• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Елорда 04 Сәуір, 2022

Академиктің жеке заттары музейге тапсырылды

422 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық музейде көрнекті әдебиеттанушы ғалым, академик Серік Қирабаевтың құнды жеке заттары музей қорына табыс етілді.

Мазмұнды іс-шараға ғалым­ның ұлы, философия ғылым­дарының докторы, академик Нұр Серікұлы Қирабаев, алаш­танушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы, Ұлт­тық музейдің бас ғылыми қызметкері, академик Жәкен Таймағамбетов және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин саналы ғұмырын қазақ әдебиет­тану ғылымына арнап, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ғалымның еңбек жолы мен шығармашылығына тоқ­талды. «Серік Қирабаев − отыз жылдан аса уақыт Абай атындағы Қазақ ұлт­тық пе­дагогикалық универси­те­тінде қызмет етті. Одан соң Мұх­­тар Әуезов атын­дағы Әде­биет және өнер институ­тын басқарды. Қазақ әде­бие­тінің тарихы мен теориясы жө­нін­де сүбелі еңбектер жазды. Нақ­тырақ айтқанда, 40-тан аса монография, 800-ден аса әдебиет сыны тео­рия­сы жөнінде маз­мұн­ды ма­қала жазып, әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлесін қосты», деді ол.

Содан кейін сөз алған ар­дақты ғалымның шәкірті, академик Дихан Қамзабекұлы Серік Қирабаевтың әдебиет­та­ну абызы дәрежесіне жеткен біре­гей тұлға екенін сөз етті.

− Әдебиет, мәдениет және білім саласы мамандары үшін «академик Қирабаев» атанған абзал азаматтың кемі алпыс бес жылдан асатын шығармашылық дәуірі ұл­тымен бірге жасап, халқы­ның рухани тағдырымен бірге өріліп келеді десек, жа­ңы­лыс­­паймыз. Әдебиет – ұлт­тық мә­дениеттің бір саласы. Оның дамуы ұлттың тілімен, ділімен, ұғым-түсінігімен, парасатымен, дүние­танымымен тікелей бай-л­а­нысты. Осының бәрі көр­кем туын­ды арқылы көрініп, ха­лықтың санасына сіңген, оның руха­ни өмірін қалыптастырған, − деді ғалым.

Нұр Қира­баев әкесі туралы жылы естелік­терімен бөлісіп, отбасылық қорынан ака­демиктің көзі тірісінде өзі тұтынған жеке зат­тарын, орден-медальдарын, кітап­тарын музей қорына табыс етті.