Біздің халқымыз басқа өркениетті елдер секілді мәдениеті дамыған ұлт. Қазақта «би билеу» деген түсінік ежелден бар. Бізге көнеден жеткен билердің сарқыты «Буын би». Осы биді 1986 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданынан Өзбекәлі Жәнібеков алдырған екі жұмыскер ағамыз біздің ансамбльге көрсеткен еді. Оны хореограф Талант Қылышбаев жақсы біледі. Сондықтан ұлттық би өнерінің тарихын тереңірек қозғап, парасатты сөз айту үшін осы салада еңбек етіп жүрген білікті мамандардың, өнертанушы ғалымдардың ой-пікірін ұсынып отырмын.
Талант Қылышбаев,
хореограф, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі:
− Қазақтың билегенін немесе билемегенін анықтау үшін, тарихтың бізге белгілі бастауына назар аударған жөн. Қазақтың қазақ болғанға дейінгі уақытқа назар аударсақ, 1465-1466 жылдары Ұлы даланы мекендеген Дешті-Қыпшақ мемлекетінің болғаны «Игорь жасағы туралы жыр» жазбаларында анық айтылған. Бұл жырда өзара қырқысып береке таппаған Киев Русі князьдерінің тұсында қыпшақтардың үстемдігі баяндалады. Сол замандағы түркілердің «қыпшақ ойыны» болғандығы жөнінде тарихшылардан естуіміз бар. Аджар, түрік, грек, молдова, т.б. ұлттардың билерінен де кездеседі. Тіпті Бородиннің музыкасына қойылған «Половецкие пляски» биі қыпшақтардың өмірін көрсетеді. Кейін сондай деректерді жаңғырту үшін тарихшы этнограф, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастауымен «Алтынай» ән-би ансамблінде ежелгі қыпшақтардың «Алқа қотан» ойыны жаңғыртылған. Өзбекәлі ағамыздан артық этнографияны, қазақ мәдениетін оның ішінде биге қатысты дүниелерді зерттеген адам жоқ шығар. «Алқа қотан» қазақта екі мағынада түсінік береді. Біріншісі ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі болса, екіншісі қазақ ауылының қоныстану жүйесіндегі ертедегі дөңгелене қоршау құра орналасу тәртібі.
«Қазақта би болмаған» деп кесіп айтылған пікірлерге байланысты мынандай ой қозғағанды жөн көріп отырмын. Жоғарыда айтылғандай, түргеш, түрік қағанатын одан ертеректегі сақ, ғұндарға тереңдемегенде де, қазақ халқының алдында Дешті-Қыпшақ мемлекеті үстемдік құрған. Кейін қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт, қарашай болып тараған ұлттар өз билерін сақтағанда, қазақтар сақтай алмаған деген сөз логикаға да, дерек-дәйектерге де сәйкес емес. Егер би болмаса, «би» сөзі «Би күйі» деген күйді қайда жібереміз?
Қазақстанның халық әртісі, биші, балетмейстер Дәурен Әбіровтің зерттеулерінде «би» деген сөздің этимологиясына үш мағына берілген. «Би» деген дойбы ойынындағы би, биге шығып шексіз мүмкіндік алу, би болып халық арасында әділдік жолға салып басқару немесе би билеп өзіне қарату. Бұл үш мағынада да биге қатысты объектілер қарапайым емес. «Би» деген түсініктің өте ауқымды екендігі айқын білінеді. Копенгаген қаласында табылған ХІІІ-ХІV ғасырлардың тарихи әдеби жәдігерлерінің бірі (лат. Codex Cumanіcus) «Қыпшақтар сөздігінде» – «билеймін» деген сөздің көрсетілгенін Дәурен Әбіров айтып өткен.
