• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2022

«Көкек» әйел мұхит асыпты...

342 рет
көрсетілді

Бұрын Петропавл қаласының тұрғыны болған Қазақстан азаматы болып есептелетін Людмила Борщева (есімі өзгертілген) деген 40 жастағы әйел 12 жастағы ұлы мен күйеуін тастап, Ресейге кетіп қалады. Аналық сезімін жоғалтқан «көкек» әйелге шырылдап қалған естияр баласын тастау еш қиындық тудырмаған.

Петропавлдың соты кәмелетке тол­ма­ған баласы үшін әйелден алимент өндіру туралы шешім шығарады. Бірақ сот шешімі қолына тисе де, туған баласына жаны ашымаған «көкек» әйел алимент төлеуді ойына да алмай, Ресейдің Түмен қаласында басқа бір еркекпен тұрып жатады. Бірақ қазақстандық сот ше­шімін орындатушылар да оның қыр-соңынан қалмайды. Алайда әйел ізін жоғалтып, Түмен қаласынан (Ресей) көшіп кетеді.

Нау­рыздың 28 мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері борышкерлерді, алименттен жалтарушыларды және туыстық бай­ланыстарын үзгендерді іздестіру бойынша акция өткізген болатын. Акция барысында 40 жастағы «көкек» әйелдің АҚШ-қа қоныс аударғаны белгілі болып, Америкадағы мекен-жайы анықталды. Енді сот орындаушысы АҚШ-тың құқық қорғау органдары арқылы алиментті өндіріп алатын шығар деген үміт бар. Бұл оқиға қазіргі заманда тіпті басқа мемлекетке қашудың өзі соттың құрығынан құтқармайтынын көрсетті.

Аталған акция барысында облыс полицейлері барлығы 75 іс бойынша борышкерлерді іздестірген. Оның жартысы дерлік балаларды қараусыз қалдырған ата-аналармен байланысты. «Жалпы, акцияның алғашқы күнінде іздеуде жүрген 14 адам анықталды. Оның 4-уі борышкер, 7-уі алимент төлемеуші және туыстық байланыс­тарын жоғалтқан 3 адам. Олардың бесеуі облыс аумағынан тыс жерде анықталды, екеуі алыс шетелде екені белгілі болды. Арақашықтық жұмысты қиындата тү­се­ді, бірақ бағындырылмайтын ке­дергі жоқ. Іздеу жұмысы ұдайы негіз­де жалғасатын болады. Жыл басынан көші-қон қызметінің барлық үш бағыты бо­йынша 93 адам есепте тұрған, қазіргі уақытта 43 адамның жүрген жері анықталды», дейді Полиция депар­та­мен­ті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы, по­лиция подполковнигі Ермек Нұсырбаев.

 

Солтүстік Қазақстан облысы