• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2010

БРИТАНИЯДА ӨТКЕН ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН НӘТИЖЕЛЕРІ

1569 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы  Әділ Ахметов биылғы мамырдың бірінші аптасында  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы  Парламенттік Ассамблеясының   төрағасы Ж.Соареш тағайындаған парламентаралық байқаушылар құрамында бұрын өзі елші болған Британияда өткен кезекті парламент сайлауының барысымен танысып қайтқан  болатын. Төменде сенатордың   аталмыш сайлаудан ойға түйгендері мен көкейге тоқығандарын  оқырман назарына ұсынып отырмыз. Ең алдымен Британия Парла­менті­нің Қауымдар және Лордтар палатасынан тұратынын еске сала отырып, оның Еуропадағы ең ірі парламент екенін атап өткен жөн. Себебі, Лордтар палатасының бір өзі 740 адамнан тұрады. Лорд­тар­дың басым көпшілігін өмірлік мер­зімге Королева тағайындайды. Ал қалған орындар ескіден келе жатқан дәстүр бойынша, лауазымдары ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын пэрлердің еншісінде қалады. Демек, Британияның парламент сайлауын­да тек Қауымдар палатасының 650 депутаты ғана қайта сайланады, ал жаңа үкіметтің премьер-министрі болып, әдет­те, сайлауда басымдықпен (326-дан кем емес) жеңген саяси партияның жетекшісі тағайын­далады. Үкімет құрамы да басымдықпен жеңіс­ке жеткен саяси партияның депутаттарынан сұрыпталады немесе коалициялық үкімет билікке келеді. Жуықта өткен кезекті парламент сайлауы осы елдегі негізгі үш саяси партия арасындағы билік үшін таластың шарықтау шегіне жеткенін анық байқатты. Мәселен, кейінгі 13 жыл бойы үкімет билігінің тізгінін уысынан шығармай келген Лейбористік партия өз мандатын бұл жолы тағы да бес жылға ұзартып алуға тыры­сып бақса, дәл соншама жыл бойы көлеңке үкіметтің тізгінін ғана місе тұтып, кейінгі екі сайлауда қатарынан екі рет жеңіліске ұшырап, оппозицияда жүрген Консервативтік партия 2005 жылдан бері лейбористік үкіметтің басқан ізін аңдып, олардың ел басқаруда жіберген кемшіліктері мен олқылықтарын қалт жібер­мей, жіпке тізіп келген. Биылғы сайлауға олар тастүйін болып даярланып, қайткенде де қарсыластарына жіберген бұрынғы еселерін қайтарып алуға белдерін бекем буған болатын. Бұл, әсіресе, торилердің (консерваторлардың екінші атауы – Ә.А.) көшбасшысы Д.Кэмерон мырзаның сайлау алдындағы белсенді қимы­лынан өте анық байқалды. Консерваторлар үшін бұл, әрине, ең қолайлы сәт болды. Өйт­кені, осыған дейін консерваторлар билік құрып келген Британияның қаржы-экономикалық жағдайы мүлде мәз емес. Мәселен, елдің бюд­жет тапшы­лығы 163 миллиард фунт стерлингке жетіп, Ұлттық ішкі өнімнің 12 пайызына теңеліп тұр. Кейбір сарапшылардың топшылауынша, бұл елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық және фискалдық жағдайды тез тұрақсыз­дан­дырып, Грекиядағы секілді ушықтырып жіберуі де мүмкін. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық демекші, кейінгі кезде Лейбористік партияның өткен сайлауда жеңіске жеткен бір топ депутат­тарының көпе-көрнеу коррупциялық әрекет­терге барып, бюджет қаражатын жымқырып, жеке бастарының пайдасы үшін талан-таражға салғандары ашылып отыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқанын ел ішіндегі ақпарат көздері қазір жарыса жазып жатыр. Әзірге лейбористердің басына үйірілген бұл қара бұлт сейіле қояды деу қиын. Сосын, кезінде жаппай қырып-жоятын