Егер қазақтарда би болмаса жоғарыда келтірілген мысалдар, дәлелдер қайдан пайда болды?! Орхон-Енисей жазбаларында, Махмұд Қашқари, Марко Поло жазбаларында қазақтың билері туралы жазылмағанын немесе жазылғанын айта алмаймын. Бәрін біліп, зерттеу мүмкін емес. Егер ол кездері би жын-шайтанның ісі деп есептелсе, әрине жазбалардан тыс қалуы әбден мүмкін. Барлық ақпаратты білмегеннен кейін, қазақта жоқ, болмаған немесе бәрін білемін деген ой адасуға әкеп соғады. Мысалы, ХІХ ғасырда неміс шығыстанушысы, саяхатшы Клапрот Генрих Юлий «Азия. Полиглот» басылымының авторы, 1805 жылы көктемде Қазан, Пермь, Екатеринбург, Тобольск, Омск, Томск, Красноярск қалаларын аралап Иркутскіге жетіп, ол жерден түңғұс, башқұрт, якут, қырғыз, қазақ халықтарының тұрмысы мен тілдерін зерттеу үшін жасаған экскурсия кезінде салынған суреттерінің бірінде «Танцующий казахи» биі бейнеленген. Мұндай фактілер дәлел емей немене?! Қай халықтың би өнерін зерттеп қарағанда да, ең басы еліктеуден басталып, кейіннен тұрмыстық, аңшылық, т.б. одан әрі қазіргі көріп жүрген деңгейге дейін дамығандығын байқаймыз. «Тартыс», «аударыспақ», «асық ойнау» сияқты процестер, қазақ биінде әлі күнге дейін кездеседі. Мысалы, біздің заманымызда да бұл ойындар күнделікті тұрмыстан қалып барады. Сондықтан сол ойындарды, «әдет-ғұрыптарды» ұмытпау үшін би композициялары арқылы сақтап отырған дұрыс. Қазақтың соңғы 300 жылында би туралы қай жерде, қандай деректер жазылған дегенде, Шара Жиенқұловадан, ертерек билеген Жалпақбас Оразғалиев, Ысқақ Быжыбаев, Берікбол Көпенұлы (Ағашаяқ) сынды би тарихында із қалдырған адамдарды қайда жасырамыз? Арыстан ақсақалдың немесе басқа елден келген қандастарымыздың «мен алып келдім», «мен жарыққа шығардым» дегендері мүмкін ерсі естілген шығар. Бірақ ол мәдениет қазақтікі деп тұрмыстық жағдайда биленетін би деп қарастырылатын болса хореография өнерін толықтыратыны сөзсіз. Ол бидегі көрерменге дөрекі көрінетін қимылдары, өмірде кездесетін адамның қатты, шалт, ақырын, дауыстап, айқайлап айтқан сөздері болуы мүмкін. Яки би орындаушының немесе әңгіме айтушының шеберлігі десе де болады. Біз, бишілер қауымы, мемлекеттік деңгейде өтіп жатқан халықаралық мәдени іс-шараларда ұлтымыздың мәдениетімен таныстырамыз. Оның ішінде қолөнер, салт-дәстүр, көркемөнер, ән мен би.
Буын биі ішкі Қытайдан келген деген пікірге былай жауап берер едім. Ол бидің атауы да, қимылдары да Кеңес Одағы кезінде тіпті өмірінде Қытай түгілі, жарытып орыс көрмеген Нарынқол ауданының механизаторы билеп көрсеткеннен, зерттеуші О.Всеволодская-Голучкеевич жазып алған. Мақалада айтып отырған, «Қара жорға» ішіндегі би қимылдары сол механизаторлар көрсеткен, буын биінің қимылдары деп айтар едім. Әрине, көп нәрсе орындаушыға да байланысты болады. Мысалы, әңгімені майын тамызып айтатын немесе әнді өте керемет айтатын оның үстіне сөзбен айтылған өлеңге биленген биде суретшілер, ақын, жазушылар, сазгерлер өз кәсіптік көзқарасымен қарап әр маман өз ісін айтуы заңды. Мақала авторы жазушы ретінде сол әннің сөзіне сын салса орны бір бөлек, ал мәдениетке оның ішінде хореографияға, сол мамандықтың мамандары сын айтқан дұрыс шығар. Ал «Қара жорға» биін қазақстандық балетмейстрлердің қойған нұсқасы да бар. Негізінде «Қара жорға» күйінің 3-4 нұсқасы бар екені белгілі. Қазіргі кездегі сол ұлы даладан тамыры тартатын өзбек, қарақалпақ, татар, т.б. ұлттардың билері де ХХ ғасырдың басынан бастап қана, кең дами бастағанын білеміз. Егер қазақ ортаға қарап өзгермесе, неге біз қазақтар баяғы замандағыдай шапан киіп емес, сәнді тон ішіктер, атқа мініп емес, неше түрлі көлікке, түйе шанамен емес, пойыз, ұшақтармен жүреміз. Өйткені заман өзгеріп, орта дамып жатыр. Ортамен мәдениет, ғылым да дамып келеді. Интеграциясыз мұндай салалар дамымайды. Сондықтан тыңдаушыларымыз қазақта би болмаған десе, енді ортамен пайда болды деп қабылдап, егер қазақта би аз болған десе заманға, ортаға байланысты өзгерген түрі деп қабылдауға болады.
