2025 жылы спортпен шұғылданушылар санын 50%-ға дейін жеткізу қажет. Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі пайым, қағидаттар мен тәсілдер дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрініс табатын болады. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Республика бойынша орта есеппен халықтың 35%-ы спортпен айналысуға тартылған. Маңғыстау, Атырау және Ақмола облыстарының көрсеткіштері жоғары. Республикалық маңызы бар қалаларда спортпен шұғылданушылар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында аз.
«2025 жылы спортпен шұғылданушылар санын 50%-ға дейін жеткізуіміз керек. Бұл көрсеткішке қол жеткізу салауатты өмір салты мен спорттың пайдасын насихаттау, сырқаттанушылықтың алдын алу, спорттық инфрақұрылымды кеңейту және, әрине, бұқаралық спорт саласын қаржыландыруды ұлғайту бойынша үлкен жұмысты талап етеді», деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында .
Үкімет басшысының айтуынша, аталған мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіби спорт түрінен бұқаралық спортқа 21 млрд теңгеге жуық қаражат қайта бағдарланған, оның 6 млрд теңгесі мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыру үшін пайдаланылған.
«Мемлекеттік тапсырыс мыңдаған балаларға спорт секцияларында тегін айналысуға мүмкіндік берді. Секцияларға бару шығыстары бюджеттен төленеді. Өткен жылы республика бойынша мұндай мүмкіндікті 162 мың бала алды. Ал биылғы қамту 275 мыңға дейін жетеді. Мемлекеттік тапсырыспен қамтудың ең жоғары көрсеткіштері - Алматы қаласы мен Алматы облысында. Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары артта қалып отыр. 4,9 млрд теңге көлеміндегі қайта бағытталған қаражаттың бір бөлігі спорт инфрақұрылымын салуға және жөндеуге бағытталды», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, Премьер-Министр атап өткендей, өткен жылы республика бойынша 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдарда ашылған. Әлихан Смайылов ауылдарды спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын айтты.
«Спортпен шұғылданатын балалар санының артуы жалпы ұлттың сауығуына, спортпен кәсіби түрде айналысқысы келетіндердің санының кеңеюіне, халықаралық аренада елімізді даңқтауға әкеледі. Бұқаралық спортты дамытудың пайымы, қағидаттары мен тәсілдері 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасында көрініс табады», деп толықтырды Үкімет басшысы.
Осыған байланысты Әлихан Смайылов:
Мәдениет және спорт министрлігі Білім министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөле отырып, балаларды тегін спорт секцияларымен қамтуды; Мәдениет және спорт министрлігі Білім министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 шілдесіне дейін мұқтаж елді мекендерде спорттық инфрақұрылым салу жоспарын қабылдауды; Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық экономика, Ақпарат министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, салауатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру, сырқаттанушылықтың алдын алу жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.