қару-жарағы бар деген желеумен бұрынғы премьер-министр Тони Блэр мен оның қаржы министрі болған Гордон Браунның Ирактағы соғысты негізсіз қолдап, әскер аттандырғаны және әлгі әскердің біразының шығынға ұшырағаны британдық сайлаушылардың жадынан әлі шыға қоймағаны анық. Бұл аз болғандай, сайлау алдында негізгі үш саяси партия жетекшілерінің арасында үш дүркін өткізілген телесайыстарда лейбористік премьер-министр Гордон Браун өзінің билік лауазымына сәйкес көсемдік пен шешендіктің биік үлгісін таныта алмады. Керісінше, Г.Браун өзінен әлдеқайда жас әрі қайратты да қарымды бәсекелестері – Консервативтік партияның көш­басшысы Д.Кэмерон мен Либерал-демо­кратиялық партияның жетекшісі Н.Клеггтен айқын басымдықпен ұтылып қалды. Айтпақшы Гордон Браун сайлаушылармен өткізген бір кездесудің соңында тағы бір ұятқа қалды. Омырауындағы микрофонның әлі өш­пей тұрғанын білмей, өзіне иммигранттар жөнінде сұрақ қойып, ақыл айтқан алпыстың мол ішіндегі әйелді жақтырмай қалғанын сездіріп қойды. Көмекшісіне: “Мына әйел аузына не келсе, соны көкиді екен”, дегені аузы­нан шыққан бойда эфирге тарап кетті. “Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” немесе “Басқа пәле тілден” деген нақыл сөздердің өмірдегі көрінісі осы болар, сірә. Сонымен, 2005 жылы өткен парламент сай­лауында бәсекелестерін үлкен басымдықпен ұтып, парламенттегі 646 орынның 355-іне қол жеткізіп, үкімет басына келген Лейбористік партия бұл сайлауда өз жолын өзі кесіп, парламенттегі 650 (өткен сайлаудан бері жаңа төрт округтің пайда болуына байланысты) орынның 258-іне ғана ие болып, екінші орынды місе тұтуға мәжбүр болды. Керісінше, жоғарыда аталған телесайыс­тарда Д.Кэмерон мен Н.Клегг экраннан өте жи­нақы да ширақ сөйлеп, сүйкімді де сымбат­ты келбеттері­мен сайлаушылардың көңілдерін жаулап алған бо­латын. Тіпті сайлау алдында өткізілген телесайыс­тар бәсекелес саясаткер­лер­дің кейбіреуіне көбірек дауыс жинауға тіке­лей әсер етсе, енді біреулерінің күтпеген жер­ден өз сайлаушыларының сенімі мен қол­дауы­нан айырылып, нысанаға алған мақсаттарына жете алмай қалуына себеп болды. Мәселен, либерал-демократтардың жетекшісі Н.Клегг алғашқы телесайыста парасаттылығымен таны­лып, күтпеген жерден бірінші орынды иеленіп кеткен болатын. Міне, енді осы факторлардың бәрі жинала келіп, парламент сай­лауы­ның додасына түс­кен саяси партиялардың ұпай қоржындарына қа­лай әсер еткенін бағам­дап көрелік. Мұны тө­менде келтіріліп отырған деректерді тереңірек ба­жай­лаған адамның бір­ден байқайтынына сенім мол. Мәселен, сайлау ал­дындағы телесайыс Ұлы­британия парламентінің сайлауы тарихын­да бі­рін­ші рет қолданылған технология болды. Бұл әдіс тек осы жылы ғана іске қосылды. Сірә, ақпарат құралдарының британдық сайлау аме­ри­калық сайлауларға ұқсап барады деп жамырай жазғаны да осыдан болса керек. Сонымен қатар, біздерге, яғни ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассам­блея­сы байқаушыларына британдық парламент сайлауына түсіп жатқан саясаткерлер бұл жолы тек америкалық си­пат­тағы телесайыстармен ғана шектеліп қалмай, АҚШ-тан сайлау техно­ло­гиясының майын іш­кен небір білікті маман­дар­ды да алдырып, олар­дың ақыл-кеңестерін де барынша пайдаланғаны белгілі болды. Мәселен, консерватор Гордон Браунның Шот­ландия шіркеуі қызметкерінің отбасында дүниеге келіп, Эдинбург университетін бітіргені немесе оның студент кезінде солшыл бағытта­ғы жастардың жетекшісі болғаны, сол көзінің ақаулығы, соңғы кезде англикандық шіркеуден ка­толиктер шіркеуіне ойысқаны, ал консерва­тор­лардың көшбасшысы Д.