Қаңтар айындағы қақтығыс кезінде қаза тапқан Шекара академиясының үш курсантының отбасына тұрғын үй беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қаңтардың қайғылы күндерінде Шекара академиясының курсанттары Алматы қаласы әкімдігінің және басқа да стратегиялық объектілердің қорғанысына қатысты. Алматыда бес шекарашы қаза тапты. Олардың ішінде Мейірхан Бітім, Әділхан Жайық және Дәулет Жұпарбеков те бар. Мейірхан мен Дәулет небәрі 19 жаста болған, Жайық 22 жаста еді. ҚР Президентінің Жарлығымен олар үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды», деді депутат Юлия Кучинская Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, заң бойынша оларға 500 АЕК (шамамен 1,5 теңге) мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы беріледі.
Сондай-ақ депутат Кучинская Премьер-Министрдің орынбасарынан қаза тапқан курсанттардың отбасына пәтер беру туралы ұсыныс айтылғанын және ол мәселе бүгінде қалай шешіліп жатқанын сұрады.
Ералы Тоғжанов бұл мәселенің Үкіметтің ерекше бақылауында екенін айтты.