«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің делегациясы Қытайда іссапармен болып, осы елдің инвесторларымен бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.
Холдингтің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев бастаған жұмыс тобы Қытайдың мемлекеттік даму банкі, ҚХР Экспорттық-импорттық банкі, Қытайдың Экспорттық-несиелік сақтандыру корпорациясы (SINOSURE) сынды қаржы құрылымдарының өкілдерімен кездесті.
ҚХР Экспорттық-импорттық банкі президенті Ли Руогумен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құрылымдау мәселесі талқыланды. Бұл жобаға қатысты меморандумға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мамыр айында Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары кезінде қол қойылмақ. «Бәйтерек» холдингінің делегациясы сапар барысында Ляонин провинциясының губернаторы Чэнь Чжэнгао мырзамен және жергілікті іскерлік топтармен кездесті, сондай-ақ «Shenyang Yuanda Group» холдингінің өндірісін аралады. Қазақстан жағы бұл компаниямен лифт шығаратын өндіріс ашу мәселесін қарастыруда.
Холдинг делегациясының іссапары Елбасының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарына орай алдын ала ұйымдастырылды. Қытай қаржы ұйымдарының өкілдерімен өткен келіссөздер екі мемлекет көшбасшыларының табысты диалогына өз үлесін қосатынына сенімдіміз. «Бәйтерек» холдингі және оның еншілес ұйымдарының Қытайдың жетекші банктерімен ынтымақтастығы еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жоспарларын іске асырудың, шетел капиталын тартып, бизнесті жүргізудің және технологиялардың қазіргі заман үлгілерін қолдану мүмкіндіктерін кеңейтеді деген үміт бар.
Нұрбай Елмұратов.
Дереккөз: Egemen.kz.
Фото: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі