• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Сәуір, 2022

Өкпесі толық зақымданған ана аман-есен босанды

209 рет
көрсетілді

Елордадағы № 2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері босану кезінде өте ауыр халде болғанына қарамастан, пациент Айнагүл Оразбекованы сәтті босандырды. Оған коронавирус және ауыр дәрежелі екіжақты вирустық пневмония диагнозы қойылған еді. Ауыр жағдайға қарамастан, науқас салмағы 4 000 грамм болатын дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Бұл қазіргі заманауи медицина қызметіндегі бір мысал ғана.

«Біздің ауруханаға науқас А.Оразбекова шұғыл түрде өте ауыр жағдайда екіжақты вирустық пневмониямен және өкпе тінінің жалпы – 100% зақымдануымен түсті», деді №2 көпбейінді қалалық аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев.

Жансақтау бөлімшесінде ананың өмірі үшін дәрігерлер екі ай күресті.

«Босанғаннан кейін науқас­тың жағдайы нашарлады: са­турациясы төмен, темпера­ту­расы жоғары, өздігінен дем ала алмады, интоксика­ция синдромы сақталды. Бір­неше рет консилиум жүр­гі­зіл­ді, нәтижесінде, пациент ЭКМО-ға (экстра­­кор­по­­рал­ды мем­брана­лық окси­ге­нация) қо­сылды. 20 күн бойы оксигенация және гемодиафильтрация жүргізілді», деп толықтырды шұғыл кардио­логия және кардиохирургия орталығының басшысы Сейіл Мұхаметқалиев.

Науқас оттегі терапиясына қосылғанына қарамастан, оның десатурациясы өзгермеді. Сондықтан консилиумның шешімі бойынша науқас ӨЖЖ аппаратына ауыстырылды.

«Екі ай бойы дәрігерлер мен мейіргерлер науқасты емдеп, барынша күтті. Көп ұзамай ауыр өткен отаның – жоғары технологиялық медициналық қызметтің нәтижесі бәрімізді қуантты. 50 тәуліктен кейін пациент реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Біз­дің аурухана мамандарының ко­мандалық жұмысының арқа­сында науқастың жалпы жағ­дайы жақсарды, гемодинами­ка­сы тұрақтанды, ең бастысы, ол өз бетінше тыныс алады», деді инфекциялық блок­тың меңгерушісі Гүлнұр Ашир­бекова.

«Айнагүл үшін туысымыздай алаңдадық. Бізді күйеуінің дәрігерлерге толық сенім артып, бәрі жақсы болатынына нық сенгені шабыттандырды», деді емдеуші дәрігер, пульмонолог Гүлжан Байырбекова.

Айта кетейік, медициналық қызметтер МӘМС жүйесінде жүргізілді. Сақтандырылмаған азамат үшін мұндай ота мен медициналық көмек 16 млн теңгені құрар еді.

Ауруханадан жазылып шық­қан Айнагүл дәрігерлер мен мейір­герлерге, санитарлар мен бар­лық қызметкерлерге алғысын айтты:

«Дәрігерлерге, мейіргер­лер­ге, санитарларға және АРҚТБ және инфекциялық блоктың барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын. Баршаңыздың алдарыңызда басымды иіп, тағ­зым етемін. Көрсетіл­ген көмек пен кәсіби біліктіліктеріңіз үшін тағы да рахмет. Бұл сөздерден басқа ештеңе айта алмаймын, ризамын. Тез сәбиімді қолыма алғым келеді», деді А.Оразбекова.