Биыл LogyCom компаниясына – 30 жыл. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында құрылған кәсіпорын бүгінде отандық брендке айналып үлгерді. Қазақстанда алғашқы компьютерлерді құрастырып, тыңнан түрен салған компания еліміздің ІТ-технология саласындағы әлеуетінің жоғары екенін айдай әлемге паш етті. LogyCom 30 жылдың ішінде қызметке де, құрметке де лайық компания екенін дәлелдеді.
Жасыратыны жоқ, елімізде LogyCom-ның компьютерлерін пайдаланбаған адам кемде-кем. Аты алысқа тараған компания қазір басқа бағыттарда да өнімді жұмыс істеп жүр. Мәселен, LogyCom корпоративті бизнес үшін жоғары технологиялық жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруда алдына қара салған емес.
ІТ-аутсорсинг саласында да тасы өрге домалап тұр. Бұл ретте шағын және орта бизнестің жергілікті желілерін дамытуда компанияның қызметіне сұраныс жоғары. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде сервистік қызмет көрсету бағытын ұсынып отыр. Бұл да маңызды қызмет. Түрлі бағыттағы онлайн-платформаларды әзірлегенін де бөле-жара атап өту керек. Аталған бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырып келеді. Осы орайда біз компания ұсынған LogyCom Astrum жүйесіне ерекше тоқталмақпыз.
LogyCom Astrum – кәсіпорынды басқарудың ERP-жүйесі. Ол жедел және стратегиялық басқару міндеттерін реттейді. Сонымен қатар қаржылық және басқарушылық есепті, сату түрлерін рәсімдеу, интернет-дүкенмен интеграция, клиенттермен қарым-қатынасты басқару, ресурстарды бөлуді және өндіріс қажеттіліктерін жоспарлау, логистика міндеттерін оңтайлы шешеді.
Бұдан бөлек, бухгалтерлік жүйеге бастапқы деректерді импорттау, құрастыру өндірісі, сервистік қызмет көрсету, негізгі құралдарды есепке алу, бюджеттеу, қоймалық есепке алу, кадрлық есепке алу секілді ауқымды міндеттер де осы жүйеге шоғырланған. Біз санамалап өткен міндеттердің қаншалықты ауқымды екені айтпаса да түсінікті. LogyCom Astrum жүйесі осының бәрін еш қиындықсыз реттеп, бизнестің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
LogyCom компаниясының жоба менеджері Татьяна Беланованың айтуынша, кез келген кәсіпорынның қызметкерлері қызмет барысында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Мұндай кедергілер негізгі міндеттердің орындалуын бәсеңдетіп, кәсіпорынды мол табыстан айыруы мүмкін. Әдетте мұның бәрі қажетті ақпаратты алуға көп уақыттың жұмсалуымен, қызметкерлердің жұмыс уақытын дұрыс ұйымдастыра алмауымен және өз функцияларын уақтылы орындамауымен байланысты.
– LogyCom Astrum жүйесі осындай келеңсіздіктерді болдырмайды. Жүйені топ-менеджерлерден бастап клиенттермен жұмыс істейтін менеджерлер, көтерме және бөлшек сауда консультанттары мен сатушылары, қойма қызметкерлері, кеңсе мамандары пайдалана алады. Яғни жүйе арқылы кез келген уақытта кәсіпорындағы жұмыстың жағдайы туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, компанияның табысы қай тұстан көбейгенін, шығындардың қай бағыттан шығып жатқанын, қай жерде кемшілік жіберілгенін және оның не үшін жіберілгенін байқап отыруға болады, – дейді Татьяна Беланова.
Оның айтуынша, кәсіпорын басшысы жүйе арқылы пайда мен шығындардың есебін, қаражаттың қозғалысын қадағалап отырады. Ал топ-менеджерлер үшін ашықтық қамтамасыз етілген. Олар кәсіпорын қызметін рәсімдеу, әрбір бизнес-процесс үшін жауапты адамды тағайындау, орындалған жұмыстардың сапасы, сату көлемі, клиенттермен қарым-қатынас жасау нәтижесі бойынша әр қызметкердің біліктілігі мен өнімділігін негізді түрде бағалау мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ жүйеге енгізілген ақпараттың құпия сақталатынын да атап өткен жөн. LogyCom Astrum кәсіпорынға қабылданған жаңа қызметкерлердің бейімделу процесін жеделдетеді әрі жеңілдетеді.