Фарида Алиева,
А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің тарихи-тұрмыстық және қазақ биінің мұғалімі, Мәдениет қайраткері:
− Мен халқымыздың салмақты, байсалды, текті деген сөздерімен келісемін. Өз басым қазақтың көркем әдеби тілін, тәрбиесін, мәдениетін, бойыма сіңіріп өскенмін. Алайда қазақ халқының би мәдениеті болмаған деген пікірге келіспеймін. Әрине, қазақ биінің дамуына көп нәрсе кедергі болды. Оның басты себебі – халқымыздың көшпелі өмір сүруінде. Дегенмен, қазақ халқында бидің болғанын өнертанушы, тарихшы, этнограф, ғалымдардың еңбектері көрсетіп отыр. Осыған қоса, бұл мәселеге көптеген орыс, Еуропа саяхатшылары да тоқталған. Қазақтың би өнері ерте заманнан қалыптасып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мұра деп сенімді түрде айта аламын.
Сералы Тлеубаев,
Шымкент саз колледжінің директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор:
− «Қара жорға» деген ол қазақтың биі емес, бірақ оның ішіндегі біраз би элементтері қазақтың биінде бар нәрсе. Ол буын биі. Бірақ соңғы жылдары Қытай қазақтары айтып жүрген «Қара жорға» әнінің сөздері тіпті санаға жат. Құлаққа түрпідей тиеді. Иә, қазақтың биіне жатқыза алмаймын. Оны сараптап, жөндеп жасауға әрине болады. Келген заттың барлығы қазақтікі екен деуіміз ол да дұрыс емес. Кезінде Шұғыла Сапарғалиқызының «Тауыс құс» биі, «Аққу» биі қазақтікі болып кеткен еді. Ол қазір сәл тоқталды ғой. Көп би байқауларында болды. Қазір байқауларда ондай билер азайып, өзімізге тән қазақтың билерінің саны артып келеді. Сол сияқты «Қара жорға» да басында бұрқ етіп шыққанымен, ол да саябырсып қалды. Ол бидің де заманы өтті. Еліміз үлкен мемлекет болғаннан кейін тек кәсіби биші, кәсіби хореографтар емес оның ішінде әуесқой хореографтардың, бишілердің болуы да заңды.
«Қазақта би жоқ» деген пікірді ойланып айту керек. Музыка бар жерде, би қатар жүреді. Әлемде бар затты қазақта жоқ деп кемсітпеу қажет. Неміс халқында екі-үш қана қимыл бар, содан қаншама би шығарып отыр. Орта Азия бойынша салыстырсақ, ең көп қол қимылы қазақ биінде! Барлық халықтан ерекше. Біз неге бар қимылдарымызды, жоққа шығаруымыз керек? Мұндай нәрселерді қою керек.
Ғайникамал Бейсенова,
ұстаз, Шара Жиенқұлованың шәкірті:
− Қазіргі кезде қазақ халқын дәстүрлі, сұлу, табиғи құбылыс ретінде сипаттайтын ерекше билеріміз дамыды. Бүкіл әлем қазір біздің қазақтың биіне таңғалады. Алғашқы би өнерінің қарлығаштары Шара Жиенқұлова, хореографтар Д.Әбіров, З.Райбаев сынды балетмейстерлердің арқасында тамаша билер дүниеге келеді. Мен қазақ халқының биге икемі жоқ деп айта алмаймын. Керісінше, өте қабілетті. Еркектер де, әйелдер де өте епті, майысып, мың бұралып тұрады. Қазақтың биі мінсіз, тамаша! Бүкіл әлем бекерге қол соқпайды. Қазақ биі – халықтың рухани байлығын, рухын көрсетеді.
Айгүл Құлбекова,
педагогика ғылымдарының докторы, өнертану профессоры:
− Қазақта би өнері болғандығы рас. Біздің «билеріміздің көбі сақталмады, неге жетпеді» деп ренжуіміз орынсыз. Себебі қазақ өз тарихында қаншама дүрбелеңді, адамзат тарихында болмаған аштықты, жұтты бастан кешірді. Бұл жұттан кейін қазақ халқының асыл азаматтары, зиялы қауым өкілдері бірінен соң бірі атылды. Тарихымыз талауға түсті. Тоналды. Өртелді. Жоғалды. Осындай жағдайда жүрген халыққа би билеп көңіл көтеру қайдан болсын? Негізі бұл бидің аты «Буын би», «Қара жорға» деген кейінгі атау.
Айгүл Тәти,
«Астана Балет» театрының балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
− «Қара жорға» – қазақтың биі. Қазақтың биі болмаған дегенді қай жақтан шығарып алып отырғанын түсінбеймін. Ол менталитетке байланысты. Қазақтың үлкен-кішіге деген бір-біріне деген сыйластығы, қарым-қатынасы соны айтқан болар. Биге «өнер» деп қарап отырған жоқ, биді қарым-қатынас құралы ретінде қарап отыр. Мәселе – көзқараста. Мысалы, біз домбыра күйлеріне аса құрметпен қараймыз. Өнер деп қараймыз. Тойда танымал болған «Қара жорға» әнінің сөзіне мен де көңілім толмай ренжігенмін. Не себепті әжелеріміз кеңкілдеп, аталарымыз селкілдеп жүр деп. Оның үстіне бір-біріне төніп билеген не сұмдық деген пікірде болғаным рас. Бірақ бұл қазақта би болған жоқ деген сөз емес.
