• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 03 Сәуір, 2022

Елорда әкімі нөсер кәріздерінің құрылысы туралы айтты

331 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында нөсер кәріздерін салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елорданың белсенді дамуын ескере отырып, нөсер кәріздерін салу - өзекті бағыт. Қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты жеткіліксіз екені байқалды. Сол себепті бұл мәселені қолға алдық.

Молодежный шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жөндеумен тазарту құрылысы салынды. Жаңа құрылыстардың қуаттылығы тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған тазарту ғимараты Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаева көшелерін, Республика даңғылын, Тәуелсіздік даңғылының жоғарғы бөлігін су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Бұл тазарту қондырғысының ерекшелігі - Есіл өзеніне құяр алдында жаңбыр мен еріген сулардың тазартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұрын су ағындары өзенге тікелей кірді, бұл оны ластап қана қоймай, сонымен қатар қаланың экологиясына теріс әсер етті. Тазарту қондырғысының жұмысы өткен жылдың күзінде іске қосылды, тазарту қондырғысы жер астында қарастырылғандықтан, алаңның үстінде гүлзар мен көгалдандыру аймағын жабдықтаймыз.

Өздеріңіз білетіндей, жауын-шашын кезінде толығымен су астына кеткен ең проблемалы учаскелердің бірі Б. Момышұлы даңғылы болды. Онда біз нөсер кәріздерінің магистральдық коллекторының құрылысын аяқтадық. Бұл нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды. Жаңа құрылыс қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін Тельман елді мекенінде тазарту қондырғылары мен магистральдық коллектор салу жұмыстары аяқталған болатын. Қуаттылығы - тәулігіне 36 мың текше метрден астам.

Сондай-ақ, тазарту құрылыстары Пригородный ТМ және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық ауданында салынған. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы екі учаскеде нөсер кәрізі мәселесін шештік.

Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі) сорғы станциялары бар нөсер коллекторының құрылысын жүргізіп жатырмыз, өйткені оның функциясын соңғы бірнеше жыл бойы тұрмыстық кәріз орындады, ол бірнеше рет істен шықты. Жаңа нөсер суы өткізу қуатын еселеп арттыруға, жақын маңдағы көшелер мен үйлерді су басудан сақтауға мүмкіндік береді.

Нөсер кәріздері мен тазарту құрылыстарын салу және қуаттылығын кеңейту бойынша жұмыстарды жүйелі деңгейде жүргізіп жатырмыз», деп жазды елорда әкімі.