– Сонымен қатар жүйеде топ-менеджерге өз бизнесін бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін бірқатар есеп ұсынылады. Мәселен, маркетинг және логистика бөлімінің менеджерлері үшін жеткізушіні дұрыс таңдау, онымен қарым-қатынас жасау тарихы, сатып алуды жоспарлау, клиентпен қарым-қатынастың тарихы және саралануы секілді есептер беріледі. Кәсіпорынның барлық қызметкері үшін қажетті ақпаратты алу, тауарды қабылдау және жөнелту процестерін автоматтандыру, тауарлар мен қаражат қозғалысын ресімдеуді автоматтандыру қызметтері қолжетімді. Ал бухгалтерлер жұмыс стилін аса өзгертпей-ақ күнделікті нәтижесіз жұмыстардың көлемін азайта алады, – деп нақтылады LogyCom компаниясының жоба менеджері.
Бұл ретте осындай тамаша жүйенің толықтай отандық әзірлеме екенін атап өткен жөн. Оның авторлығы LogyCom қызметкерлер тобына тиесілі. Жүйені әзірлеп, жетілдірумен компанияның жаңа технологиялар және бағдарламалық әзірлемелер жасау бөлімінің қызметкерлері айналысқан. Атап айтқанда, бұл топқа бөлім басшысы Семен Береснев жетекшілік еткен. Әзірлеушілердің қатарында Юрий Зыков, Алексей Лапин, Валерий Морчик, Дмитрий Пожитков, Данияр Қасымжанов, Константин Жабасов, Максим Кан, Илья Афанасьев, Дмитрий Никиточкин, Илья Мозжерин, Евгений Васильев, Қанат Айдаров, Дәурен Орманбеков, Қанат Жамбулатов, Александр Нешев бар.
Клиент компанияларға жүйені енгізу, техникалық қолдау және консалтинг қызметтерін де LogyCom қызметкерлері жүзеге асырды. Бұған Ирина Сергеева, Тоқжан Тоқтамысова, Юлия Рогова, Ирина Коломийцева, Ирина Мурзинова, Татьяна Бегун, Нюдля Басангова, Кристина Зотина, Гүлбаршын Белдюбаева, Константин Королев, Алексей Панов, Алена Савинкова, Изятбуви Закирова, Елена Куликова секілді білікті мамандар жауапты.
Қазіргі уақытта клиенттерді қолдаумен және консалтингтік қызмет көрсетумен бағдарламалық әзірлемелер жасау бөлімінің Жобаларды басқару тобы айналысады. Оған Ләззат Құсайынова жетекшілік етеді. Жоба менеджерлері Татьяна Беланованың, Розабуви Худайбердиева мен Александра Коновалованың да еңбегі зор.
Компания биллинг және авиапаркті басқару салалары есебінен LogyCom Astrum жүйесінің қолдану аясын кеңейтіп, алға бастыруды жоспарлап отыр.
Отандық ІТ-нарықта өзіндік орны бар LogyCom – заманауи компания. Компьютерлік және цифрлық технологиялар нарығындағы бірегей білім мен мол тәжірибесінің нәтижесінде компания IT-саланың көшбасшысы ретінде үлкен беделге ие. Компания нарыққа жоғары технологиялық өнімдерді ғана ұсынбай, күрделі инфрақұрылымдық IT-жобаларды әзірлеп, енгізуде.
LogyCom 2003-2021 жылдар аралығында шамамен 450 мыңнан астам дербес компьютер шығарды. Бүгінде компанияға тиесілі екі конвейерлік құрастыру желісінің өндірістік қуаты жылына 900 мыңнан астам дербес компьютер мен серверлер шығаруға мүмкіндік береді. LogyCom өнімдерінің қазақстандық қамту үлесі 25 пайыздан жоғары.
LogyCom шығаратын жоғары технологиялық өнімге үш жылдық кепілдік беретін ел нарығындағы жалғыз компания екенін де естен шығармайық. Демек компания өз өнімінің сапасына сенімді. Халықтың LogyCom-ға сенім артатыны да сондықтан.