Желіде «Сати» инклюзивті балабақшасында ерекше білім беруді қажет ететін балаға дөрекілік көрсеткен тәрбиешінің видеосы жарияланды. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Instagram-да жарияланған хабарламаның сипаттамасында тұрақты зәбір көрсетушілік, балаларға айқайлау, соның ішінде дөрекі сөздер қолдану, дұрыс тамақтандырмау және бала күтіміне қатысты басқа да шағымдар туралы жазылған.
«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті зорлық-зомбылық фактісі бойынша балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу басталды», делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар елордалық білім басқармасы прокуратура мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне балабақшаның білім беру қызметіне тексеру жүргізу туралы хат жолдаған.
Қазіргі жағдай Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында.
Басқарманың мәліметінше, балабақша мемлекеттік тапсырыс орналастырылмаған жеке ұйым болып табылады. Мектепке дейінгі ұйымның әкімшілігі білім беру органдарына өз қызметінің басталғаны туралы хабарлама жібермеген. Қазіргі уақытта балабақшада 12 адам жұмыс істеп, 60-тан астам бала тәрбиеленгені белгілі болды.