр айдың басында берілгені жөн. Алдағы айларда босатылатын жұмысшыларды мердігерлік мекемелерге жұмысқа орналасуына ықпал етіңіздер. Жұмысқа орналастыру кезінде жергілікті тұрғындарға басымдық беру жағын да ойластыру керек. Мердігер, қосалқы мердігер компанияларда жалақы төлемеуге жол бермеуді, заң бұзушылықтарды болдырмауды қатаң бақылауда ұстап, жұмысшылар арасында наразылық тудырмау үшін нақты іс-шараларды қолға алу қажет», деді Махамбет Досмұхамбетов.