Тойған Ізім,
профессор, Қазақ ұлттық биінің ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі:
− Біз – жай ғана қазақ биін билеп, өмірімізді соған арнап, қазақ биінен сабақ беріп жүрген адамдар емеспіз, сонымен қатар солардың барлығын зерттеп жүрген ғалымдармыз. Марко Поло жүріп өткен жерлерде, я болмаса, Н.Савичевтің Құрманғазының үйінде биді суреттейтін, оның бергі жағында 1934 жылы Алматыда өткен Бүкіл қазақстандық халық өнерпаздарының 1-ші слетіне қатысып, ел арасындағы бишілер туралы жазған Қанабек Байсейтовтің деректері, тарихшы, этнограф, би өнерінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектері, Мұхтар Әуезовтің айтқаны бар. Жалпы, қазақта би болмаған дегенге еш келіспеймін. Би дегеніміз не? Би дегеніміз – дене қимылы. Сонда басқа халықтың денесі қимылдай алады, ал қазақтың денесі қимылдамай ма? Адам болғаннан кейін, би алғаш «ап» деп «ым-ишараттан» туған дүние. Ал маған енді қазақ «ым-ишаратпен» сөйлеспеген деп көріңіз. Киіз басуды би қылып сахнаға шығарып жүрміз. Қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүрген қойшының қызымын. Қолдағы бар дүние қолдағы қойдың жүнін іске асыру болды. Сондықтан киіз басылып, текемет басып, киіздің үстіне ою салып, «сырмақ» деп атап іліп қоятын. Киізді жалғыз адам баса алмайды. Көршілеріміз, ағайын-туыстар бар, қыздар бар, үлкен апаларымыз басқарып, қолының күші бар қыз-келіншектерге басқызып дүние қылған. Сол текеметтер аяқтың астында бәленбай жыл жатқанда жыртылмайтын, казіргі кілемнен де мықты болған. Ол киіз басу кезінде сол үйдің иесі дастарқанын жайып, еңбек етіп жатқан қыз-келіншектердің алдына ас қойып, әндерін айтып, жүндерін сабап, білектегенде, дене қалай қозғалды? Соның барлығы – дене қимылы. Ал той-томалақта секеңдемеген екен деп қазақта би болмаған дегенге келісе алмаймын. Қазақтың әр қимылы биге бергісіз болған.
Таңертең тұрғанда үйде ең үлкен адам болса, келін алдынан кесіп өтпеген. Күтіп тұрып, сәлемін жасап, үлкен кісіні өткізіп жіберіп барып өткен. Қазір бізде қазақ биін оқыту барысында «сәлем», «тәжім» деген түсініктер бар. Қазір кез келген адам қазақта би бар, би жоқ деп араласа беретін болыпты. Неге күй тартатын, өлең айтатын, ән шығаратын қазақтың денесі қимылдамай қатып қалған деп ойлайды кейбіреулер? «Қара жорға» деп аталған әнге биленіп жүрген би туралы айтылғалы, 15-20 жыл болып қалған шығар. Ол билерді біз де қоштаған жоқпыз. Оны мен радиодан да, теледидардан да талай айтқанмын.
Түйін: Иә, пікір алуандығы, сын деген қашанда керек. Әсіресе, өнер адамдарына ауадай қажет. Бірақ қазақ өнерінен «би» жанрын мүлдем алып тастаған қалай болар екен? Мен бұл мақаланы жазу үшін арнайы мамандардың пікірін, көзқарасын білдім. Сөйтсем, менің түйсігім алдамапты. Барлық кәсіби би өнерінде жүрген мамандардың көзқарасы бір жерге тоғысып отыр. Би – қозғалыс. Мәңгілік қозғалыс. Қарапайым қимылдан бастап, еңбек еткен әр адамның, аңшылар мен жауынгерлердің, сұлу қыздардың әсем жүрісі мен табиғаттағы әсем құбылыстардың барлығы да қимыл-қозғалыс ретінде ғасырдан-ғасырға жалғасып, көркемдік деңгейге көтерілген кезі. Би – тіршіліктегі әр құбылыстың көркемдік деңгейге көтерілген сәті. Сондықтан «жоқты» айтпастан бұрын өткенімізге салауат айтып, бар еңбекті жоққа шығармайық.
Еркебұлан АҒЫМБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының директоры