• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 04 Сәуір, 2022

Зейнетақы қоры: 5 теңгеге өтінім бергендер бар

507 рет
көрсетілді

Сонымен 1 сәуірден бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтардың ең төменгі жеткіліктілік шегі өсті. Тиісінше, салымшылардың азды-көпті артылған соманы кәдеге жарату мүмкіндігі азайды. Енді мұндай тамаша сәттің қашан туындары да белгісіз.

Бұл ретте еnpf-otbasy.kz  платформасы 732 мыңнан астам қазақ­стан­дыққа тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге қажетті ресурстарды алуға мүмкіндік берді. Орташа есеппен алғанда 2021 жылы платформаға ай сайын 100 мыңға дейін өтінім келіп түссе, осы жылдың 1-30 наурыз аралығында enpf-otbasy.kz-ке клиенттерден түскен өтінімдер саны 2022 жылдың ең жоғарғы деңгейіне жетті. Бұл дегеніміз – 870 мың.

Отбасы банктің дерегінше, аяқтал­ған өтінімдер, яғни мақұлданған өті­німдер 352 мыңды құраған. Аталған са­нат бойынша қаражат нысаналы мақ­сатына жіберілді деген сөз. Клиент қаражатының жеткіліксіз болуына бай­ланысты кері қайтарылған өтініштер саны – 146 мың.

106 мың өтінім бойынша клиент нысаналы мақсатын растайтын құ­жат­тарды бекітуі керек. Салынған құжат­тарды тексеруге берілген өтінім – 73 мың. 52 мың өтінімді клиенттердің өзі жойған. Клиенттер қол қоймаған, аяқ­талмаған өтінімдер саны 35 мыңға тең.

34 мың өтінім пысықтауға жібе­рілген. 33 мың өтінім бойынша БЖЗҚ-дан арнайы шотқа қаражаттың түсуі күтіліп отыр. Толықтыру үшін Отбасы банкінің салымын таңдауды қажет ететін өтінімдер саны – 20 мың. БЖЗҚ-на қайтарылған қаражат бо­йынша өтінімдер 19 мыңды құрады.

Келіп түскен өтінімдер, сондай-ақ мақ­сатты растайтын құжаттар са­лын­ған өтінімдер кезек тәртібімен пы­сықталады.

Сонымен қатар қазір ел ішінде 2022 жылғы 1 сәуірде қазақстандықтардың Отбасы банктегі арнайы шоттарын­дағы бірреттік зейнетақы төлемі БЖЗҚ-ға қайтарылады деген қауесет тарауда. Отбасы банктің хабарлауын­ша, азаматтардың арнайы шотта­рындағы қаражат олардың меншігі. Арнайы шотқа ақша түскен сәттен бас­тап қазақ­стандықтардың тұрғын үй жағ­дай­ларын жақсарту мақсатында оларды пайдалану бойынша растайтын құжат­тарды ұсыну үшін 20 жұмыс күні бар. Осылайша, наурыз­дың аяғында арнайы шотқа түске­н ақшаны 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін қолдануға болады. Егер қаражат емделу мақ­сатын­да сұралып, арнайы шотқа түс­кен болса, онда азамат­тардың оларды пайда­лану мақсатын растау үшін 45 жұмыс күні бар.

Сондықтан арнайы шотқа өз қара­жатын түсіріп қойған өтініш берушілер банктің аймақтық филиалдарына бармай-ақ құжаттарды асықпай жинауы керек. Өйткені барлық рәсім онлайн режімде өтеді.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «соңғы үш күнде зейнетақы жинақ­тарының артылған сомасы жоғалып кетті» деген мәлімдемелер таралып жатыр. Банктің хабарлауынша, бұған валюта бағамы себеп. Мысалы, 2022 жылғы 25-28 наурыз аралығында берілген 53 649 өтінімді, сұралған қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты БЖЗҚ кері қайтарды. Бұған валюта бағамының өзгеруі және осыған байланысты зейнетақы жинақтарын қайта бағалау әсер еткен. 2022 жылғы 25 наурызда зейнетақы активтерін қайта бағалауға ықпал еткен доллардың бағамы 494,16 теңгені, ал 2022 жылғы 28 наурызда 484,49 теңгені құрады.

«Өзінің бірреттік зейнетақы төлемін бұрынғы шекті көрсеткіш бойын­ша пайдалану үшін банк enpf-otbasy.kz порталында өтінім беруді 2022 жылдың 29 наурызына дейін үлге­руді ұсынды. Себебі тұрғын үй жағ­дайларын жақсартуға және отбасын емдеуге арналған біррет­тік зейнетақы төле­мін пайдалану қағи­даларына сәйкес банк 2 жұмыс күні ішінде өтінім­ді өңдеп, БЖЗҚ-ға жібереді. БЖЗҚ қол­даныстағы шекті көрсеткіш бойын­ша өтінімдерді 2022 жылдың 31 науры­зын қоса алғанда сағат 23:59-ға дейін қабылдап, қарас­тырады», делін­ген Отбасы банкінің хабарламасында.

– Өтінімдердің көпшілігі қайта­ланады. Бірнеше рет өтініш берген рекордшылар бар. Бірақ дәл осы наурыз айында біз қалыпты жағдайға жатпайтын процестерді байқадық: мысалы, 5 теңге алуға өтінім бергендер бар. 40 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі соманы алуға 161 өтінім жолданды. Адамның компьютерлік сауаттылығының орташа деңгейінде порталда болу уақыты 15-20 минутты алатынын ескерсек, мұндай операциялардың қаржылық мәні түсініксіз. Сондай-ақ ақылға қонымсыз сұраныстары бар өтінімдер түсе бастады. Мысалы, порталда 200 млн теңгеден 6 млрд теңгеге дейін 627 өтінім келіп түсті. Біржолғы зей­нетақы төлемдерінің мұндай сомасы бұ­рын-соңды болмағаны түсінікті. Ма­мыр айының басында зейнетақы жинақ­тарын пайдалану және осы бірегей жобаның ерекшеліктері туралы ха­лыққа толық есеп жариялауды жоспарлап отырмыз, – дейді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.