Кэмеронның ақсүйек­тік тегінің тым әріден – Король Уильям ІV-тен бастау алатыны немесе оның элитарлық Итон университетінде білім алғаны және Кэмерондар әулетінің дәулеті таза британдық бизнестен сомдалғаны, ал Д.Кэмерон тым еуро­па­шыл деп, қатты сынға алған либерал-демо­крат Н.Клеггтің британдық ақсүйектер емес, керісінше, оның әжесінің Англияға кезінде құр­лықтағы Еуропадан келіп қоныстанған белорус отбасынан шыққан баронесса екені, сол сияқты Н.Клеггтің анасының даниялық, өз жұбайының испандық екені, тіпті өзінің біраз жыл бұрын Еуропарламенттің депутаты болғаны және бес тілде сөйлейтіні жіпке тізіліпті. Бір қарағанда, мұнда тұрған не бар деп те ойлауға болады, әрине. Бірақ парламент сайлауы сияқты не бел кететін немесе белдік ке­тетін ұлттық деңгейдегі додада саяси техно­логтардың бірде-бір сөзді ақпарат құралдарына жайдан-жай жібере салмайтыны бесенеден белгілі. Ал, түптеп келгенде, жоғарыда біздер қою курсивпен арнайы беріп отырған анық­тамалар сайлаушылардың санасына әдейі шоқ тастау үшін және солай ету арқылы бәсекелес партияларды ұзақ жылдар бойы қолдап келген тұрақты сайлаушылардың көкейіне күдік ұялатып, олардың белгілі бір бөлігін, я болмаса сайлау алдында әлі шешім қабылдап үлгерме­ген, қай партияның өкіліне дауыс берерін білмей, дал болып жүргендерді өз партиясының сойылын соқтыру үшін жырып әкетуге бағыт­талған өте нәзік те жатыпатар технолгиялық айла екенін байқамау мүмкін емес. Британдық парламент сайлауының амери­калық сайлауға ұқсайтын тағы бір тұсы мынау: АҚШ-та 2008 жылы күзде өткен президенттік сайлауда Барак Обамаға Американың ең биік тағын оп-оңай алып берген әрі сайлаушы­лардың басым көпшілігін, әсіресе, жастарды Обаманы қолдауға елітіп әкеткен “Америкаға өзгеріс керек” деген үндеуді британдық техно­лог­тар да жадына бек түйіп алған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, сайлаушылардың санасын сапыратын әлгі тіркестің “Британияға өзгеріс керек” деген нұсқасын парламент сайлауының қарсаңында, әсіресе, Либерал-демократиялық партияның жетекшісі Н.Клегг жиірек пай­даланды. Мұны байқап қалған консерваторлар мен лейбористердің саяси технологтары әлгі үндеуді жарыса пайдалана бастады. Өйткені, бұл үндеудің сайлаушылардың құлағына жылы тиетінін олар да жақсы түсінді. Ел құлағын елең еткізген бұл фраза көздеген нысанасына дәл тиді десек, шындықтан алыс кетпейміз. Себебі, өткен сайлауларда салғырттыққа салынып келген британдықтар бұл жолы елдің барлық аймақтарында бұрын-соңды болмаған белсенділік танытты. Сайлау жасын­дағы азаматтардың шамамен 65 пайызы дауыс беретін орталықтарға лек-легімен ағылып кел­гендіктен, кезекке тұрған сайлаушылардың қа­ра­сы тез көбейіп, тізбегі ұзарып кетті. Бірақ пар­ламент қабылдаған сайлау туралы заң бой­ынша, бүкіл ел аумағында дауыс беретін орын­дардың бәрі бірдей түнгі сағат 10-да жабылып қалды. Соның салдарынан жүздеген сайлау­шылар дауыс беруге мүмкіндік ала алмай, реніштерін білдіріп, келген іздерімен еріксіз кері қайтуға мәжбүр болды. Мұның ең басты себебі сайлаудың жексенбіде емес, керісінше, ежелден бері дәстүрге айналып кеткен бей­сен­біде, яғни жұмыс күнінде өтетіндігінде жатыр. Осы жерде айта кету керек, ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясы