• RUB:
    5.03
  • USD:
    492.22
  • EUR:
    529.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2022

Қарағанды облысында 158 елді мекен бақылауға алынды

278 рет
көрсетілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Қарағанды облыстық ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов аймақтағы су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Жауапты лауазым иесі 31 наурыз бен 4 сәуір аралығында Төтенше жағдай  департаментінің облыстық су тасқынына қарсы штабына аула аумақтарын су басу қаупі туралы 125 хабарлама, сондай-ақ автожолдардың үстінен су жүріп кету фактілері бойынша 18 дабыл келіп түскенін мәлім етті.

– Аулаларды су басудың барлық жағдайлары бойынша суды сору және бұру, арықтар мен арналарды тазарту, инертті материалдарды төгу және қаптар төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Су тасқыны басталғаннан бері 31 693 текше метр су сорылып, 1700 метр арық тазартылды. Су басу қаупінің 11 жағдайы бақылауда, оның тоғызы Қарағандыда және екеуі Бұқар жырау ауданында орын алды, – деп атап өтті М.Қатпанов.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, Қарағанды облысының елді мекендерінде және жолдарында су тасқынына байланысты күрделі жағдай әзірге қалыптаса қоймаған. Құтқарушылар болса, уақытпен санаспай жұмыс істеп жүр екен. Жалпы, су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына 250-ден астам адам және 106 бірлік техника жұмылдырылыпты.

Қазіргі таңда облыс жолдарындағы Бүркітті - Егіндібұлақ - Қоянды және Теміртау - Қызылқайың (Чкалова - Березняки) сынды екі учаске басты назарға алынған. Ал Қарқаралы ауданындағы Қоянды ауылынан 12 шақырым жерде көлік қозғалысы барлық көлік түрлері үшін жабылыпты.

Сонымен қатар өзендер мен көлдерде мұз жару жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мысалы, Нұра, Есен, Жарлы, Сабыр-Қожа, Жаманкөл өзендерінде және Қарасор көлінде 14 жарылыс ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, өңірдегі ірі су қоймаларынан су ағызу жұмыстары жалғасуда.

Брифингке қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин қазіргі уақытта облыстың барлық аудандарындағы су тасқыны қаупі бар 158 елді мекеннің қатаң бақылауға алынғанын айтты.

– Барлық ата-аналардан балалардың үйден шығуын, қар еріп біткенше  қараусыз жүруін шектеуді сұраймын. Оларды судың жанында ойнауына қатаң тыйым салу керек. Қалада және барлық елді мекендерде көптеген арналар бар, олар ашық жатқандықтан суға кету қаупі өте жоғары деңгейде. Мәселен, қазір олардың бәрі суға толы тұр, – деп қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын еске салды В.Басин.

Жалпы, құтқарушылар алдағы күндері, нақтырақ айтқанда, 4-11 сәуір аралығында облыстың барлық аумағында күн жылып, ал 6-7 сәуірде жаңбыр жауатынын хабарлады. Осыған орай, олар тұрғындарға мейлінше сақ болып және оларды өз аумақтарында су тасқынының алдын алу шараларына белсене ат салысуға шақырды. Ең бірінші кезекте арықтар мен аулаларды қардан тазарту керек екендігін баса айтты жауапты мамандар.

Соңғы жаңалықтар