• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Сәуір, 2022

Миллион доллар жинау мүмкіндігі

345 рет
көрсетілді

Қазір көбіміз қанша ақша жинаға­нымызды айлық көрсеткішпен есептей­міз. Көп жағдайда солай. Ұзақ мерзімде стратегия құрып, жиған-тергенін жобалап, жұмсаған, қосқан ақшасын саралап жүретін жандар да бар. Егер осы айтқандай ықтиятты болған күннің өзінде ғұмыр бойы қанша табыс тапқанын есептеп көргендер бар ма екен?

Жақында Picodi.com сарапшылары қызық талдау жүргізіп, онда әр елдегі азаматтардың 1 млн долларды қанша жыл жұмыс істеп таба алатынын зерттеп көріпті. Әрине, зерттеу барысында олар әр елдегі орташа айлық жалақыны негізге алған. Рейтингке 102 ел кірген. Ішінде Қазақстан да бар. Біздің елдің тұрғындары миллион доллар жию үшін 245 жылдан астам өмір сүру керек екен. Ал осыншама қыруар қаржыны ең қысқа мерзімде жинай алуға қабілетті ел – Швейцария: 13 жыл, 4 ай. Екінші орында 20 жыл, 1 аймен Аустралия орналасса, үздік үштікті 20 жыл, 2 аймен Сингапур түйіндейді. Сонымен қатар бестік қатарында Люксембург (20 жыл, 4 ай) пен АҚШ та (23 жыл, 1 ай) бар.

245 жас, 11 аймен Қазақстан 87-позицияда тұр. Бізге көршілес елдер ішінен Ресей (191 жыл, 9 ай), Армения (215 жыл, 4 ай) және Грузия (230 жыл, 2 ай) бізден жоғары орналасса, Әзербайжан (257 жыл, 1 ай) мен Өзбекстанның (318 жыл, 4 ай) мүмкіндігі Қазақстаннан төмен болып шықты. Ал Пәкістан, Нигерия, Уганда елінің азаматтарына миллион доллар табу үшін 400 жылдан астам уақыт қажет екен.

Зерттеушілер міндетті жарналар мен салықтарды есептемегендегі орташа айлық жалақы көлемін numbeo.com-нан алған. Аталған ресурста біздегі орташа айлық жалақы мөлшері 174 968,29 теңге деп көрсетілген. Бірінші орындағы Швейцариядағы орташа айлық жалақы 2 956 110,32 теңгеге тең. Қанша есе жоғары екенін айтпай-ақ қояйық. Әлемдегі 32-территория, 9 млн-ға жетер-жетпес халқы бар, теңізге шығар жолы жоқ (тап біз сияқты), табиғи байлық дегеннен ада, бірақ ауыл шаруашылығын дамыту арқылы жаһанның бәсекеге қабілетті үздік 10 экономикасының қатарына кіріп отырған, 50,1 млрд доллардың өнімін импорттап, алайда өзі 303,886 млрд доллардың тауарын экспортқа шығарып отырған (2018 жылғы дерек) Швейцария бізге қай тұрғыдан да үлгі болуға лайық ел. Бажайлап қарар болсақ, мүмкіндігіміз бен байлығымыз Альпі етегіндегі елді он емес-ау, жүз орап алар, бірақ мол мүмкіндік пен есіл байлықтың есебі көрінбейді, халықтың байлығы халыққа бұйыр­майды. Мұндайда, әрине, миллион доллар жинау туралы әңгіме айтудың өзі күйінішті.