атынан Әзірбайжан, Гру­зия, Италия, Қазақстан, Ресей және Тәжік­станнан келген депутат-байқаушылар екі топқа бөлініп, бірі Манчестер қаласындағы сайлау барысын байқауға аттанса, екінші топ Лондон қаласының аудандарында өткен сайлау үдерісін байқады. Мен соңғы топта болдым. Сайлаудың ертесіне 7 мамырда екі топ та Лондонда қайта кездесіп, көрген-түйгендерін ортаға салды. Пікір алмасу барысында парламентаралық байқаушылар бірауыздан мыналарды атап өтті: сайлау үдерісі елде қалыптасқан заң шеңбе­рінде, еркін атмосферада өтті; елдің өте мықты да­мыған ақпарат құралдары (айтулы ірі газет­тері мен Би-би-си секілді алпауыт теле және ра­дио арналары) бүкіл ел аумағында өтіп жат­қан сайлау барысын толассыз баяндап тұрды; ақпарат технологиялары жақсы дамыған ел емес пе, көрнекілік пен ашықтық айқын се­зілді; әккі журналистер мен сардар саясат­керлердің терең де мазмұнды сараптамалық материалдары лек-легімен, кезек-кезегімен оқырманға да, көрерменге де, тыңдарманға да жетіп жатты; көзге түскен тағы бір дүние – сайлау аяқталған кезде сайлаушылардың дауыс берген бюллетеньдері тоғытылған жәшіктердің бірде-біреуі сайлау стансаларында ашылмай, тура сол қалпында, бірден қалалық кеңестің ғимаратында орналасқан Орталық сайлау комиссиясына жеткізіліп, тек сол жерде ғана саналатындығы; және бір көзге түскен нәрсе – егер сайлаушылар белгілі бір себептермен дауыс беретін орындарға келе алмайтын болса, не пошта арқылы немесе біреуге сенімхат беру арқылы дауыс бере алатындығы; тағы бір дәстүрлі үрдіс – қандай сайлау болса да, оның жоғарыда атап өткендей, тек қана аптаның бейсенбі күні өткізілетіндігі. Қысқа қайырып айтар болсақ, Ұлыбри­таниядағы парламент сайлауы өте жоғары деңгейде өтті. Тәртіп бұзу немесе алдау атымен жоқ. Бәрі де сенімге, тазалыққа негізделген. Олай болмайтын жөні де жоқ сияқты. Себебі, бұл елдің қалыптастырған өркениеті де, пар­ла­менті мен саяси партияларының тарихы да, ел ішінде ғасырлар бойы қалыптасқан демо­кратиялық сайлау мәдениеті мен дәстүрі де соншалықты терең. Мәселен, орта ғасырдың өзінде-ақ Британия аралдарындағы Англия, Шотландия және Ирландия корольдіктерінің жеке-жеке парламенті болған. 1707 жылы алдыңғы екеуі бірігіп, Ұлыбритания парла­мен­тін құрса, 1800 жылы бұған Ирландия парла­мен­ті қосылып, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі өмірге келген. Британияның ең ірі әрі жасы үлкен саяси партиясы – Консервативтік партия. Ол 1670 жылдан бастау алады. Бұл партияның көшбасшылары кезінде үкімет билігін ұстаған Невилл Чемберлен, Уинстон Черчиль, Энтони Иден, Гарольд Макмилан немесе 1979 жылдан бастап, он жыл бойы Біріккен Корольдікті дүрілдетіп билеген “Темір ханым” Маргарет Тэтчерді бұл күнде бүкіл әлем мойындайды. Партияның қазіргі жетекшісі – Дэвид Кэмерон 44 жаста. Оны ірі бизнес пен алпауыт ақпарат құралдарының өкілдері қолдайтыны айқын байқалады. Партияның қаржылық жағдайының басқалардан мықтырақ болуының себебі де осында жатқан сияқты. Лейбористік партия да жас емес, 1900 жылы құрылған. Бұл партия кейінгі он үш жыл бойы ел билігін қолында ұстап келді. Партияның ең мықты басшыларының бірі – Тони Блэр болатын. Ол 1997-2007 жылдар арасында он жыл бойы ел билігінде болып, оның орнын сон­шама жыл қаржы министрі болған пар­тиялас әріптесі Гордон Браун алмастырған болатын. Үшінші орындағы Либерал-демократиялық партия алдыңғылардан әлдеқайда жас. Ол 1988 жылы құрылған. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл партия кейінгі жылдарда жас болса да бас болуға лайық әрекет жасап, абы­ройы өсіп отырған сияқты. Партия көшбас­шысы – 43 жастағы Ник Клегг. Белгілі саясат­керлер мен сарапшылардың топшылауынша, ол келешегінен көп үміт күттіретін салмақты да салиқалы саясаткер деген бағаға ие болып жүр. Мұның сыртында аймақтық деңгейдегі он беске тарта ұсақ партиялар бар. Бірақ олардың ұлттық парламенттегі үлес салмағы өте аз. Сондықтан жалпы ұлттық заңдар мен үлкен шешімдерге қатысты олардан сайланған бірді-екілі депутаттың пікірі айтылып, үндері естілгенімен, соңғы шешімді қабылдауға олардың тигізетін әсері жоқтың қасы. Сонымен, үстіміздегі жылы Британияда өткен парламент сайлауы межесіне жетіп тоқтады. Бірақ бұл сайлауда көбірек дауысқа (307) Консервативтік партия ие болса да, Үкімет пен Парламент тізгінін жеке-дара қолға алып, билік жүргізуге басымдық беретін, ең кем дегенде, 326 депутаттық мандатты ием­денуге шамасы жетпей қалды. Демек, қазіргі парламент орнықсыз сипатқа ие болып отыр. Сондықтан толық билік жүргізу үшін 19 де­путаттық мандаты кем болып отырған Консер­вативтік партияның не биылғы парламент сайлауында 258 депутаттық орынға ие болған лейбористермен немесе 57 мандатқа ие болған либерал-демократтармен, я болмаса қалған 27 орынды бөлісіп алған ұсақ партиялармен бірі­гіп, коалициялық үкімет құруына тура келеді. Ал егер әлгілердің ешқайсысымен билік бөліс­пей, тек Консервативтік партияның депутат­тарынан ғана тұратын үкімет құрылатын болса, онда ондай үкімет те, жаңа сайланған парла­мент те табанының бүрі жоқ, орнықсыз болып шығады да, көп ұзамай, жаңа сайлаудың бо­луы­на әкеліп соқтырады. Мұны Д.Кэмерон да, Гордон Браун да, Ник Клегг те өте жақсы тү­сінеді. Демек, Д.Кэмеронға басқа партиялар­дың жетекшілерімен тезірек келіссөз жүргізіп, портфель бөлісуден, яғни өз партиясына қолайсыздау болса да, еріксіз компромиске ба­ру­дан басқа амал жоқ. Қазір ондай келіссөздер басталып та кетті. Болашақ үкіметтің порт­фельдерін Консервативтік партия кімдермен бөлісетінін біздер жуық арада білетін боламыз. Бірақ қазір бір шындықтың басы ашық. Ол – билікке қандай үкімет келсе де, әлгі үкімет ел ішінде қордаланып қалған саяси, эконо­микалық, фискалдық және әлеуметтік мәселе­лерді тез шешпесе, онда континенталдық Еуропадағы Грекия, Испания және Португалия мемлекеттерінің басына төніп тұрған қауіптің Британияның Біріккен Корольдігінде де қайталануы әбден мүмкін. Әлемдегі ең беделді газеттердің бірі – “Fіnan­cіal Tіmes” жасаған сараптамаға құлақ түрсек, дәл қазіргідей өте қауіпті экономи­калық және қаржылық дағдарысқа Британия мемлекеті 1979 жылы тап болған екен. Бірақ ол кезде билік тізгіні Консервативтік саяси партияның ең атақты да айбарлы өкілі және өзінің саяси ғұмырында еш қиындықтан тайсалып көрмеген батыр да батыл, әрі тарихта “тэтчеризм” деген айшықты із қалдырған, ал бұл күнде Британияның Ұлттық Парламентінің Жоғарғы палатасындағы Королева Елизавета ІІ-нің өмірлік мерзімге тағайындаған лордтар мен пэрлердің ортасында отырған Маргарет Тэтчер ханымның қолында болатын. “Темір ханым” жасаған тарихи да айбынды ерлікті қазіргі билік тізгінін ұстайын деп отырған Дэвид Кэмерон қайталай ала ма, жоқ па, мұны алдағы жылдар көрсететін болады. Әділ АХМЕТОВ, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы.